Спорт

Бір пенальти, екі «қызыл қағаз» және хет-трик

Премьер-Лига

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:5

8-9 мамыр күндері 10-турдың кездесулері өтті. Бұл турда бір ғана ірі есеп нәтижесі тіркелді.

Алматыда «Шахтерді» қабылдаған «Қайрат» жеңіп жатып, қосымша уақытта, 94+4 минутта өз футболшысының автоголы салдарынан тең есеппен қанағаттануға мәжбүр болды. Алматылық команда өткен турда «Қызылжар СК» командасымен кездесуде де тең ойынды (1:1) қанағат тұтқан еді.

«Каспийдің» Шымкентте «Ордабасы» командасымен тең ойнауын кәдімгідей жетістік ретінде атап өткен жөн. Ал өткен турда осында, өз алаңында «Тұраннан» жеңілген (0:1) «Ордабасы» үшін бұл нәтиже, әрине, қынжыларлық жағдай.

«Ақжайықтың» сырт алаңда, Қызылордада «Қайсарды» 1:0 есебімен ұтып кетуі оралдықтардың бұл кездесуде де ерік-жігері мықты болғанын аңғартты. Еске сала кетсек, оралдықтар өткен турда жеңіс голын 86-минутта соққан болатын (3:2).

«Тобыл» Қостанайда «Атыраудың» қақпасына екі голды 80,93-минуттарда ғана соқты.

«Тұранның» бесінші орында келе жатқан «Қызылжар СК» командасын жеңуін де жанкүйерлер ерекше оқиға ретінде қабылдады.

«Астана» сырт алаңда «Таразды» 1:0 есебімен ұтып, көшбасшылық тұғырын одан әрі нықтай түсті.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездесті.

Және ойынның алғашқы минуттарының бірінде қақпамызға гол жіберіп алдық, оған қоса бір футболшымыз (Армен Манучарян) алаңнан қуылды. Ал бұлай болуы кездесу төрешілерінің қателігі еді. Рас, Манучарян допқа талас кезінде қаттырақ қимыл жасады, бірақ қарсылас команданың футболшысының гол соғуына жағдай жасап, сыпайылық көрсетіп тұра беруі және ақылға сыйымсыз болар еді ғой. Жарайды, қарағандылық бас төреші Артем Кучин солай шешім қабылдаған екен. Көндік. Ал гол ше?.. Он бір метрлік нүктеден Артем Дмитриев орындаған соққыны қақпашымыз Жасұр Нарзиқұлов шалт қимылдап, кері қайтарды. Ал сол күйі алаңның сыртына шығып кеткен допты жетісулық футболшы Илья Колпачук түк болмағандай айып алаңына қайыра теуіп, оны Равиль Атыхановтың баспен соғып қақпаға енгізуі, ең бастысы, мұның гол есебінде есепке алынуы нағыз әділетсіздік болды — 1:0.

Сірә, ойда жоқта олжа бола қалған шапшаң гол алаң иелерінің қырағылығын әлсіретіп жіберсе керек. «Ақтөбенің» кезекті шабуылы кезінде, 10-минутта допты қақшып түскен жетісулық қақпашы Андрей Шабанов әріптестерін сол бойда қарымта қимылға шақырғысы келген болса керек, ілгері жүгіре түсіп, допты алаңның ортасына қарай лақтырды. Бірақ доп оның әріптестеріне емес, тура Юрий Перцухтың алдына келіп түсті де, ақтөбелік футболшы еш ойланбастан қақырата қайыра тепті. Андрей Шабанов  қақпасына жетіп үлгере алмады, жібек тор бүлк ете түсті. Осылайша азшылықта жүрген «Ақтөбе» есепті дереу теңестірді — 1:1.

Ал 28-минутта екінші рет «сары қағаз» алған жетісулық қорғаушы Филип Иполе алаңнан қуылды. Жалпы, кездесу бойына үнемі тәртіпсіздіктің орын алуы, сірә, бас төрешінің бастапқы қате шешімінің  жалғасып кеткен нәтижесі секілді көрінді.

Ойынның алғашқы жарты сағаты аяқталар тұста «Ақтөбе» кезекті шабуылға көшті де, оң қанаттан дүркірей алға ұмтылды. Осы шақта шапшаң ілгері шығып кеткен Әділхан Таңжарықов айып алаңына әуелете тамаша пас тастады да, бірнеше футболшының арасынан созыла көтерілген шабуылшымыз Игорь Сергеев баспен жойқын соққы жасады, қақпашы ауа қармап қалды — 1:2.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Ал екінші таймда қонақтар екпінді үдете түсті. Бұл жолы бұрынғы бас-көзсіз жүгіріске толы шабуылдардың орнына тактикалық негізі бар жүйелі қимылдар келгені аңғарылып тұрды. Әсіресе, пас беруде кәдімгідей нақтылық қалыптасып қалғаны байқалды. Қарсыластар қақпасының алдында футболшыларымыздың аса абыржымай қимылдағаны осының бір дәлелі болды. Ал нақтырақ айтсақ…

60-минутта «Ақтөбе» алаңның орта тұсынан айып добын орындады да, доп қақпаға тура бағытталды. Андрей Шабанов допты тоқтатқанымен қолына ұстап қала алмады, ал сырғып түскен допты Игорь Сергеев аяғымен үйіріп алды да, одан соң қақпаның дәл қарсысында жүрген Боян Дубайичтің алдына тастай салды. Боян сол аяғын тоса қойды — 1:3.

70-минутта қонақтар бұрыштама орындады. Әріптесі айып алаңына әуелете тастаған допты оң жақ шетте жүрген, алаңға енді ғана шыққан Демият Сламбеков және бір көтере ысырып жіберді де, оны сол жақ шет жақта жүрген Игорь Сергеев тура қақпаға баспен соқты — 1:4.

Бесінші доп та бұрыштамадан соң соғылды, оны да Игорь Сергеев соқты, сөйтіп Игорь хет-трик авторы атанды. Айып алаңына Максим Фединнің мұқият соққысынан соң әуелей келген допқа Игорь топ адамның ішінен ең соңғы сәтте созыла ұмтылып, жібек торды және бір бұлқынтты — 1:5.

Бұл күнгі ойында ақтөбеліктердің есепті бұдан да гөрі ұлғайтуға мүмкіндіктері болған. Бірақ сәттілік жетіспеді. Мысалы, Игорь Сергеев екі рет қақпашымен жекпе-жек шығып, әттең, айласын асыра алмады.

Дегенмен бұл кездесуде Игорь шын мәнінде жарқырап көрінгенін ерекшелеп айту керек. Ол үш гол соғып (хет-трик иесі атанып), чемпионат сұрмергені, 6 гол соққан Жоао Паулоны («Ордабасы») қуып жетті. Сондай-ақ оның бір ойында үш голды баспен соғуы әлем футболында жиі кездесе бермейтін оқиға екені де айтылып жатыр.

Осылайша бұдан бірер күн бұрын бұрынғы бас жаттықтырушы Алексей Багамен қоштасқан «Ақтөбе» қатарынан орын алған төрт жеңілістен кейін бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовскийдің басшылығымен ірі жеңіске жетті.

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:5

Гол авторлары: Равиль Атыханов, 7-минут (1:0); Юрий Перцух, 10-минут (1:1); Игорь Сергеев, 31-минут (1:2); Боян Дубайич, 60-минут (1:3);  Игорь Сергеев, 71-минут (1:4); Игорь Сергеев, 74-минут (1:5).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Филип Иполе, 25-минут; Александр Кислицын, 38-минут; Илья Колпачук, 44-минут; Дамир Даутов, 60-минут; Аслан Әділ, 64-минут («Жетісу») — Жасұр Нарзиқұлов, 7-минут; Әділхан Таңжарықов, 9-минут; Рустам Темірхан, 45+1 минут («Ақтөбе»).

Ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін 5-минутта Армен Манучарян («Ақтөбе»), ал екінші рет «сары қағаз» көрсетілгені үшін 29-минутта Филип Иполе («Жетісу») алаңнан қуылды.

6-минутта пенальти орындаған Артем Дмитриев қақпашыдан айласын асыра алмады.

9 мамыр 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Михаил Йерабек, Артурас Жулпа (Дінмұхаммед Кашкен, 12-минут), Әділхан Таңжарықов, Армен Манучарян, Тонго Думбия (Антон Шурыгин), Рустам Темірхан, Эрвейн Мукам (Максим Федин, 12-минут), Юрий Перцух (Демият Сламбеков, 68-минут), Боян Дубайич (Максим Самородов, 68-минут), Игорь Сергеев.

Бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовский.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 6 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Боян Дубайич, шабуылшы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 10 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 3 рет тең түсті, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 12. Доп айырмашылығы — 17:18.

4 мамырда өткізілген Қазақстан Футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комиссиясы 2 мамыр күні болған «Ақтөбе»-«Астана» кездесуінде стадионға жанкүйерлерді кіргізгені үшін және жанкүйерлердің әдепсіз қылықтары үшін «Ақтөбе» футбол клубына 583 400 теңге (200 АЕК) көлемінде айыппұл салды.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайсар»-«Ақжайық» — 0:1

Гол авторы: Дмитрий Мичуренков, 76-минут (0:1).

8 мамыр 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Астана» — 0:1

Гол авторы: Абзал Бейсебеков, 54-минут (0:1).

8 мамыр 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 2500 адам.

«Қайрат»-«Шахтер» — 1:1

Гол авторлары: Артур Шушеначев, 51-минут (1:0); Нұралы Әліп, автогол, 90+4 минут (1:1).

8 мамыр 2021 жыл.  Алматы қаласы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Каспий»-«Ордабасы» — 0:0

8 мамыр 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 950 адам.

«Тобыл»-«Атырау» — 2:0

Гол авторлары: Серікжан Мужиков, 80-минут (1:0); Жереми Манзорро, 90+3 минут (2:0).

9 мамыр 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 600 адам.

«Тұран»-«Қызылжар СК» — 1:0

Гол авторы: Стефан Живкович, пенальти, 90+2 минут (1:0).

9 мамыр 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан-Арена» стадионы. 1200 адам.

*  *   *

10-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 26 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 21 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 17 ұпай;
  4. «Тараз» (Тараз) — 17 ұпай;
  5. «Ақжайық» — 15 ұпай;
  6. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 14 ұпай;
  7. «Ордабасы» (Шымкент) — 14 ұпай;
  8. «Каспий» (Ақтау) — 13 ұпай;
  9. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 12 ұпай;
  10. «Атырау» (Атырау) — 11 ұпай;
  11. «Тұран (Түркістан) — 9 ұпай;
  12. «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 6 ұпай;
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 1 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 9 кездесуден өткізді.

*   *   *

11-тур кездесулері:

14 мамыр, жұма

«Ақжайық» — «Қайрат»

«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙСАР»

«Астана» — «Жетісу»

«Шахтер» — «Тұран»

15 мамыр, сенбі

«Атырау» — «Тараз»

«Ордабасы» — «Тобыл»

«Қызылжар СК» — «Каспий»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button