Басты жаңалықтарМереке

Тағзым мен құрмет

Жеңіс күні

Мереке әдеттегідей даңқты қолбасшылар мен жауынгерлерге тағзым етіп, Мәңгілік алау, Әлия Молдағұлова ескерткіші мен Батырлар аллеясына гүл қою рәсімімен басталды. Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімінің орынбасарлары Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап барды.

Дәстүрді бұзбай

Мәңгілік алау жанында әлеуметтік арақашықтық сақтап, медициналық маска киген жұрт соғысқа қатысқан аталары мен әкелерін еске алып, гүл шоқтарын қойды. Көпшілік сол жердегі қаһарман қалалардың жанында фотоға түсіп жатты. Жерлестеріміздің даңқ географиясы — Ақтөбеден Берлинге, Прагаға, Варшаваға, басқа да қалаларға жетті емес пе.

Мәңгілік алауға әуелі Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова гүл қоржынын қойды. Одан соң Қарулы күштер ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлері, жауынгер интернациналистер, шекарашылар, іздеушілер, қоғам белсенділері тағзым етті. Сондай-ақ, осы топ Әлия Молдағұлова ескерткіші мен Батырлар аллеясына қарай аяңдады. Отан үшін өз өмірін қиған жауынгерлер мәңгі есімізде!

Жеке құрмет

15 мамырда Вера Лоткова 97 жасқа толады. Орынбор облысында байланыс саласында жұмыс істеп жүрген бойжеткен майданға аттанғанда небары 18-де болатын.

— Мен соғысқа өз еркіммен бардым деп айта алмаймын, бірақ, шын соғыстым, — дейді Вера Павловна. — Кескілескен ұрыста солдат жетіспеген тұста 2-дивизияның бесінші батареясындағы зенитшілерге снаряд беріп тұрдым. Біздің 1083-зенитшілер артполкы Жеңісті бірінші Украин майданы шебінде қарсы алды. Германияны жеңген соң, Шығыс майданына аттандық. Бұл әңгімені Вера Павловна облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына айтып берді. Ал облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде ардагерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтау хат, гүл мен сыйлық табыстап, жылы лебізін айтты. Жеңіс жауынгерінің туысы ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа алғыс айтты.

Сондай-ақ, ардагердің үйінің терезесі түбінде 51-гимназияның 9-сынып оқушылары «Катюша» әнінен бастап, біраз әскери әндерді орындады.

Ал Анастасия Прихноның өмірбаяны Жеңістің 65 жылдығына орай басылған «Актюбинские медработники в годы войны» жинағына енді. Бірінші Белорус майданындағы ең жас медсестра бүгінде 98 жаста. Ол қазіргі атқарушы биліктің ардагерлерге көңіл бөліп, қамқорлық жасайтынына шексіз риза.

— Әкем мен шешем — екі майдангер осы Ақтөбеде танысып, бас қосады. 67 жыл бірге тұрды. 2018 жылы әкем — ішкі істер қызметінің ардагері қайтты. Жергілікті билік өкілдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мерекелерде анамызды ұмытпай, құттықтап жатады. Көңілдеріңізге рақмет, — деді ардагердің қызы Анастасия Ананьевна Ермек Кенжеханұлына.

Екі үйде де балалары мен туыстары ардагерлерге көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп жатты.

Татьяна Виноградова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button