Экономика

Қажетті кәсіпорындар ғана салынады


Қала әкімі Архимед Мұхамбетов қала әкімі жанындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысында осылай деген еді. Оның реті бар. Шынымен де бірін-бірі қайталайтын зауыттарды көбейте бергенше, оның орнына өмірімізге қажетті, сырттан тасылатын бұйымдарды өзімізде неге шығармасқа? Сондықтан қала әкімі облысқа мұқтаж өнімдерді өндіруге басты көңіл бөлінетінін шегелеп айтты.

Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты адамдар арасында түрлі қауесеттердің тарап жүргені де рас. «Ақша болмайды екен», «жаңа зауыттар салынбақ түгілі, бұрынғылардың өзі жұмысын тоқтатады» деген секілді жел сөздерді айтушылар бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында әлеуметтік нысандар салудың тоқталмайтынын, керісінше құрылыстарды жалғастыра отырып, дағдарысқа қарсы күрестің жүргізіле беретінін айтқан болатын. Соған сәйкес экономикалық әлеуеті зор біздің облыста да, оның орталығы Ақтөбе қаласында да құрылыс бәсеңсіген емес. Биік-биік жаңа құрылыс жандарында көтеру крандары анадайдан «мен мұндалап» қызу жұмыстың куәсіндей шақырады. Айталық…

Біздерде мынадай бар…

Алдағы тамыз айында ақтөбеліктер 11-шағын аудандағы мәдениет және демалыс саябағы аумағында ашылатын «Мега Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығымен мақтанатын болады. Бұл кешен пайдалануға берілсе, мақтануға болады да. Өйткені мұндай орталық Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қаласында ғана бар. Ал бізде салынып жатқан орталықтың өзіндік артықшылықтары да өзгеше.

«Мега» – Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі ең ірі сауда-ойын-сауық орталығы желісі. Сонымен, Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағына барғандар «Меганың» қандай қызметтерін көре алады…

Жалпы көлемі 45 мың шаршы метр төрт қабатты ғимаратта азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техникалар мен электроника гипермаркеттері, кафе, мейрамханалар, әр түрлі тауарлар сататын бутиктер жұмыс істейтін болады. Балалар мен жасөспірімдер, жастар үшін қызықты нысандарды тізбелейік. Балаларға арналған алаң, кинотеатр-мультиплекс, скалодром, боулинг және басқа демалыс орындары демалушыларға қызмет етеді. Ал 500 шаршы метр көлеміндегі мұз айдыны қалалықтарды қызықтыратын орын болмақ.

Сауда-ойын-сауық орталығына келушілер үшін 1005 автокөлік сиятын автотұрақ қызмет етеді. Орталық күніне 30 мыңға дейін адамды қабылдай алады. Француздық компания жобалаған құрылысты «Мега Ақтөбе орталығы» ЖШС жүргізуде.

ХХІ ғасырдың материалы

Құрылыс мамандары ұяшықты бетонды осылай деп бағалап жүр. Өйткені ұяшықты бетон халықаралық рыноктың сұранысына ие. Сапасы жөнінен құрылыс материалдары ішінде ерекше саналатын мұндай бетон енді сырттан әкелінбей, өзімізде шығарылатын болады.

«Ақтөбе Құрылыс Индустрия» ЖШС қаланың солтүстік-шығысындағы өнеркәсіп аймағында, бұрынғы жүн өңдейтін комбинат маңында ұяшықты бетон шығаратын зауыт салуда. Зауыт жылына 170 мың текше метр бұйым шығарады. Бұл кәсіпорын үшін қажетті инфрақұрылымдар, жер асты жолдары да ойластырылған. Мамандар аталмыш өнімді ресейліктер де сатып алады деп топшылауда. Ең бастысы, қажетті шикізат көздері жақын жерде болғандықтан, тасымал шығыны да, өнімнің өзіндік құны да төмен болады. Айта кету керек, шикізаттың 80 пайызы өзімізден алынады.

Сонымен, ұяшықты бетонның қандай артықшылықтары бар? Бұл туралы серіктестіктің бас директоры Жолдыбай Кемеров сипаттап берді. Алдымен оның салмағы жеңіл, беріктігі жоғары. Оның жылу сақтау қасиетіне әзірге ешқандай материал тең келмейді. Ұяшықты бетонды қажетті көлемге қарай кесу де жеңіл. Монолитті үйлер салған жағдайда 30-40 қабатқа дейін пайдалануға мүмкіндік болады.

Зауыт маусым айында алғашқы өнімдерін тұтынушыларға ұсынады. Ұяшықты бетон блоктарының 40-тан астам түрі қаламыздың құрылыс алаңдарынан табылатын болады. Кәсіпорын пайдалануға берілгенде, 250 жұмыс орны ашылады.

Пульт арқылы басқару

«Ақтөбе-Орталық құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Нұржан Сыдықов көлік-логистика орталығының қызметін түсіндіріп берді. Орталықтың негізгі қызметі – халықтың тауар айналымына қолайлы жағдай жасау. Мәселен, үйде отырып орталық қоймасында қандай зат бар екенін білуге, оны алдыру немесе басқа жаққа жеткізу мәселелерін шешуге болады.

Мұндай орталықтың ашылуына елімізде жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың тікелей ықпалы болды. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы қабылдап, экономикалық талаптарды жүзеге асыру міндетін алға тартқан еді. Енді, міне, қаулыға сәйкес көлік-логистика қызметі жұртшылықтың қажетін өтемекші.

Жалпы құны 27,5 миллион доллар тұратын құрылыстың тең жарымы қазірдің өзінде игерілді. Орталық 12 метрге дейін жететін стеллаждары бар 3 терминал-қоймадан тұрады. Мұнда барлық басқару жүйесі автоматтандырылған. Және теміржол торабына жақын орналасқан. Бұл бизнес саласында жүрген кәсіпкерлермен қатар кез келген азаматтың уақытын үнемдеп, тез де сапалы жұмыс жасауына орайластырылған.

Көлік-логистика орталығы тамыз айында пайдалануға беріліп, 800 адамды жұмысқа қабылдайтын болады.

Жол битумы бізде болады

Еліміздің экономикасының дамуына байланысты инфрақұрылым салаларына көңіл бөлінуде. Әлеуметтік нысандарды айтпағанда, көп қаржыны қажет ететін жол құрылысын жүргізу бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналды. Облыс көлемінде пайдалануға беріліп жатқан автокөлік жолдары осының айғағы болмақ.

Жол салған жақсы ғой… Бірақ оның қиындықтары бар. Атап айтқанда, жол битумы әзірге Ресейден алынуда. Битумның қымбаттығы, оның тасымалы секілді қолайсыздықтан құтылатын уақыт та алыс емес.

Қаладағы күрделі де маңызды инвестициялық жобалардың бірі – мұнай өңдеу кешенін қайта жобалап, битум қондырғысының құрылысын жүргізу. Мұндай іргелі істі «Лад Глобус» ЖШС қолға алды. Аталмыш серіктестік 2004 жылы мұнайды қайта өңдеу кешенін пайдалануға берген болатын. Мұнымен шектеліп қалмаған серіктестік мұнай өңдеу зауытын қайта қарап, кеңейту жұмыстарын және битум шығаратын зауыт құрылысын бастап кетті. «Лад Глобус» ЖШС алға қойған мақсат ауқымды-ақ. Мұнай, мазут және пайдаланылған мұнай майлары, қалдықтары секілді құрамында мұнай бар өнімдерді қайта өңдеп, ашық түсті мұнай өнімдерін, яғни керосин, дизель майын шығаратын болады. Бұл жоба іске асқан кезде мұнай өнімдерімен Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары қамтамасыз етілмек.

Жобаның біз үшін ерекше бағыты – жол және құрылыс битумының шығарылуы. Бұл отандық тауар өндірушілердің маңызды қадамдарының бірі болмақ. Ақтөбелік кәсіпорындардың өндірістік-технологиялық әлеуетін және бәсекелестікке қабілетін көтеру мақсатындағы жұмыс деп те айтуға болады. Сонымен қатар мұнай өнімдеріне деген ішкі сұраныс өтеліп, экспорт көлемі арттырылады. Ал жер қойнауы мен су көздерінің лас майдан қорғалуы, экология мәселесінің аз да болса шешілуі өз алдына бір әңгіме. Осы кәсіпорынның жүзеге асуы облыста мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың бір жолы болатыны анық.

Серіктестіктің бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 360 мың тонна мұнай өңдейтін деңгейге жеткізу керек. Мұнай базасын қайта жабдықтап, қосымша эстакадалар салу, мұнай сақтайтын қойманы 20 мың тонна сыйымдылыққа жеткізу, лабораторияларды жаңарту сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.

Мұнай өңдеу зауытын кеңейту үшін 20 миллион доллар жұмсалмақ. Бұл жоба жүзеге асқан кезде АИ-80, АИ-92, АИ-98 бензиндерін, жазғы және қысқы дизель майларын, мазут және басқа өнімдерді ұсынатын болады. Мұнымен қоса автомобиль, трактор двигательдерінің майлары, гидравликалық, құбырлық, трансформаторлық майлар өзімізде өндіріледі. Ал жол және құрылыс үшін қардар саналатын битум жылына 50 мың тоннаға дейін өндіріледі. Демек, битум тәуелсіздігіне де қол жететін болады.

Көкөніске – кең өріс

Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде адам ағзасына өте қажет көкөніс өндіру – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Тұрғындарды жыл бойы витаминді көкөніспен қамту үшін жергілікті билік те жұмыстар жүргізуде. Инвестициялық жобаларды талқылау кезінде «Изет Грин Хаус» ЖШС ұсынған көкөніс жылыжайын салу мәселесі еш кедергісіз қабылданған-ды. Оның себебі түсінікті де. Өйткені бау-бақша өнімдері қашан да сұранысқа ие және мұндай шаруашылыққа көп кәсіпкер бара бермейді.

– 2501 метрлік жүйекте 500 тоннаға дейін томат түрлері өсіріледі, – дейді серіктестік директоры Арман Құстыбаев. – Жылыжайда 100 адам жұмыс істейтін болады. Қызанақ голландиялық технологиямен өсіріледі. Қазіргі кезде құрал-жабдықтар алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тәжірибе стансасы ауданындағы құрылысқа қажетті 1 миллиард 225 миллион теңгенің 1 миллиард 200 миллион теңгесі игерілді. Жобаның жалпы құнының 30 пайызын серіктестік өз қаржысынан салды.

Жылыжай құрылысы осы жылдың аяғына қарай аяқталады.

Ерекше субұрқақ

Тамыздың тамылжыған кешінде қалалықтар субұрқақтың жанында салқындап, жақсы демалысты ұйымдастыратын болады. Тамызда пайдалануға берілетін субұрқақ «Нұр Ғасыр» мешіті, Қасиетті Никольск храмы орналасқан Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағы аумағында жасалып жатқан кешенде тұрғызылуда. Жалпы көлемі 7,8 гектар демалыс орталығының аумағы кереметтей көріктендіріледі. Әсем гүлдер мен жасыл желек саябақтың көркін аша түседі. Ал биіктігі 25 метр субұрқақ берілетін әуен мен жарыққа байланысты өзінің көлемі мен түсін өзгертіп отырады. Сондай-ақ, биіктігі 18 метр «Шаңырақ» монументтік көркем ансамбль шаңырақ бейнесінде жасалады. Бұл бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан адамдардың достығын, бауырмалдығын көрсетеді. Алдағы уақытта аквапарктің салынатынын да айта кету керек.

Міне, қалада осындай ауқымды құрылыстар жүргізілуде. Құрылыстардың басшылары берген сипаттамалардан қай-қайсысының да қажетті екенін аңғарамыз. Қала әкімі жанындағы комиссия алдағы уақытта да ұсынылған инвестициялық жобаларды қарайтын болады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button