Басты бет » Жаңалықтар » Сауалы көп сапар сенаторларды сөйлетті

Сауалы көп сапар сенаторларды сөйлетті

Ақтөбе облысына жұмыс бабымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұхтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниев Темір, Байғанин аудандарына барды.  Сенат депутаттары сапарын республикалық маңызы бар Қандыағаш-Мақат автомобиль жолының құрылысымен танысудан бастады.

Ветеринар керек!

Депутаттар мердігерлерден алдымен жолдың сапасын сұрады.

«Uniserv» ЖШС салып жатқан жол қайта жаңғырту жұмыстарына жатады. Ұзындығы — 60 шақырым. Қазіргі таңда 42 шақырым жолға үш қабат жабынды төселіп, дайын тұр. Асфальттың қалыңдығы — 67 сантиметр.

Жол құрылысының  жұмыстары 2019 жылы басталды.  Құрылыс аумағында 100 техника бірлігі бар. Жол құрылысын биыл күз айына дейін аяқтап, тапсырамыз. Оған қаражат та жеткілікті. Жұмысшылар санын да көбейткелі отырмыз, — деді серіктестіктің бас директоры Дәурен Ерғалиев.

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық  поселкесінің іргесіндегі Кеңесту, Жақсымай ауылдық округтеріне соққан қонақтар ондағы әлеуметтік нысандармен танысып шықты.

Негізінен, қос ауданның ауыл шаруашылығы саласының даму барысына көбірек тоқталған депутаттар мал сою бекеті, бордақылау алаңдарына барып, кәсіпкерлермен кездесті.

Халықтың әл-әуқаты алдындағы төрт түлігіне байланысты. Қазір малдың аузы көкке ілінгенімен көктемде алынатын сынамалардың нәтижесі алаңдатады. Биыл Темір ауданында сарып ауруынан қауіп жоқ. Бірен-саран сынаманың оң нәтижесі анықталған ірі қара, қой-ешкілер дер кезінде жойылған. Былтыр сарып ауруының көбеюіне байланысты шектеу қойылған Қайыңды мен Бабатай ауылдарында жағдай тұрақты. Шектеу алынған.

Ауданның ветеринарлық зертханасында болған депутаттар аурудың алдын алу шаралары, сарып ауруын болдырмас үшін не істеу қажеттігі, мал ауруға шалдыққан жағдайда ауданда мал дәрігерлерінің тапшылығы мәселелеріне тоқталды. Бұл мәселені аудан басшылары да растап отыр. Ветеринария мамандары жасы елуден асқан бұрынғы «техникумның» түлектері. Жоғары білімді маман аз. Зертханада жұмыс жасап жүрген жастармен тілдескен Сенат депутаттары оларға ризашылығын білдірді.

Мен аграрлық комитеттемін. Бұл мәселені арнайы зерттеп жүрмін. Сапарымыздың басты мақсаты да сол. Көзбен көріп, жағдаймен танысып, шешімін күткен мәселелерді жоғарыға ұсыну, дәлелдеу, министрлікке өткізу. Ветеринария саласындағы жағдай күрделі болып отыр. Талапқа сай емес тұстары көп. Жалпы алғанда, республика бойынша 91 ветпункттің лабораториясы жоқ.  Барлық анализдер, дәрі-дәрмектер, алынған қандар, бәрі үйдегі мұздатқышқа сақталады. Өйткені мал дәрігерлеріне жеткілікті жағдай жасалмай отыр. Біз Үкімет басшысына осы мәселе бойынша сауал жолдадық. Жалақы аз. Сол себепті жастар бұл салаға келгісі келмейді. Техникалар да 7-8 жылдан бері жаңаланған жоқ. Құрал-жабдықтарының бәрі тозды. Түгел жаңартуымыз керек. Кейбірінің ғимараттары жоқ. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетін бітіріп, мамандығы бойынша ауданға келген  осындай ұл-қыздарға алғысымды айтамын, — деді Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев.

Темір ауданында кәсіпкерлік саласы күннен-күнге өркендеп келеді. Тұрғындары тұрақты, тұруға қолайлы аудан орталығына қоныстанушылар көп. Бір ерекшелігі, бұл ауданда әуелден-ақ кәсіпкерлік саласы, қызмет көрсету нысандары  жаңа үлгіге сай жұмыс істеуге ұмтылады.

«Ар-Амир» супермаркетіне барған депутаттар мұндағы қызметтің қаладағы ірі сауда желілерінен бірде-бір кем емес екенін, осындай сырты сәулетті, іші азық-түлікке толы супермаркеттердің бағасы тұрақты, сөресі отандық өнімдермен толуы керектігін айтып риза болды. Аудан орталығындағы «Ар-Амир» атты қос сауда орны  70 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл істі жеке кәсіпкер Алтынбек Мұстафин 12 жылдан бері жаңғыртып келеді. Супермаркеттің өз наубайханасы бар. Күніне 2000 нан шығарады. Бас наубайханашы Дана Мұратбайдың айтуынша,  ұннан тағамның  20 түрін жасап, 40 дүкенге кулинарлық өнім таратады. Бір бөлке нанның бағасы — 85 теңге.

Мал бар, малшы жоқ

Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдідегі жаңадан пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды аралаған депутаттар шаруақожалықтарына барды. «Мұңал» шаруа қожалығының өрісі төрт түлікке толы. Өзге облыстар мен шетелге ет экспорттайды. Ірі шаруашылық 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алайда шаруашылықтың басшысы Елеусін Сауытовтың айтуынша, малшы, сауыншы, механизаторлар керек. Бірақ ешкімнің келгісі келмейді. Жалақы 100-150 мың теңге.

Жасыратыны жоқ, халық жалқау боп кеткен. Әлеуметтік жәрдемақы мен көп балаға берілетін атаулы көмектің  ақшасын жеп жатқанды жақсы көреді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, егін, бау-бақша салайық десек, адам таба алмаймыз. Өзбек ағайындарды әкелейік десек шаруақожалықтарына рұқсат бермейді. Қазіргі таңда 150 сиырым бұзаулап тұр. Сауатын адам жоқ, — деген шаруашылық басшысы тұрақты, сенімді жұмысшыларынан ештеңе аямайтынын айтты. Механизаторлардың қалмай бара жатқанын айтқан ол аудан орталығынан тракторшысына үй алып беріп, тағы бір жұмысшысына баспана салып берген. Соғымдары да қожалықтың есебінен.

Ал Сартоғай ауылдық округіне қарасты «Ая» шаруа қожалығы айдалада бос жатқан жерге құрылыс нысандарын құлпыртып жіберген. Іші-сырты қаладағы үйден кем емес, жайлы да кең малшылар үйі, монша, жылы гараж салыныпты.  «Бизнестің жол картасы» арқылы 46 миллион теңгеге 6 шақырым жерден электр желісі тартылған.

Біздің бірнеше жобамыз бар. Жылқымыз 600-ден асты. Құрғақ қымыз қоспасын дайындайтын цех ашпақшымыз. Иппотерапия алаңын жасақтаймыз. Қой, түйе, сиыр ұстаймыз. Егін салуды көздеп отырмыз. Әзірге 10 адамды жұмысқа алдым. Ал маусымдық жұмыс кезінде көбейеді. Жайылымдық жерді қоршауға үкімет 25% субсидия беріп отыр. Менің ұсынысым — оны 50%-ға дейін көтерсе дейміз,  — деді қожалық басшысы Естай  Сисенбаев.

Аудан сапарында біраз жағдайға қанығып, көз жеткізген,  кәсіпкерлердің, шаруақожалық басшыларының, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берген Сенат депутаттары осы мәселелердің шешілу жолдарын қарап, жұмыс істейтінін айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.