Басты жаңалықтарЖеңіс

Елбасының Дуся тәтесі

Ақтөбе тұрғыны, тыл еңбеккері Евдокия Санжарова биыл ақпан айында 100 жасқа толды.

Елімізде соңғы бір ғасырда болған оқиғалардың көзі тірі куәсі аштықты да, соғысты да, тың игеру жылдарын да, тәуелсіздік алған, дамып, өркендеген кезін — ел дамуының барлық кезеңін де көрді. «Еліміз де, Елбасымыз да менің көз алдымда өсіп, өркендеді», — дейді кейуана. Тура мағынасында солай.  Евдокия Санжарова Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бала кезден бері таниды. Кезінде Алматы облысының іргесіндегі Шамалған ауылында көрші тұрған. Әжеймен әңгіме осы бағытта өрбіді.

—  Біз 1947 жылы Шамалғанға көшіп келгенде Сұлтанның жасы 6-да еді. Ол бірінші сыныпта оқып жүрді. Сұлтанның үйі бізге қарама-қарсы тұрды. Әбіш пен Әлжан Назарбаевтар көшіп келгеннен кейін ерулік жасап, бізді қонақ қылды. Өте тату едік. Бір-біріміздің үйімізге кіріп-шығып жүре беретін едік. Ауыл халқы тату еді, ешкімді бөліп-жармайтын, — дейді өткен шақтың үзік-үзік естеліктерін әрең еске түсірген кейуана.

40-жылдардың соңы — сұрапыл соғыстан кейінгі жылдар қай ауыл үшін де оңай болмағаны белгілі. Шамалған ауылында да жан-жақтан жер аударылған түрлі ұлт өкілдері тату тұрды, қайғы-қасіреттен енді ғана бас көтере бастаған жұрт бар қиындықты жұмыла көтеруге тырысты.

— Көршілер тату болды. Сұлтан мектептен келгеннен кейін біздің үйге соғатын еді. Есіктің алдында шағын сәкі болды. Соның үстінде отырып кейде шай ішетінбіз. Ақкөңіл, ашық бала еді. Бәріне көмектескісі келіп тұратын мейірімді бала болды. Кейін жұмысқа кеткенде де ауылға келіп тұратын еді, ал ауылға келсе, көршілеріне, соның ішінде біздің үйге де міндетті түрде соғып кететін, әр келген сайын базарлық алып келетін еді, — дейді әжей.

Әжей Н.Назарбаев сыйға тартқан «Балалық шаққа саяхат» кітабын көзінің қарашығындай сақтап жүр екен. Бұл шағын кітапшада Шамалған ауылының көшелерінің, ескі үйлерінің, ауылдастарының суреттері бар, Нұрсұлтан Назарбаевтың бала кездегі, оқушы, студент кездегі суреттері де басылған. Әжей сол кітапшаны парақтап отырып, көзіне жас алып, сонау жылдарға тағы бір барып қайтқандай болды:

— Ол жерде елу жылдан астам тұрдық. Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың бес баласы болды — үшеуі ұл, екі қыз. Әбіш пен Әлжан жұмыстарымен кеткенде балаларға бас-көз болуды бізге тапсырып кететін еді. Әбіш те, Әлжан да менің көз алдымды дүниеден озды. Жолдасым екеуміз үшін бұл өте ауыр жағдай болды, себебі  көршілермен, ауылдастармен туғандардай болып кетіп едік… Ол үйдің балаларының өскені, оқығаны, отау құрғандары — бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Міне, Сұлтан мына мектепте оқыды, мына көше көзіме оттай басылады. Сұлтан өскенде өте әдемі жігіт болды,  —дейді әжей кітапшаны парақтап отырып.

Кішкентай Сұлтан көршісі Евдокияны Дуся тәте деп атаған екен. Осы Дуся тәтейдің көз алдында өскен бала Сұлтан кейін Президент болған кезде ауыл түгел қуанғанын айтады.

— Сұлтан президент болғаннан кейін де ауылға келіп тұрды. Бірде ауылға Сұлтан келетін болып, дайындық жүріп жатты. Менің ауламда кір жаятын жіп керулі тұрған еді. Дайындық жүргізіп жүрген жігіттер сол жіпті алып тастады. Мен: «Оны алмаңдар, тұра берсін, Сұлтан өзіміздің ауылдың баласы ғой», — дегенімді: «Жоқ ол енді елдің баласы», — деді. Осылайша кішкентай Сұлтан менің көз алдымда үлкен азамат болып өсті, — дейді әжей.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге келген сапарларында бірнеше рет бала кездегі Дуся тәтесіне — Евдокия Санжароваға сәлем бере барды. Бірінде әжей  «Дару» медициналық орталығында ем алып жатқанда барды. Әжеймен амандасып, сый-сияпат ұсынған Елбасы: «Сіз пісірген борщтың дәмі таңдайымнан кетпейді. Сіздің ауладан алма ұрлайтын едік, ал шиенің дәмі қандай еді?» — деп әжейді мәз қылды.

Әжей Шамалғанда жолдасымен 50-60 жылдай тұрғаннан кейін туыстарымен бірге Ақтөбеге көшіп келеді. Қазір ол мұнда сіңлісінің немересімен, күйеу баласымен бірге тұрып жатыр. Әжейдің кітаптар жиналған сөресінде Елбасының «Балалық шаққа саяхат» кітабымен бірге, басқа да еңбектері тұр екен. Бір ғасырды артқа тастаған кейуана қайта оралмас өткен күндерді тек сол кітаптардың парақшаларынан іздейді. Ал шағын бөлмесінің төрінде тұрған теледидар біз кіргеннен кеткенше сөнген жоқ. Жаңалықтар қосулы тұр екен.

— Менің үйімдегі теледидар күнұзаққа қосылып тұрады. Одан Сұлтан туралы жаңалықтарды қарағанды жақсы көремін. Шашына ақ кіріп, жасы біразға келгені болмаса,
Сұлтан сол баяғы Шамалғанда жүрген кішкентай Сұлтанды көз алдыма әкеледі. Теледидардан Сұлтан туралы айтса, қуанып қаламын.

Бірде Сұлтансұхбат беріп отырып: «Туған ауыл, туып-өскен таулар, сол тау-тастың арасында сылдырап аққан ақ көбікті өзендер. Тауда жайқалған қызғалдақтар, қызыл
түске боялған тау бөктері. Сол қызыл кілемнің үстінде ойын-сауық құратынбыз, доп тебетінбіз, сосын жидек теру үшін тауға шығып кететінбіз — осының бәрі әрқашан ойға оралады. Қиын жағдайға тап болған кездерде, түнде ой құшағында жатқанда, сол сүрлеумен жүріп, анаммен бірге аттың үстінде отырғанымды, оның мен ұйықтағанда құлап кетпесін деп байлап қоятынын еске аламын. Биік таулардың арасында келе жатқанымыз, төменде гүрілдеп аққан өзеннің әуені еске түседі», — деп айтқанда көзіме жас келді.
Сол ауылды, сол сәттерді мен де еске алып, сағынамын. Әлжан маған: «Сұлтанды жақсы көресің бе? Ол менің де балам, сенің де балаң», — деуші еді. Иә, жарты ғасырдан астам көрші тұрсаң, көршің туысыңнан да артық болып кететіні заңдылық шығар.
… Биыл еліміздің Тәуелсіздік таңының атқанына 30 жыл толды. Еліміз әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуға бет түзеді.
— Бұл жетістіктердің артында, әлбетте, осы елдің азаматтарының, соның ішінде ел басқарған азаматтардың өлшеусіз еңбегі тұр. Осынша аз уақыттың ішінде ғаламат жетістіктерге жеткен елді алға сүйреген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты екеніне ешкім дау айта қоймас. Мен үшін еліміздің осындай деңгейге жеткені — екі есе қуаныш, екі есе мақтаныш. Иә, мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан үшін — Сұлтан үшін мақтанамын, — дейді әжей.
Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова тыл ардагерін үйіне барып құттықтап, сый ұсынды.
— Ақтөбеде әрбір мереке қарсаңында облыс басшылары құттықтай келіп, Сұлтанның атынан сыйлықтар беріп жатады. Маған сыйлықтың құны емес, Сұлтанымның сәлемінің құны қымбат.
Мені ұмытпағанына, қайда жүрсем де, ұдайы сәлемін айтып, аман-саулығымды біліп тұратынына ризамын. Менің Сұлтанымның атынан келіп құттықтап жатқандарыңа рақмет, — деп батасын берді Евдокия Санжарова.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button