Басты жаңалықтарМереке

Олар — Отан қорғаушылар!

7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай біз Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімдерде абыройлы еңбек етіп жүрген әскери қызметшілермен тілдескен едік. Сонымен…

ӘСКЕР — ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ

Әскер Қапашевтың әскери салада еңбек еткеніне биыл 22 жыл толады. Бүгінге дейін сарбаздардың  әскери тәртіпке бағынып, борыштарын адал атқаруына басшылық жасап, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына зор үлес қосып жүрген ол осы жылдар ішінде көптеген жетістікке қол жеткізген.

Әскер Жолдыбайұлы Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде штаб бастығының аға көмекшісі болып қызмет атқарады. Әскери шені — майор. Ол Ақтөбеге 2019 жылы Қарағанды облысы Майқұдық ауданындағы №5451 әскери бөлімінен қызмет бабымен ауысып келген.

Өзім Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туғанмын. Отбасында тоғыз баланың кенжесімін. Мен өмірге келгенде үйдегі үлкен ағам әскерге аттаныпты. Сол ағам әскерден аман-есен оралсын деп ырымдап әжем атымды Әскер қойыпты. Жалпы отбасымызда мен ғана әскери саланы таңдаппын. Адамның есімі болашағына әсер ететіні рас екен. Мектеп қабырғасында жүргенімде әскери қызметке ерекше қызығушылық танытып, жоғары білім алуды ойладым. Содан Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға түстім, — дейді ол.

Әскер Қапашев бүгінде жеке мақсаттағы батальонды, жеке құрамдағы сарбаздардың тәртібі мен тәрбиесін қадағалап, олардың өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қала аумағында өтетін мәдени-көпшілік шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына жауап береді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Ақтөбеге Отан алдындағы борышын өтеу үшін еліміздің батыс өңірінен келушілер саны артқан. Дегенмен қазіргі жастардың көбі әскери борышын өтеуге асықпайды екен.

— «Отан отбасынан басталады» демекші, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм әрбір отбасынан басталуы керек. Әрбір ер-азамат Отан алдындағы парызын өтеп, әскер қатарына шақырылса, міндетті түрде баруы тиіс. Қазіргі жастар арасында әскерден қашу, мансап пен жұмысты ойлап, әскерге бармау секілді түрлі жағдайлар көбейіп кетті. Ер балалар әскери өмірдің қиындықтарына төзбейтін болды. Бұл — қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Оны біз жасырмай айтуымыз керек. Елдің қауіпсіздігін, болашағын, тұрақтылығын ойлайтын әрбір жас әскери ортаны көріп, әскери тәртіпті сезіне білуі керек. Сонда ғана жігіттердің Отан, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейіп, елінің патриоты бола алады, — дейді майор.

Айта кету керек, Әскер Қапашев әскери қызметінде өз жұмысын тиянақты, аса жауапкершілікпен орындаумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады.  Мәселен, ол домбыра, гитара тартқанды жақсы көреді. Әскери бөлімде ұйымдастырылатын іс-шараларда өз өнерін көрсетіп, жас сарбаздарға үнемі үлгі болып жүреді. «Жігітке жеті өнер де аз» деген принципті ұстанатын ол ер-азаматтың жан-жақты болу керектігін айтады.

Отан қорғаушылар күні — еліне, жеріне адал қызмет ететін, әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген, қай кезде болса да Отан үшін отқа түсетін азаматтардың мерекесі. Бұл мерекені біздің әскери бөлімде жыл сайын атап өтеміз. Мерекелеп қана қоймай, жас сарбаздарға бұл күннің маңыздылығын, мәнін түсіндіреміз. Сондықтан барша әріптестерім мен сарбаздарды бүгінгі мерекелерімен құттықтай отырып, антына берік, қызметіне адал болуларын тілеймін, — дейді ол.

Айта кету керек, Әскер Қапашев әскери қызметтегі жетістіктері үшін ҚР Қарулы күштерініңI, II, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет еткені үшін» медалімен марапатталған.

 ПОДПОЛКОВНИК

Орынбасар Баратовтың әскери шені — подполковник. Қазір ол Ақтөбе қаласындағы №30238 әскери бөлімінде командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Бұған дейін еліміздің бірнеше облысында абыройлы, жемісті еңбек етіп, жетістікке жеткен оны әріптестері әрдайым үлгі етеді. 

Орынбасар — Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Амангелді ауылының перзенті.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген. Оқу орнын бітірген соң, ҚР Қарулы күштері қатарына қызметке шақырылып, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Георгиевка кентіндегі №27943 әскери бөлімінде бастаған. Ол бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысының Өскемен, Аягөз қалаларында, Алматы облысының Алакөл ауданында, Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар қалашығында әскери қызметтер атқарған.

2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түсіп, оны құқықтану мамандығы бойынша аяқтап, әскери іс магистрі атанған. Қатарластары арасында ол әскери сала қызметкері болуды қалапты. Оның бірге оқыған курстастары бүгінде заңгер, сот, прокурор болып жұмыс жасайды.

Өз ісіне берілген, жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол Орынбасар бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерінің барлығын бала кездегі арманымен байланыстырады.

— Менің әкемнің Әбдісамат есімді інісі 1980 жылы Ауғанстанда соғыста қаза тапқан. Әскери борышын өтеуге кетіп, елге оралмаған соң, үлкендер сол ағамыздың орнын бассын деген ниетпен менің есімімді Орынбасар деп қойыпты. Сондықтан бала кезімнен әскери қызметші болуды армандадым. Арманыма қол жеткіздім, жұмысымды жақсы көремін, — дейді ол.

Қазір Орынбасар Ақтөбе гарнизонының №30238 әскери бөлімінде командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Ол сарбаздардың жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, бөлімде тәрбиелік жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына жауап береді.

— Біздің басты қызметіміз — қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке құрамдағы сарбаздарға жан-жақты бағыт сілтеп, оларды отансүйгіштікке, төзімділікке, жауапкершілікке тәрбиелеу. Мемлекеттік саясатты түсіндіру, сарбаздарды теріс идеологияның ықпалына түсуден сақтандыру. Жалпы әскери жарғылардың негізгі идеясы — патриотизм, әрбір сарбаздың Отанды қорғаудағы жауапкершілігі, әскери борышына, антына шексіз берілгендігі. Біз азаматтық борышын өтеуге келген әрбір жасқа темірдей берік тәртіпті сақтап, Отанға адал, абыройлы қызмет етуді үйретеміз.
Әскери орта — нағыз ер-азаматтарды тәрбиелеп шығаратын орта. Әскери құрылымда әрбір адам жан-жақты шыңдалып шығады. Әскерде талап та, тәртіп те қатаң. Бұл жерге кез келген адам оңай үйренісіп кете алмайды. Ол үшін алдымен адамның бойында сабырлылық, қайсарлық болуы керек. Бауыржан Момышұлы айтқандай,
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, біз, әскери сала қызметкерлері, қашан да қатаң тәртіп пен сапалы тәрбиеге баса назар аударамыз, — дейді ол.

Оның айтуынша, Отанды қорғау — әрбір азаматтың борышы. Сондықтан еліміздегі әрбір жас Отан алдындағы борышын өтеп, еліне адал қызмет етуі керек. Сонда ғана еліміз дамып, болашақ жас ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік, патриотизм қалыптасады.

— Қазір әскери салада еңбек етіп жүрген ер-азаматтар ғана емес, қыз-келіншектер де бар. Олардың дені әскери салаға тікелей қатысты медицина, байланыс саласында қызмет етеді, — дейді подполковник.

Айта кету керек, Орынбасар Баратов — отбасында үш баланың әкесі. Оның үлкен ұлы қазір Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатта білім алуда. Ол да әкесі сияқты әскери қызметші болғысы келеді.

Қай кезде де антына берік, өз жұмысына адал Орынбасар алда талай биік белестерді бағындырмақ. Біз де кейіпкерімізге сәттілік тілейміз!

МІНДЕТ — ЕЛГЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

 Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімі батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Нұртілек Ғалымжанов  былтыр «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор А.Жұмағалиевтің арнайы Алғыс хатын иеленген. Бұған дейін «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін» медалімен марапатталған ол әскери спорттағы жетістіктерінің арқасында  І, ІІ дәрежелі «Жауынгер-спортшы» атағын жеңіп алған.

Қызметтен бөлек әскери спортты жанына серік еткен Нұртілек — өз қатарластары арасында сыйлы, жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол жігіт.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищені, сондай-ақ Ұлттық ұланның жоғары әскери институтын бітірген ол еңбек жолын Ақтөбеден бастаған. 2014 жылы маусым айында аталған әскери бөлімнің рота командирінің   тәрбие және әлеуметтік-құқықтық  жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызметке орналасыпты. Қазір ол — батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Біздің міндетіміз — елге қалтқысыз қызмет ету, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беру. Мысалы, жыл сайын біз 7, 9 мамыр мерекесі қарсаңында ардагерлердің, жалғызбасты қариялардың үйіне барып, ауласын тазартып, көмектесеміз. Әртүрлі мерекелік, мәдени іс-шаралар өткізіп, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Көпшілік шараларға облыстық драма театрының, шығармашылық, өнер ұжымдарының артистерін шақырып, бірге өнер көрсетеміз. Әскери бөлім аумағында орналасқан ескерткішке гүл шоғын қойып, батырлар рухына тағзым етеміз. Өкінішке қарай, биыл індетке байланысты мұндай шараларды өткізуге тыйым салынды. Сондықтан биылғы мерекені бөлім қызметшілері арасында ғана атап өтетін боламыз, — дейді ол.

Капитанның айтуынша, бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар арасында өнерлі жастар өте көп. Атап айтсақ, олардың арасында әнші де, актер де, кәсіпкер де бар. Олар әскери бөлімдер арасындағы жарыстарда өнер көрсетіп, өз рота-батальондарының намысын қорғайды.

Ал Нұртілек жыл сайын әскери қызметшілер арасында өтетін жарыстарда жүгіру, қашықтыққа граната лақтыру, кедергілер жолағынан өту, жылдам қозғалу, автоматпен жаттығу сияқты әскери спорт түрлерінен үнемі жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді.

Жауынгер-спортшының ендігі тілегі — өсіп келе жатқан ұл-қызына қорған болып, еліне қалтқысыз қызмет ету.

    Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button