Жеңіс

Он сегізінде от кешкен

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын жырлағандай, соғыстың біткеніне  биыл 76 жыл толып отыр. Талай жанның жүрегіне жазылмас жара салған, талай қыршын ғұмырды жалмаған  соғыстың тірі куәгерлері арамызда санаулы ғана. Әйтсе де әкелеріміз жүріп өткен сол бір сұрапыл жылдардың жаңғырығы ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді.

Соғыс жүріп жатқан тұста менің әкем Жалғас Қоспағанбетов те әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы 23 қыркүйекте Темір аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанады. Сол кезде ол бар-жоғы 18 жастағы өрімдей жігіт болатын. Анығы, әкем 1924 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Доңызтау жеріндегі №12 ауылда дүниеге келген.

Әуелі оқу-жаттығулардан өтіп, 1943 жылдың қаңтарында I Украина майданының 230-жеке саперлік батальон сапында ұрысқа кіреді. Ал 1944 жылы Кеңес Одағының Маршалы Иван Конев басқарған 2-ші Украина майданы құрамында 3-гвардиялық армияның 862-атқыштар полкінде майдан шебіндегі ұрыстарға қатысты. Даңқты қолбасшының әскер сапында жүріп, Украинаның Кировоград, Кривой Рог қалаларын және  Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін жау қолынан азат етуге атсалысты.

Германияның Дрезден қаласына кірер кездегі кескілескен шайқаста әкеміз ауыр жарақат алып, Прагадағы әскери госпитальға түседі. Емделіп шыққан соң қайтадан соғысқа  аттанып, Жеңісті Австрия жерінде қарсы алды.

Осылайша 1945-46 жылдары соғыс кезінде арнайы құрылған Трофей бригадасының Австрия жеріндегі 69-бөлімшесінде қызмет етеді. Одан кейін әскери тапсырмамен Ленинград қаласындағы  234-қосалқы атқыштар полкінде қызметін атқарады.

Ел іші тынышталып, бейбіт заманға қадам жасалып жатса да, әскери өмірдегі қырағылық бір сәт те босаңсыған жоқ. Бас қолбасшының арнайы бұйрығымен қосалқы құрамдағы әскерилер Балтық теңізі жағалауындағы шекара бекетіне жөнелтіледі. Олардың арасында қатардағы жауынгер Жалғас Қоспағанбетов те бар еді. Ол тағы да үш жыл кеңес әскері қатарында болып, Балтық теңізі флотында әскери міндетті теңізші (моряк) болып атқарған. 1946-1947 жылдары Таллин қаласындағы 8-теңіз техникасы батальоны құрамында, 1947-48 жылдары Эстонияның Палдиски қаласындағы 69-әскери-теңіз флотының арнайы мақсаттағы теңіз барлау полкінде әскери міндетін өтеуді жалғастырады. Осылайша Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолын 1948 жылы аяқтап, сол жылы 3 наурызда елге қайтады.

Әкеміз өз өмірі туралы көп сыр аша бермейтін. Соғыс туралы мүлде айтпауға тырысатын. «Соғысқа түскенде біз жас болдық. Өлім туралы ойлауға да уақыт жоқ. Бойдағы бар күш-жігерімізді жиып, тек алға ұмтылдық. Отқа да, суға да түстік. Бар ойымыз фашистерді жеңіп, елге аман-есен оралу болатын», — дейтін он сегізінде от кешкен майдангер ұстаз.

Жалғас Қоспағанбетұлы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Праганы азат еткені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков» медальдарымен марапатталған.

Майданнан аман-есен елге оралған соң Байғанин ауданының Сам, Қаражар, Жарқамыс, Оймауыт, Шөптікөл, Дияр сияқты шалғай ауылдарындағы мектептерде мұғалім болған. Қатардағы мұғалімнен мектеп басшысына дейінгі жолдан абыроймен өтіп, ел қадірлеген, шәкірттері сыйлаған ұлағатты ұстазға айналды. Үлгі тұтар шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі қызметте, әр салада еңбек етіп жүр. Оның алдынан еліміздің мақтаныштары Есенбай Дүйсенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұханбетқалиев сынды ақын-жазушылар тәлім-тәрбие алған.

Ол құдай қосқан қосағы Қамбиямен бірге сегіз бала өсіріп, тәрбиеледі. Балаларының барлығы да өмірде өз орындарын тауып, түрлі мамандық иелері атанып, қоғам дамуына өз үлестерін қосуда.

Елінің, жерінің амандығы, азаттығы жолында жан аямай күресіп, ұрпағына бейбіт күнді сыйлаған әкелеріміздің  алдында мәңгілік қарыздар екенімізді ұмытпау — перзенттік парызымыз.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button