Жеңіс

Ерліктің естелігі

Жеңіс күні. Бұл күні менің әкеге деген сағынышым еселене түседі. Әрі кеудемді «майдангердің қызымын» деген мақтаныш сезімі кернейді. Соғыс ардагерлері сиреп бара жатқан тұста марқұм әкемді еске алуды жөн көрдім.

Менің әкем Өксікбай Рысқұлов 1923 жылы 23 ақпанда бұрынғы Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында дүниеге келді. Жеті кластық білім алып, кейіннен бухгалтерлік курсты тәмамдап, осы қызметті атқарған.

1942 жылдың 12 қаңтарында майдан даласындағы оқ пен оттың арасына кіреді.

Оңтүстік-Батыс майданда 115-гвардиялық атқыштар полкі, соның бір дивизиясында атқыш болған. 1943 жылдың қыркүйегінде ауыр жараланып, елге оралады. 1946 жылы 25 сәуірде аға сержант Өксікбай Рысқұлов «Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін» медалімен марапатталды. 1985 жылы 11 наурызда  «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл» мерекелік медаліне ие болды.

Беріректе қызым Сәулеш  интернет шарлап отырып, Ресейдің бір сайтынан әкем туралы дерек тауып алыпты. Қарасам, бұл — әкемнің соғыс кезіндегі жасаған ерлігіне берілген мадақтау қағазы. Қолмен толтырылған құжатқа үлкейткішпен үңілмесе, түсіну қиын. Түсінгенім, әкем қаруластарымен бірге Оңтүстік-Батыс майданда шайқасқан. Славянск аумағындағы ұрыста жаудың 10 пулеметін, 15 автоматын, 10 граната мен мың патронын қолға түсіріп, тағы бір шайқаста немістің 10 жауынгер-офицерін тұтқындаған. Кескілескен ұрыс даласында ауыр жараланған. Әскерге алынғанға дейін Қарабұтақ ауданы Бөгетсай ауылдық кеңесінде хатшы болып жұмыс істеген. Жаңағы құжатта қысқаша осындай мәлімет беріліп,  сосын «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны жазылған.

Көзі тірісінде әкем бізге өзінің ерліктерін мақтанып айтып көрмепті. Тіпті соғыс туралы естелік айтқаны да есімде жоқ. Алайда үйде де, қызметте те тәртіпті талап ететінін бала болсам да түсінетінмін. Домбыра тартып, ара-тұра өлең жазатын. «Жұлдыз» журналының тұрақты оқырманы еді…

Қарашаш ӨКСІКБАЙҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button