Жеңіс

Естеліктер ғана сақталады

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы «Калини»н кеңшарының (қазіргі Құрылыс) тұрғыны, 20 жастағы жалындаған жас жігіт Бәйімбет Құлымбаев та 101-атқыштар бригадасына шақырылып, ұрыс қимылдарының  жүргізу тәсілдері бойынша мергендер тобында оқу-жаттығуға қатысып, майданның алғашқы күнінен бастап иығына қаруын іліп, ұрысқа кірісіп кеткен.

Ржев плацдармын бұзуға оң жақ қанаттан Батыс, сол жақ қанаттан Калинин майдандарының негізгі күштері  жұмылдырылған. Сол майданда жауынгер Бәйімбет те мергендігімен жанын аямай ерлік көрсеткен.

— Әкеміз Бәйімбет взвод командирі Далбаков, 101-атқыштар бригадасының  командирі Мұса Сәдібеков және парторг Ерекеновтермен майдан даласының қиыншылықтарын, қатерлі кезеңдерді бірге өткізгенін, талай қазақ жігіттері кеудесін от пен оққа төсегенін көзімен көргенін күрсініп айтып отырушы еді, — дейді балалары.

Ржев  майданында мыңдаған адам оққа ұшқан. Аман келгендері санаулы. Соның бірі Бәйімбет ата да 1943 жылы майданда қатты жараланып, госпитальге түсіп, 1944 жылы  елге оралған.

Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталғаннан кейін туған жері Ырғыз ауданы «Калинин» кеңшарының (қазіргі Құрылыс) жолдамасымен Темір техникумына түсіп, 1946-1947 жылдары зоотехник мамандығы бойынша оқыған алғашқы түлектердің бірі болды. Оқуды бітіргеннен кейін қазіргі Әйтеке би ауданы «Басқұдық» кеңшарында зоотехник  болып қызмет атқарды. 20 ұжымшардың зоотехнигі болған ол адал қызмет еткені үшін партия қатарына өтеді.

Отбасылық өмірі де сол кездері басталып, Рахман әжемен бас қосып, үйлі-баранды болып, тың игеру кезінде еңбек етеді. «Псков» кеңшарында ерлі-зайыпты екеуі бірдей еңбек ете жүріп, тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп, бақытты өмір кешкен.

Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін бірнеше төсбелгілермен марапатталған. Бәйімбет ата алпыстан асқан шағында өмірден өтеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, артында қалған ұл-қыздары әкесінің аялы алақаны мен ерлігін үнемі еске алып отыратынын айтады.

Бүгінгі күні соғыс ардагері Бәйімбет Құлымбаевтың суретін облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясынан көруге болады. Қызы Эльмира Басжанова әкесінің көзіндей көріп, үйінде сақтап келген құжаттарын музей қорына тапсырды.

Ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, біздердің жарқын бейбіт болашағымыз үшін жасаған ерліктерін мәңгілікке жадымызда сақтап, жылдар өтсе де Жеңісті алып келген батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Жаңылған ДАНАБАЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button