Жеңіс

Жеңіс жауынгерінің шөбересімін

Менің үлкен атам Орынбасар Көбегенов бұрынғы Новоресей ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келген. Қызыл армия қатарына 1940 жылдың күз айында шақырылады. Ал соғыс басталған кезде ел қорғау үшін қолына қару ұстап, майдан шебіне шығады. Қысқа мерзімді курста дайындықтан өтіп, кіші сержант шенін алған оның жауынгерлік майдан жолдары 5-ші гвардиялық кавалеристік дивизияның 24-ші гвардиялық полкі құрамында Украина, Белоруссия, Польша, Пруссия, Кенигсберг арқылы өтеді.

Менің қолымда атамның майдан өмірінен сақталған құжаттары бар. Оларға әрдайым үңіліп қарап, оның ел қорғау жолындағы ерлік істерін сезінгендей боламын.

Мәселен, мына бір ресми марапаттау қағазында жауынгер Орынбасар Көбегеновтің соғыс кезінде жаяу әскерлердің қолдауымен сегіз неміс танкісінің шабуылға шыққанын байқап қалып, оларды өз шебіне 100 метрге дейін жақындатып алып, қаруымен оқу жаудырғаны айтылады. Сөйтіп, қарсыластардың жолы кесіледі. Ержүрек жауынгер мұнымен де тоқтамай, танкіге отыз метрдей жақындап, гранатамен жау техникасын жарақсыз етеді. Осы ұрыста ол ауыр жарақаттанып, госпитальға жеткізіледі.

Бөлімше командирі болған атамның ерлігі үшінші дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденімен атап өтіледі. Кейіннен атама І дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі, «Ерлігі үшін» медалі және бар.

Ол кісі Жеңісті Шығыс Пруссия жерінде қарсы алады. Атамыз соғыстан кейінгі жылдары Новоресей ауданының «Көктөбе» кеңшарында ұзақ жыл бас бухгалтер болып қызмет атқарып, абыройлы еңбек еткен.

Ел қорғау — қастерлі де қасиетті, мәртебелі іс. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Отан қорғауға қатысқан ерлердің есімін мәңгілік есте қалдыру үшін «Естеліктер жолы» жобасын жүзеге асыруда. Мұнда Ұлы Отан соғысының қатысушылары туралы деректердің жалпыға бірдей қолжетімді бірыңғай базасы құрылады. Ресей Қарулы Күштерінің «Патриот» әскери-патриоттық бағыттағы мәдениет және демалыс паркі аумағында Жеңіс жауынгерлерінің портреттері аты-жөнімен жазылып, үлкен ескерткіш құрамақшы.

Біз атамыздың өмірдеректерін, майдандағы ерліктерінің ресми құжаттарын жинақтап, «Естеліктер жолы» жобасына жібердік, ол жақтан мақұлдау хабарын да алдық.

Енді биылғы Жеңіс күнінде өзімнің атам, майдангер Орынбасар Көбегеновтің ұлы, яғни өзімнің атам Жақсылықпен бірге Мәскеуге барып, осы ескерткіш жанында суретке түсіп, батыр бабамның аруағына тағзым етіп қайтуды ойластырғанбыз. Өкінішке қарай, елдегі жағдайға байланысты бұл сапарды кейінге қалдыруға тура келді.

Өзімнің атам Жақсылық Орынбасарұлы Ішкі істер министрлігі жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, қызметі  үшінші және екінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен атап өтілді, қазір құрметті еңбек демалысында.

Менің өзім қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Мектепті Хромтау қаласында оқып бітірдім. Еліміздің астанасында жоғары білім алып, қазір сонда еңбек жолымды бастадым.

Қайда жүрсем де, ел қорғаған жауынгердің ұрпағы екенімді және оның есімін алып жүргенімді мақтан тұтамын.

  Есет ОРЫНБАСАРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button