Жеңіс

Тыл тынысы тоқтаған жоқ

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы сарбаздарымыз соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені белгілі.

Ұлы Жеңіс күні қазір арамызда жүрген, соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.

Еңбекке ерте араласты

Тылдағы еңбектің ортасында жүргендердің бірі — Бағдәулет Әлиұлы. Ол Ойыл ауданының Берсиев ауылында дүниеге келген. Туған жерінен 7 сыныптық білім алған Бағдәулет Әлиұлы еңбекке ерте араласты. Соғыс жылдарында жас болса да, ауыр еңбекті үлкендермен бірге атқарып, шөп шабу, егіс ору секілді жұмыстарға көмектесті.

— Жұмыстың ауыры, жеңілі деген таңдау жоқ. Соғыстың қысылтаяң кезеңінде бала болсақ та, тылдағы жұмыстарға барынша атсалыстық. Ол жылдары тұрмыс жағдайы қиын болып, әрі қарай оқуға бара алмадық. Кеңшарда егін шаруашылығымен айналысып, кейіннен механизатор болып жұмыс істедім. 1958 жылы бұрынғы Гурьев зооветтехникумын бітіріп шығып, жолдамамен Қобда ауданында зоотехник болып қызмет атқардым, — дейді Бағдәулет Әлиұлы.

1960-1963 жылдары арнайы курстан өтіп, мамандық алып шыққан ол кейін бірқатар шаруашылықтарда бас бухгалтер, бас экономист болды. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққан Бағдәулет Әлиұлы қазір де еңбектен қол үзген жоқ. Бүгінде Қобда ауданында «Орынбек» шаруа қожалығын басқарып, жылқы, ара шаруашылығымен айналысып отыр.

— Тәуелсіз еліміз өз іргесін қалап, бойын тіктегелі барлық жағдай жасалуда. Шүкіршілік ету керек. Тәуелсіздік ата-бабамыздың аңсағаны еді, оған да жеттік, тәуба. Енді соғыстың бетін әрі қылсын, еліміз тыныш, бірлігіміз берік болғай, — деді сөзінің соңында.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button