Жеңіс

Қос қазына — киелі шаңырақ

Байғанин ауданының  Жаңатаң елді мекенінде дүниеге келген Кәрім Жақанов пен оның зайыбы Рәзия Жиенғазинаның да балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келген.

Сол кездегі 7-8 жастағы балалар еңбекке араласып, үлкендерге қолғабыс еткені мәлім. Кәрім Жақанов Қарасулы бойынан Жарқамысқа өгіз арба айдап, астық тасыған. Шөп шабысып, егін жинауға үлес қосқан.

Рәзия анамыз елде қалған әйелдермен бірігіп, майдандағы жауынгерлерге жылы киім-кешек тоқып, жіберіп тұрды. Анасымен қой бағып, мал сауып, соғысқа аттанған сарбаздарға азық-түлік жөнелтіп отырған. Әкесі Жиенғазы Молданиязов Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып елге оралған соң кеңшарда қой бағып, еңбек еткен. Социалистік Еңбек Ері атанған.

1957 жылы Кәрім Жақанов Рәзия анамызбен Жаңатаң елді мекенінде отау құрып , 40 жыл бойы кеңшардың малын бақты. Еңбектері бағаланды. Бірнеше жыл шопандар слетіне қатысып, кезектен тыс көлік алды.

Қазіргі таңда Мұғалжар ауданының Аккемер ауылында тұратын отбасы жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналды. Бүгінде 9 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған 28 немере мен шөберелерінің қызыға бөленіп отырған қазыналы қариялар.

Ұлы Жеңіс бізге балалық шақтың қызықтарын еңбекке айырбастаған осындай балғын сенім иелерінің үмітіне ілесіп келді. Жеңіске үлес қосқан балауса буынды да ешкім есінен шығармауы тиіс.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button