Экономика

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы: екінші жартыжылдықтың жемісі — 80 жоба. 12 мың жұмыс орны

Желтоқсанның 21-і күні Астанада  «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтардағы индустриялық жобаларды салтанатты түрде іске қосты. Телекөпір арқылы Мемлекет басшысы әр саладағы 8 жобаны іске қосқанымен, еліміз бойынша сол күннен бастап 80 кәсіпорын жұмысын бастады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИД) аясында елімізде жалпы құны 8 трлн. теңгеге бағаланған  294 жобадан тұратын индустрияландыру картасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама бойынша 160 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бесжылдық бағдарламаның бастапқы жылында  жалпы құны 805 млрд. теңге болатын 152 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Жоспарланған шаруа сәтті аяқталды. 72 ірі нысанның (жалпы құны — 459 миллиард теңге) тұсауын маусымның 28-і күні  «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде Елбасының өзі кесті. Нәтижесінде елімізде  12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Күні кеше пайдалануға берілген 80 жоба да (жалпы құны 450 миллиард теңге) 12 мың қазақстандықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр. Айта кету керек, бір жылда 152 ірі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұрын-соңды ешбір елдің тарихында болған жоқ.

Стратегиялық маңызы зор бағдарламаны жүзеге асыруда біздің облыс белсенділік танытты. Біздің өңірде санмен бірге сапа көрсеткіші де жоғары деңгейде. Биылдың өзінде облыста 43 инвестициялық жоба (жалпы құны — 140,1 млдр. теңге) жүзеге асырылды. Оның 24-і — ірі жобалар.

Республикалық басқару орталығының мониторингінде біздің өңірдің 33 жобасы (жалпы құны — 444,5 млрд. теңге) тұр. Олардың 12-сі республикалық, 21-і өңірлік картаға енген. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде 7600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында Ақордада өткен Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамыту мәселелері бойынша арнайы кеңесте Президент Әкімшілігіне бірінші тоқсаннан бастап индустриялық жобалар бойынша облыс әкімдерінің жұмысына рейтингтік бақылау жасауды тапсырған болатын. Рейтингіде біздің облыс республикада бірінші орында тұр. Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе облысы өзге облыстарға үлгі болып отыр. Бұл жөнінде еліміздің барлық өңірлерінде пайдалануға беріліп отыр­ған нысандардың макеттік көрмесімен танысу кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі  айтты.  Әрине, бұл облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған билік өкілдерінің тиянақты жұмыстарының жемісі, лайықты бағасы!

8 аса ірі жобаның бірі — Шилісай тыңайтқыш комбинаты

«Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 80 индустриялық-инновациялық жобаның ішінде ең ірі 8 жобаның тұсауын кесті. Сол ең таңдаулы, санаулы жобалардың бірі — біздің облыстың еншісіндегі  тыңайтқыш өндіретін комбинат.

«Темір-Сервис» ЖШС-ның бас директоры Нұрдин Дамитов Елбасына комбинатта  жаңа қуат үнемдегіш инновациялық технология енгізілгенін, соның арқасында ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласы үшін маңызды фосфор ұны өндірілетінін айтты. Тыңайтқыштың бұл түрін пайдаланғанда дәнді дақылдардың өнімділігі — 30 пайызға, ал майлы дақылдар — 50 пайызға артады екен. Фосфор ұнын шығара­тын зауыт ауыл шаруашылығына қажетті арзан минералды тыңайтқыш өндіруге мүмкіндік береді.

Ұнтақтау кешенінің операторы Талғат Сарқұлов та кәсіпорынның агроөнеркәсіп кешені үшін тиімділігін айтты.

Қадірменді Елбасы! Біз Сіздің Агроөндірістік кешенге көрсетіп жатқан зор қолдауыңызды жоғары бағалаймыз. Себебі, ауыл шаруашылығының әлеуеті артса, біздің өнімімізге деген сұраныс та күрт жоғарылайды. Жаңа өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз, — деді Талғат Сарқұлов.

Нұрсұлтан Назарбаев Шилісайда фосфориттің мол қоры бар екенін, оны ел игілігі үшін тиімді игеру қажеттігін айтты.

Бұл — біз үшін өте қажет өндіріс. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде өлең бар еді: «Біздің күш —  Қарағанды, Қарсақбайда, біздің күш —  мал өсірген Шилісайда» — деген. Мен Шилісайдың өндірісін бұрыннан білемін. Онда кезінде өте үлкен комбинат жұмыс істеді. Қазірдің өзінде кен қоры мол. Ауыл шаруашылығы үшін фосфор аса қажет. Баршаларыңызды құттықтаймын! Өндірісті іске қосыңыздар! — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Шилісай кен орнын геологтар өткен ға­сырдың отызыншы жылдары аш­қан. Ал мол табиғи байлықты игеру 1976 жылы қолға алынды. Арада үш жыл өткен соң фосфор ұнын өндіретін байыту фабри­касы (қуат­тылығы жылына 700 мың тонна) іске қосылды. Дегенмен, кәсіпорын тоқсаныншы жылдардың басында жабылып қалды.

«Темір-Сервис» ЖШС басшылығы Шилісай кен орнынан фосфор кенін өндіру үшін  тиісті орындардан 25 жылға рұқсат алыпты. Сөйтіп, вахталық поселок, өндірістік цехтар құрылысын салды. Республикалық индустрияландыру картасына енген бұл жобаның құны  2 млрд. теңгеден астам қаржыға бағаланған.

Әлемдік деңгейде өнім өндіреміз

Нұрдин ДАМИТОВ, «Темір-Сервис» ЖШС бас директоры:

— Шилісай фосфорит кен орнынан тыңайтқыш өндіретін комбинат — республикалық индустрияландыру картасына енгізілген ірі жоба. Жоспарға сәйкес, біз жыл сайын 200 мың тонна фосфор ұнын  өндіреміз. Жалпы, кен орнындағы шикізат көлемі — 800 млн. тонна. Кен қоры елу жылға жетеді. Комбинат екі кезекте пайдалануға беріледі. Бүгін бірінші кезеңі іске қосылып отыр. 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде 1000 маман жұмыспен қамтылады.

Шилісай комбинаты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосатын болады. Себебі, фосфор ұнының арқасында дәнді дақылдардан мол түсім алуға мүмкіндік бар. Мұндай тыңайтқыш шығаратын комбинат Қазақстанда бұған дейін тек қана Жамбыл облысында болды.  Тыңайтқыштың бұл түріне біздің еліміздің кәсіпкерлері ғана емес, сондай-ақ шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр.

Ірі инвестициялық жобаны қолға алмас бұрын біз 2008, 2009 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп сынақ жүргіздік. Сөйтіп,  фосфор ұнын Қостанай, Көкшетау қалалары мен жергілікті кәсіпкерлерге сұраныстарына байланысты жеткізіп бердік. Нәтижесінде, өнім 30 пайызға артық шықты. Әрине, бұл — зор жетістік. Айта кету керек, біздің өнім қолжетімді бағаға сатылады.

Жақын болашақта зауыттың екінші кезеңі іске қосылады. Онда  күрделі минералды тыңайтқыштар — диаммоний және моноаммоний фосфат шығарылатын болады.

Жоба толық қуатында жұмыс істеген­де кәсіпорын жылына 1,7 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Осын­да өндірілген фосфор ми­нералды  тыңайтқыштарының 60 пайызы Украинаға, Ресейге, Қытайға және Үндістанға экс­портқа шығарылады деп жоспарланып отыр.

Көптен күткен қуаныш

Марат СӘҢКІБАЕВ, инженер-технолог:

— Мен бұрын Шилісай комбинатында жұмыс істедім. Кеңес Одағы ыдыраған соң комбинат жұмысы тоқтады. Одан кейін түрлі салада қызмет еттім. Комбинат қайтадан іске қосылады дегенді естіп, біз, бұрынғы комбинаттың мамандары, қатты қуандық. Өз басымыз үшін емес, отбасын асырау үшін шын ниеттенген адамға жұмыс табылады ғой. Бұрын одақ бойынша дүрілдеп тұрған комбинаттың тұралап қалғаны ауыр тиген еді.  Міне, арада бірнеше жыл өткен соң облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың ықпалымен комбинат жұмысы қайтадан жанданды. «Темір-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іскер  басшысы Нұрдин Дамитовтің арқасында ел игілігі үшін аса қажет жоба өз өнімін шығармақшы. Тек бұл жоба ғана емес, ел экономикасын өрге сүйрейтін басқа да ірі өндіріс орындарының ашылуына, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жаңа нысандардың ашылуы экономикамызбен қатар әлеуметтік жағдайымызды да жақсарта түседі.

Жаңа өндіріс орнының пайдалануға берілуінің арқасында жүздеген адам жұмыспен қамтылып отыр.

Фосфор ұны мол өнім береді

Талғат САРҚҰЛОВ, оператор:

— Фосфор арнайы қондырғы арқылы диірменге жеткізіліп, ұнтатылады. Дайын өнім диірменнен соң бірден сыйымдылығы —1 тонна қаптарға салынады немесе тартылған бойда арнайы қондырғы арқылы жүк вагондарына (әр вагонға шамамен 60 тонна өнім сыяды) құйылады. Темір жолдың комбинатқа тура жүргізілуі өнімді өзге облыстарға, шетелдерге тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр.

Мен бұрын Шилісай комбинатында жұмыс істедім. Ол кезде құрал-жабдықтар басқаша болатын. Олармен жұмыс істеу күрделі-тін. Ал жаңа комбинатта жұмыс істеу едәуір жеңіл. Соңғы үлгідегі шетелдік технологиялардың арқасында тез әрі сапалы өнім өндіруге мүмкіндік мол. Шетелдіктер қондырғыларды орнатқан кезде бір ай бойы жастарды оқытты, құрал-жабдықтарды пайдалануды үйретті.

Біздің өнімге қазірдің өзінде сұраныс көп. Тек қана еліміздегі емес, Ресей мен Қытайдың фермерлері де келіссөз жүргізіп жатыр.

Біздің шикізат ауылшаруашылық өнімдерінен мол өнім алуда пайдасы көп.  Астықтың салмағын арттырады. Егін бітік өседі.

Комбинатта еңбек заңдылықтары жақсы сақталған. Мен Ақтөбе қаласынан қатынап жұмыс істеймін. Мұндағы жұмысшы мамандарды комбинаттың көлігі тасымалдайды.

400 елді мекен газбен қамтылады

Телекөпір кезінде көрсетілген ірі жобалардың бірі — «Бейнеу-Бозой-Қызыл­орда-Шымкент» магистральды газ құ­бырының құрылысы (жоба құны — 500 млрд. теңгеден астам). Құрылыстың басталуына байланысты желінің басты компрессорлық стансасында естелік құты (капсула) салу салтанаты өтті.

Бұл құбыр жолы — «Қазақстан-Қытай» магистралінің бір бөлігі. Құбыр біздің облыстағы Жаңажол кен орнынан шығатын отынмен толығып, Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарымен өтеді. Жаңа жоба 400 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Бұл жоба жүзеге асқанда Батыс Қазақстанның арзан газының игілігін оңтүстіктегілер де көретін болады.

Ірі стратегиялық жобаның ұзындығы — 1475 шақырым. Газ құбырын салу кезінде жұмысқа 3500 маман тартылады. Бірінші кезектегі тасымалдау қабілеті жылына 6 млрд. текше метр болады, ал екінші кезекте 15 млрд. текше метрге дейін көбейту жоспарланып отыр.

— «Бейнеу-Бозой-Қызыл­орда-Шымкент» магистральды газ құ­быры — Қазақстанға өте қажет құбыр. Біздің бүкіл оңтүстік аймағымызды газға тәуелділіктен арылтады.

15 млрд. текше метр газ құбыр желісі Бейнеуден Бозойға қосылғаннан кейін беріледі. Қазір, ең алдымен, газды Шымкентке әкелу мәселесі тұр. Қытайдың инвестициясымен, кадрларымен жасап жатырмыз. Жоба жүзеге асқанда, 1,5 млн. қазақстандық газбен қамтылатын болады. Артығын Қытайға сатамыз, — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен, әлемдік қаржы дағдарысымен тиімді күрескен ел Үкіметінің ағымдағы жылы да атқарған жұмыстары оң нәтиже берді. Елбасы биылғы Жолдауында «Индус­трия­лық даму — бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан та­бысты индустриялық держава болады — мен бұған әбден сенімдімін» деп атап көрсеткен болатын. Расында, стратегиялық маңызы зор бағдарламаның алғашқы жылының жемісінің өзі-ақ еліміздің дамыған державаға лайық қадам жасағандығын айғақтатады.

Айқара бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Елбасы қосқан 8 жоба

Мемлекет басшысы 8 ірі инвестициялық жобаны тікелей эфир арқылы салтанатты түрде іске қосты.

Шығыс Қазақстан облысы

Мыс балқыту және электролиз зауыттары

Сондай нысанның алғашқысы — «Қазмырышқа қарасты Өскемен металлургиялық кешенінде салынған мыс балқыту және электролиз зауыттары. Жобаның жалпы құны 124,5 млрд теңге. Зауыт жылына 70 000 тонна катодты мыс шығарады. Бұған дейін компания мыс концентраттарын сатумен ғана шектеліп келсе, енді оның құрамындағы мыс, алтын және күміс қосындылары бөлек алынады. Барлығы 16 түрлі металл өндіріледі. Өндіріс кеңейгенімен, қоршаған ортаға зияны азаяды. Тек қана 42 млрд. теңгенің өзі экологиялық қондырғыларға жұмсалған.

Алматы облысы

«Амиран» сүт зауыты

Алматы облысындағы «Амиран» сүт зауыты — Қазақ тағамтану академиясының жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Зауытты салуға 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы жұмсалды. Нысанда балаларға арналып тәулігіне 12 тонна табиғи сүт өнімдері дайындалады. Үнемі ғалымдардың бақылауында болатын өнімдер дәмді әрі пайдалы. Табиғи тағамның арқасында бүлдіршіндерде жиі кездесетін қаназдық, сусамыр, аллергия сынды аурулардың алдын алуға болады.

Павлодар облысы

Химиялық өнімдер шығаратын зауыт

Телекөпірде тұсауы кесілген ірі жоба — «Каустик» АҚ-ның химиялық өнімдер шығаратын зауыты. Кәсіпорын мембраналық технологиямен каустикалық сода, тасты тұздан натрий гипрохлориті мен тұзды қышқыл шығару өндірісін қолға алады. Кәсіпорын технологиялық үрдісте сынапты мүлдем қолданбайды. Сондықтан өндірістің адам денсаулығына және экологияға еш зияны жоқ. Зауыт өнімі қара және түсті металлургияда, жеңіл, тамақ, химия өнеркәсібінде, энергетика, ауыл және көлік шаруашылығында кеңінен қолданылады.

Маңғыстау облысы

Бұрғылау ертінділерін шығаратын зауыт

Қазақстанда бұрғылау ертінділерін шығаратын зауытқа балама жоқ. Жобаға 2 млрд. 250 млн. теңге жұмсалған. Зауыт жылына 84 мың тонна бұрғылау ертіндісін шығарады. Аталған өнім бұрғылау мерзімін анағұрлым қысқартып, мұнай ұңғымаларын пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Бұл өнімді пайдалансақ, суға мұнай төгілу сынды жайттар болмайды. Мәселен, Мексика шығанағындағы оқиғалар бұл жағдайда қайталанбайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Күркетауық етін өндіретін және өңдейтін құс фабрикасы

Оңтүстікте күркетауық етін өндіретін және өңдейтін «Ордабасы» құс фабрикасы ашылды. Нысанды салуға 4 млрд. теңге жұмсалды. Ферма жылына бес мың тонна құс етін өндіре алады. Өндірістік циклге құрама жем, инкубациялау, күркетауықты өсіру және өңдеу кіреді. Фабрика өнімі «Халал» стандарттары бойынша шығады.

Ақтөбе облысы

Тыңайтқыш өндіретін комбинат

Ақтөбе облысында тыңайтқыш шығарылатын болды. «Темір-Сервис» кәсіпорны фосфорит тыңайтқыштарын өндіреді. Кәсіпорын жұмысшылары түгел Қазақстан азаматтары. Қазіргі уақытта вахта қалашығы тұрғызылып, инфрақұрылым түзілген. Өндіріс орны жылына 200 мың тонна тыңайтқыш шығаруға қабілетті. Фосфоритті ұн өсімдік шаруашылығында кеңінен қолданылады.

Алматы

«Медеу-Шымбұлақ» курорттық кешені

«Медеу-Шымбұлақ» курорттық кешені де индустриялық бағдарламаның арқасында араға 60 жыл салып қайта құлпырды. Нысанды жаңғырту жұмыстарына 30 млрд. теңге бөлінді. Жобаны ағылшынның «Уэмбли» стадионын және «Арсенал» футбол клубының спорт кешенін жобалаған компания жасады. Дәл қазір гондольды және арқанды-орындықты жолдардың құрылысы аяқталды. Енді 40 күннен соң бұл жерде 7-ші қысқы Азия ойындары өтеді.

«Бейнеу – Шымкент» газқұбырының құрылысы

«Бейнеу – Шымкент» газқұбырының құрылысы да индустриялық-инновациялық бағдарламаға енді. Жоба құны  500 млрд. теңгеден астам. Бұл құбыр жолы —  «Қазақстан-Қытай» магистралінің бір бөлігі. Құбыр Ақтөбе облысындағы Жаңажол кен орнынан шығатын отынмен толығып, Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарымен өтеді. Жаңа жоба 400 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ауылға алдымен маман-агроном керек.Егін салу ұмтылды; техника көнерген,жағармай қымбат,
    ЖШС -ң дәрмені жетпей тұр.Тыңайтқыш туынды фактор. Ауылдың бұл жолы да жолы болмағаны
    ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button