Жеңіс

Тынымсыз күндер

Ұлы Отан соғысы жылдары майдан жауынгерлерінің ерліктері мен тылдағы еңбек адамдарының даңқты істері ерен еңбек үлгісін көрсетті. 

Конец ф1926 жылы Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында дүниеге келген Әшім Қуанышевтің балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен басталды.

«1941 жылы соғыс басталды деген суық хабар келді. Соғыс сөзінің мән-мағынасын толық түсінбесем де, үлкендердің іс-қимылдарынан оның елдің  берекесі  мен құтын қашыратын жағдай екенін ұғындым», — деп еске алатын атамыз.

Соғыс  басталған сәтте  әрбір үйден жалғызы мен жақсысын, жасы мен жайсаңын майданға шақырта бастаған.  Әшім Қуанышевтің ағасы Әбсаттар соғысқа аттанып, 1942 жылы Ленинград түбіндегі шайқаста қаза болды деген суық хабар келеді. Әшім анасына бұл суық хабарды біраз уақытқа дейін айта алмай қиналған.

1942 жылы 7 сыныптық білімі бар Әшім ата өз еркімен Бопай ауылындағы бастауыш  қазақ мектебіне мұғалім болып барады. Ондағы мақсаты — өзінен кейінгі  іні-қарындастарына  оқу мен жазуды үйретіп, сауатын ашу болды. Білгенінен  білмейтіні  көп  болса да, ұстаздарынан алған білімін кейінгілерге  үйретуден  жалықпады.

Бір мезгіл мектепте оқушыларға сабақ беріп болған соң, ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, тылда тынымсыз еңбек етті.

1945 жылы Жеңіс туының желбіреуі — қазақ ұлтының  тылдағы еңбегінің де жеңісі. Жұмысшылар мен шаруалар, ерлер мен әйелдер ортақ іске жұмыла кірісті. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, шаршаған қарттар мен әйелдер ауыр жұмыстан босатылып, ел шаруашылығын  қалпына  келтіруге  кіріскен  шақта  Әшім ата мен Көзалша әжемен отау құрып, әрі қарай елге деген еңбегін жалғастыра береді.

1947 жылдың  қыркүйек айында Қосағаш кеңшарында бухгалтер болып жұмыс атқара жүріп, Ақтөбе қаласындағы бухгалтерлер  даярлайтын оқу орнына түседі. Ол кезде Әшім атаның жасы 21-де болатын. Өзінің алғырлығымен, білімділігімен көзге түскен ол 1950 жылы Еңбекту ауылына бас бухгалтерлік жұмысқа ауысып, бұл лауазымды 1977 жылға дейін абыроймен атқарады. Ал 1977-1985 жылдар аралығында Әйтеке би ауданындағы қазіргі Аралтоғай ауылында кәсіподақ жұмысын басқарды.

Әшім ата мен Көзалша әже 4 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірді. Көзалша әже Кеңес Одағы тұсында «Батыр ана» атанса, ел Тәуелсіздік алғаннан кейін «Алтын алқа» иегері атанды.

Атамыз еңбегінің зейнетін көріп, елдің жаңалығын жібермей теледидар қарап, радио тыңдап, газет-журналдар оқып, басынан өткен қиын-қыстау кезеңдегі әңгімелерін немере-шөберелеріне сабақ болсын деп айтып отыратын. Өзінің жинаған үй кітапханасы қазіргі таңда немерелерінің қолында. Сол қалпы кітап сөрелерінде қаз- қатар жиналып тұр. Ұқыптылыққа сонау жастайынан құмар болған Әшім ата газет-журналдарын шашпай, бетіне бір қыртыс түсірмей жинап, сақтап қоятын.  Бүгінде 11 баласынан тараған  68 немере, 36 шөбересі бар. Шөберенің қолынан су ішкен Әшім ата 92 жасында, Көзалша әже 85 жасында өмірден озды.

Әшім ата 1945 жылы 6 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталса. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметі басшылары Кеңесінің 1999 жылғы 8 қазандағы шешімімен  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы  құрметіне «1941-1945 жж соғыс ардагері» белгісі тапсырылған. 2004 жылғы 17 қыркүйекте Украина Президентінің Жарлығымен «Украинаның фашистік басқыншылардан босатылуына 60 жыл» медалімен марапатталған.

Қаракөзайым ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ,

 жиен немересі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button