Тарих

«Түнгі Шалқар жарқырайды Мәжит салған жарықтан…»

Тағзым

Тумысынан туған жердің тіршілігімен біте қайнасқан тұлғаны тарих өшіре алмайды. Елдің есінде қалған:

Ауа райы «Януарда» суытқан,

Біздің Мәжит артық туған Сыдықтан.

Талай үйге газ тартып,

Тұрғындарды жылытқан.

Қала халқы су ішеді,

Мәжит салған құдықтан.

Түнгі Шалқар жарқырайды,

Мәжит салған жарықтан, — деген өлең жолдары өз иесін тауып айтылса керек.

Шалқар өңірінде бұл шумақ жеке адамға қатысты айтылса да, оның астарында тұтас қаланың өмірі жатыр. Иә, бұл өлең жайдан-жай шығарылып, айтылған жоқ. Жылу, су, жарық… халыққа осы үшеуінен артық не керек?

Әр заманның, әр ауылдың біртуар азаматы болады. Менің кейіпкерім Мәжит Сыдықов сондай мақтаулы адамдардың бірі болған. Ол туралы көзін көрген, бір кездері жұмыстас болған бүгінде, көзі тірі замандастары аңыз қып айтады.

60-70 жылдары Шалқар өңірінде сөзге де, іске де ұста, ауданның дамуына бір кісідей атсалысқан бір шоғыр азаматтар болды. Қуандық Ақшолақов, Жаңабай Жансүгіров, Шәуен Елмағамбетов, Сыражадин Әспеновтер жақын достар еді. Солардың ішінде Мәжит Сыдықовтың қала халқына сіңірген еңбегі әлі күнге дейін сайрап тұр. Соғыстан кейінгі Шалқар станциясы біраз қиындықтарды бастан өткерді. Жас Мәжиттің өмір жолы Шалқар қаласының дамуымен тұспа-тұс келді. Қаланың өркендеуіне бар күшін салып, өмірін арнаған жан. Бір мектепте қарапайым есепші боп жүрген жерінен, сол кездің тілімен айтсақ, «Горкомхозға» басшы боп келді. Қай заманда да халықтың қажеттілігін, тұрмысын түзеуге тікелей қатысы бар мекеменің атауы дардай болғанымен әр шаруаны лекерлеп бітіретін ұжым еді. Мәжит алдымен мекемені аяққа тұрғызды. Етек-жеңін жинастырып, іске кірісті. Содан кейін барып қаланың тамырына қан жүгірте бастады. Ол кезде ауызсу қаланың барлық көшесінде жоқ. Тұрғындардың тең жартысы суды тасып ішті. Мәжит ең бірінші әр көшеге ауызсу құбырын тартып, құдықтарды жиі орналастырды. Қала жұрты бұл бейнеттен құтылды. Әрине, коммуналдық мекеменің міндетіне бұл шаруа ғана кірмейді. Бірін бітірсең, екіншісі шыға беретін, әрі-беріден соң жақсы ат бермейтін жұмысқа тіршілік барда тоқтау жоқ.

Тұрғындардың ендігі тілегі — көше жолының дұрысталуы, көктемде арнасы толған Шалқар көлінің өткел бермеуі. Бұрындары  кейбір жерлерге күл-қоқыспен өткел жасалатын. Бірақ табаны тұрақты болмағандықтан су ағызып әкетеді. Мәжит бұл мәселені басқаша шешті. Оның жұмыс істеу қабілеті бір басқа, ұйымдастыру шеберлігі көп қатарластарынан озық тұратын. Жоғары жаққа сөзі өтімді болды. Ауданның басшылары Мәжиттің ұсынысынан, дәлелді пікірлерінен аттап кете алмайтын. Сол өткелдің жыл сайын шаршатып жіберетін жұмысы бәрін қажытса керек. Мәжит бұл шаруаны өз мойнына алып, тез бітірді. Туғалы қаланың өмірімен біте қайнасқан ол бәрін әріден ойлайтын. Көлді айнала дамбы салды. Бершүгірден тастар әкеліп төсеп, биіктетті. Оған көлікті де, адам күшін де өзі ұйымдастырды. Сөйтіп, өткел де, қала көшелері де бүтінделіп, тегістеле бастады.

Қазір Шалқар қаласына бара қалсаңыз, көшелердегі ағаш-талдардың легін көресіз. Осы талдар Мәжиттің қолтаңбасы десе, артық айтпағанымыз. Тұрмыстық мәселелер шешілгеннен кейін қаланы көркейту жұмыстары күн тәртібінен түскен жоқ. Тал егу керек. Ал оған су қайда? Іргедегі Шалқар көлінің суы мол болғанымен, әр көшеге өздігінен бармайды. Сондықтан бұған дейін Шалқар қаласы жалаңаш, ал әр үй бақша салуды ойламаған. Мәжит көлге сусорғыш қондырғылар қойып, қалаға су шығарды. Содан кейін барып көшелердегі тал да суарылып, әр үйден бақша салынды.

Әрине, мұның бәрі сол кез үшін тың жаңалықтар болатын. Қаржы тапшы. Талап жоғары. Бүгінгі жұмыс ертеңге қалмау керек. Әйтпесе басшылар бастан сипамайды. Осы жерде айта кетейік, Мәжит жұмысты басшылардың көңілі үшін жасамаған адам. Өз қаласына, ауылына бар күш-жігерін арнады. Сол жолда ешкімнен тайсалмады. Ойындағысын орындатты. Нәтижесінде Шалқар қаласының жыл сайын жолы жаңарып, көшелері көк желектермен көркемделе берді. Ол кезде қалада көгілдір отын болғанымен, оның тізгіні сонау Ресейде еді. Оның бер жағында қаншама ірі қожайын бар.

Мәжит қалаға газ тартуда көп еңбек сіңірді. Тіпті бұл шаруаны індетем деп, Ақтөбе мен екі араға жиі сабылды. Бірауыз сөзбен түйіндесек, Мәжит 5 мыңдай үйге көгілдір отын кіргізіп берген екен.

Замандастарының айтуынша, Мәжит жаңашыл адам болыпты. Үнемі ізденісте жүріп, жоқтан бар жасайды екен. Ол кісі жұмысына берілгені сонша — сағатпен санаспапты. Түнімен жылу қазандықтарын тексеріп, ақау табылып жатса, оны мамандар қайтадан іске қосқанша үйіне қайтпайды.

— Аты бар да заты жоқ мекеме Мәкеңнің арқасында іргелі шаруашылыққа айналды. Бірнеше саланы қамтыды. Қонақүй салдырды. Ауданға келіп-кететін әрбір қонақ, қызмет бабымен жиі соғатын мейман, жоғарыдан, тіпті шетелден келетін мәртебелі адамдар Мәкеңнің ықыласына, қонақжайлылығына тәнті болатын. Қаланы көгалдандырды. Қасында жүретін Мұрат Мәменов отырғызылған талдарды  күтіп ұстады. Малдан қорғау үшін ағаштан қоршау салды, — дейді көзкөргендер.

Мәжит айналасына өзі секілді білікті кадрларды жинай білді. Оларды үйретті. Солардың бірі — бүгінде зейнетке шыққан Сахан Оразбай былай деп еске алады:

1977 жылы 9 наурызда Мәжит ағам мені жұмысқа қабылдады. Алғашқы жұмысымды мастер болып бастадым. Ол кісі мықты психолог еді. Біздің жұмыста кез келген ұсақ-түйек нәрселерді қалт жібермеуің керек. Күндіз-түні жұмыс істейміз. Төрт жылдан соң мені бас инженер қылды. Содан 28 жыл бойы инженер боп қызмет істедім. Мәжит ағам мені көп нәрсеге үйретті. Баулыды. Тәжірибесін көрдім. Үйрене берсін деген болуы керек, мені жұмыс бабымен Ақтөбе қаласына жиі жіберетін. Ол кезде қаладағы монша, қонақүй, көшенің жарығы, көгалдандыру жұмыстары, газ, су, тағы басқа шаруашылықтар бізге қарады. Оның үстіне «похоронный бюро» да бізде. Жағдайын айтып келген кісіге бірден көмек бергізетін. Бас инженер болғандықтан бұл жұмыстың бәрін маған тапсырады. Қарап отырсам, «Горкомхоздың» айналыспайтын саласы жоқ екен. Сол жылдары Мәкеңнің айтуымен шағын жылыжай саламыз. Оған гүл, бақша дақылдарын егіп, өнімін ұжым қызметкерлеріне бөліп беретін. Ал жылыжайдағы гүлді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесінде ұжымның барлық жігіттері үйдегі аналарына, апа-қарындастарына, қыздарына сыйлаушы едік. Айта берсем көп. Ол болмысы бөлек адам еді…

Мәжиттей азаматтың Несібелідей сенімді өмірлік серігі, аяулы жары болды. Ұзақ жыл ұстаздық еткен Несібелі сол әулеттің қас-қабағына қарап, кіршіксіз қызмет етті. Ердің шырайын шығаратын әйел болса, Несібелідей болсын. Бұл — бірге жүрген, көзкөрген қатарластарының пікірі. Екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Оның екеуі — ұл, бесеуі — қыз. Қыздары бүгінде Сыдықовтардың өрісін кеңейтіп, бір-бір іргелі әулеттің  отанасы болып отыр. Үлкен ұлы Рахат Сыдықов Шалқар, Қарғалы аудандарының әкімі болды, кейін облыстық деңгейде басшылық қызметтерді атқарды. Ал кенжесі Қанат қазір әкесінің ісін жалғасыруда. Мәжит «Жалын» атты кооперативтік шаруашылық құрды. Талай үйге тегін газ кіргізіп берді. Бұл жақсылығын шалқарлықтар еш ұмытпайды. Бүгінде Қанат әкесі құрған шаруашылықты үзбей, жанар-жағармай бекеттерін салып, халық игілігіне қызмет етіп жүр. Мәжит —халықтың алғысын алған адам. Ол өмірден өткенде көпшілік көше атауын беруді сұрады. Қазір Шалқар қаласында Мәжит Сыдықов атындағы көше бар. Бұл —жергілікті тұрғындардың дүниеден өткеннен соң Мәжитке деген құрметі. Ал Мәжит көзі тірісінде «Қазақ КСР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрмыстық қамту қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» атағын алған. Бұл атаққа облыс бойынша санаулы-ақ адамдардың қолы жеткен.

Мәжит Сыдықовтың өмірден өткеніне биыл 21 жыл толады. Кезінде қалтқысыз қызмет еткен адамның еңбегі де, есімі де ұмытылмақ емес.

Тіршілікте қыруар шаруаның басы-қасында жүріп абыройлы қызмет ету кез келген адамның қолынан келмейді. Мәжит Сыдықов туралы естеліктер көп-ақ. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын». Ал Мәжит еккен талдар Шалқар қаласының көркін ашып қана қоймай, ғасыр алмасса да, сол кездегі ісінің куәсі боп әлі жайқалып тұр.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button