Басты жаңалықтарДенсаулық

Жылжымалы кешен — тиімді қызмет

Ақтөбеде вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ақпан айынан бастап облысқа 107200 доза «Спутник V» вакцинасы әкелінген. Барлығы 65513 адам егілген. Қазіргі күні қаладағы «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының ішінде медициналық пункт және Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион мен ірі сауда орындарының алдында жылжымалы кешендер жұмыс істеп жатыр. Қала тұрындары кез келген уақытта екпе алуларына болады.

Орталық стадион алдындағы жылжымалы кешенде мамандар сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Кешен сәуір айының жиырма сегізінен бастап жұмыс істеп тұр. Күніне жетпістен аса адам екпе алады.

Алғашқы уақыттағыдай емес, қазір тұрғындардың екпеге көзқарасы өзгерді. Халық бетперде тақпай, еркін жүргісі келеді. «Бетперде таққымыз келмейді. Егер ұжым болып алсақ, иммунитет қалыптасады» деп келетіндер көп. Енді бірі: «Балаларымыз алды, отбасымыздың амандығы үшін екпе алған дұрыс», — дейді. Тіпті сексеннен асқан қарт кісілер де келіп алып жатыр. Келушілердің алдымен қан қысымын өлшеп, бірнеше сұрақ қоямын. Егер қарсы көрсетілімі болмаса вакцина алады. Отыз минут осы жерде тынығып отырады, — дейді жылжымалы кешеннің жалпы тәжірибе дәрігері Айгүл Алтаева.

Жиырма сегізінші сәуірден бастап осы уақытқа дейін 545 адам екпе алыпты. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы қаулысы бойынша алғашқы дозадан кейін екінші доза 45 күн өткен соң салынады. Мәселен, жылжымалы кешеннен екпе алғандар екінші дозаны қаладағы кез келген емханадан алуына болады.

«Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының ішіндегі медициналық пунктке де келушілер көп. Орталықтың «Кинопарк» желісінде жұмыс жасайтын Салтанат Қомшина бүгін екпе алуға келіпті.

Алғашқы кезде екпе алуға жүрексінгенім рас. Бірақ айналамдағы әріптестерімнің бәрі алды. Оларда ешқандай жағымсыз әсер байқалмады. Содан кейін мен де екпе аламын деп шештім. Қазір бірінші дозаны алдым. Өзімді жақсы сезініп отырмын, — дейді Салтанат.

Ал қаладағы «Кәусар бұлақ» балабақшасының қызметкерлері Айнұр Маратқызы мен Гүлсім Берекенова әдейі вакцина алуға келіпті.

— Індеттен құтылудың ең тиімді жолы — екпе. Бетперде тақпай, бұрынғыдай алаңсыз, еркін жүргізім келеді әрі балабақшада жұмыс жасайтын болғандықтан, кішкентайлардың денсаулығын ойлайсың. Бала — біздің байлығымыз. Олардың дені сау болуы керек. Сондықтан көп ойланбай, бүгін алғашқы дозаны алдым. Дәрігер барлығын түсіндірді. Он бес минут уақыт өтті. Өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай аллергия, қызу байқалып отырған жоқ, — дейді Айнұр. Ал Гүлсім Берекенованың егілгеніне отыз минут уақыт болыпты. Жүзі жарқын, көңілді келіншек вакцинаның ешқандай әсерін сезінбегенін айтты.

Айнұр екеуміз бірге жұмыс жасаймыз. Бүгін екпе алуға шешім қабылдап, арнайы келдік. Балаларды тәрбиелейтін орталықта еңбек еткендіктен

санитарлық қауіпсіздікті барынша сақтап жүреміз. Алғашқы дозаны алғаныма жарты сағаттан асты. Көңіл күйім жақсы, қызу, өзге де жайсыздықты сезініп отырғаным жоқ. Жалпы, қарсы көрсетілім болмаса, тұрғындардың екпеден қашпағаны жөн, — дейді Гүлсім.

Медициналық пункттің медбикесі Гүлшат Құрманбекова вакцина алғандарда қан қысымы көтеріліп немесе өзге де кері әсер білініп, денсаулығы күрт нашарлағандар болмағанын айтады. Екпе алғандардың барлығы өздерін жақсы сезінген.

Жалпы, соңғы дерек бойынша елімізде 1 486 543 адам екпе алған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button