Саясат

Астана мерекелік декларациясы Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында

1. Біз, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің мемлекет және үкімет басшылары, Ыстамбұл­да­ғы жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның бұдан бұ­рын­ғы Кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демо­кра­тия­лық, ортақ және бөлінбес еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын өзі­міздің жақтайтындығымыз туралы тағы да мәлімдеу үшін Астанада жиналдық. Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын және жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы қабылдануының 20 жылдығын атап өте отырып, біз осы Ұйым не­гізделген қағидаттардың өзектілігін және біз­дің оны жақтайтынымызды тағы да қуаттаймыз. Біз айтарлықтай прогреске қол жеткіздік, бірақ та бұл ретте осынау арқаулық қағидаттар мен біз әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер саласында, әсіресе, адам құ­қық­тары мен негізгі еркіндіктері саласында өзі­міз мойнымызға алған міндеттемелердің толық құр­меттелуі мен орындалуын қамтамасыз ету үшін көбірек іс атқару қажеттігін де мойындаймыз.

2. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын және Хельсинки Қорытынды актісінен, Париж хартиясынан, Еуропалық қауіпсіздік хартиясы­нан және ЕҚЫҰ-ның біз келістірген барлық бас­қа құжаттарынан бастап ЕҚЫҰ аясында қабыл­данған нормаларды, қағидаттар мен міндеттемелерді өзіміздің толық жақтайтындығымызды, сондай-ақ олардың адал да толық орындалуына өз жауапкершілігімізді қуаттаймыз. Біз баршаны қамтитын, бастауын Қорытынды акт қалап берген ынтымақтастыққа, тең де бөлінбес қауіп­сіздікке негізделген және адам құқығы мен негізгі еркіндіктерін құрметтеуді бейбітшілікті орнықтырумен үйлестіретін және экономикалық әрі экологиялық ынтымақтастықты бейбіт мем­лекетаралық қатынастармен байланыстыратын тұғырнаманы жақтайтындығымыз туралы тағы да мәлімдейміз.

3. Қатысушы әрбір мемлекеттің қауіпсіздігі бас­қа барлық мемлекеттердің қауіпсіздігімен ажырағысыз байланысты. Әрбір қатысушы мемлекеттің қауіпсіздікке деген тең құқығы бар. Біз әрбір қатысушы мемлекетке тән өз қауіп­сіздігін қамтамасыз ету әдістерін олардың эво­лю­циясына қарай, одақтас шарттарын қоса ал­ғанда, еркін таңдау немесе айырбастау құқығын тағы да қуаттаймыз. Әрбір мемлекеттің сондай-ақ бейтараптыққа құқығы бар. Әрбір қатысушы мемлекет бұл тұрғыда басқа барлығының құ­қық­тарын құрметтейді. Олар өз қауіпсіздігін бас­қа мемлекеттердің қауіпсіздігі есебінен ны­ғайтпайтын болады. ЕҚЫҰ аясында бірде бір мем­лекет, мемлекеттер тобы немесе ұйым ЕҚЫҰ өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтыру үшін басым жауапкершілікке ие бола алмайды немесе ЕҚЫҰ-ның қандай да бір өңірінің бөлігін өз ықпалының саласы ретінде қарастыра алмайды. Біз халықаралық құқық бойынша міндеттемелерімізді, сондай-ақ басқа мемлекеттердің заңды қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, қауіпсіздік саласында өзіміздің заңды дербес немесе ұжымдық қажеттілік­терімізбен сәйкес келетін әскери әлеуетті ғана сақтайтын боламыз. Біз одан әрі ЕҚЫҰ аясында қабылданған қағидаттар мен міндеттемелердің бәрі бірдей әрбір қатысушы мемлекетке тең жағ­дайда таралатынын тағы да қуаттаймыз және де оларды толық көлемінде орындауға қатысты өз азаматтарымыздың алдында есеп беретінімізді және бір-біріміздің алдындағы жауапкершілікті атап көрсетеміз. Біз бұл міндеттемелерді өзі­міздің ортақ жетістігіміз ретінде қарастырамыз, сондықтан да олар барлық қатысушы мемлекеттер үшін тікелей және заңды қызығушылық туғызады деп санаймыз.

4. Бұл нормалар, қағидаттар мен міндеттемелер бізге бұрынғы егесті еңсеруде прогреске қол жеткізуге және ЕҚЫҰ-ның бүкіл өңірінде демократия, бейбітшілік және бірлік жолында бұрын­ғы­дан да ілгерілеуге мүмкіндік берді. Олар ХХІ ға­сырда   Хельсинки және Парижде белгіленген біздің барлық халықтарымыздың мүдделері тұрғысындағы жоғары мақсаттарды іске асыру жөніндегі біздің бірлескен жұмысымызда одан әрі бағдарлаушы болып қалуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның осы және басқа барлық құжаттары қатысушы мемлекеттер үшін бір-бірімен және олардың аумақ­тарындағы барлық адамдармен үндесудің айқын нормаларын белгілейді. Осынау берік іргетасты одан әрі нығайтуды жалғастыруға та­бандылық таныта отырып, біз мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың арасында қауіпсіздікті, сенім мен тату көршілікті нығайту жөніндегі өз міндеттемемізді тағы да қуаттаймыз. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ның рөлі бұрынғысынша айрықша маңызды екендігіне сенімдіміз және оны одан әрі күшейткен жөн. Біз ЕҚЫҰ-ның тиімділігі мен ықпалдылығын арттыру жұмысын жалғастыратын боламыз.

5. Біз ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық өңірде құрамы жағынан барынша кең және қауіпсіздік бойынша баршаны қамти­тын өңірлік ұйым ретінде мемлекеттердің кон­сенсусы және егемендік теңдігі негізінде, ашық үнқатысуды дамыту, қақтығыстарға жол бермеу және реттеу, өзара түсіністікті арттыру және ын­ты­мақтастықты нығайту үшін бірегей форум қыз­метін жалғастырып отырғанын мойындай­мыз. Біз ЕҚЫҰ Хатшылығы, Ұлттық азшылық іс­тері жөніндегі Жоғарғы комиссар, Демокра­тия­лық институттар мен адам құқықтары жө­ніндегі бюро және БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкіл, сондай-ақ олардың мандат­та­ры­на сәйкес қатысушы мемлекеттерге ЕҚЫҰ аясын­да қабылдаған міндеттемелерін орындауда жәрдемдесу ісіндегі жергілікті орындардағы ЕҚЫҰ құрылымдары жүргізіп отырған жұмыс­тар­дың маңыздылығын атап көрсетеміз. Біз ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясымен ын­тымақтастықты белсенді ету табандылығын жақ­­таймыз және оның қауіпсіздік пен демо­кратияны нығайту және ЕҚЫҰ-ның барлық өңір­лерінде және қатысушы мемлекеттерде әл-ауқатты арттыру жөніндегі, сондай-ақ қаты­су­шы мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арт­тыру жөніндегі оның күш-жігерін ынталан­дырамыз. Біз сондай-ақ Ұйымның сенім мен қауіпсіздікті нығайтудың тиімді шараларын әзірлеудегі елеулі рөлін де мойындаймыз. Біз олардың толық орындалуын жақтай­ты­нымызды және олар біздің ортақ әрі бөлінбес қауіпсіздігімізге елеулі үлес қосуын  жалғас­ты­руын қамтамасыз етуге деген өз табанды­лығымызды тағы да қуаттаймыз.

6. Қауіпсіздіктің адами, экономикалық-эко­ло­­гиялық және  әскери-саяси өлшемдері ая­сын­да біртұтас бірлік ретінде қарастырылатын қауіп­сіздік мәселелеріне деген ЕҚЫҰ-ның бар­ша­ны қамтитын және ынтымақтастыққа негізделген көзқарасы алмастырылмай қала береді. Адами тұлғаға тән қасиеттер баршаға ортақ қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып табылатынына сенімді бола отырып, біз адам құқығы мен негізгі еркіндіктері ажыратыл­май­ты­нын және оларды қорғау мен ынталандыру біздің ең бірінші міндетіміз болып табыла­ты­нын тағы да мәлімдейміз. Біз адами өлшем саласында қабылданған міндеттемелер барлық қатысушы мемлекеттер үшін тікелей және заңды қызығушылық туғызатын мәселелер болып табылатынын және тиісті мемлекеттердің тікелей ішкі істеріне жатпайтынын үзілді-кесілді және түпкілікті қуаттаймыз. Еркін де адал сайлауды және заң үстемдігін қоса алғанда адам құқығын, негізгі еркіндіктерді, демокра­тия­­ны құрметтеуді толық көлемде қамтамасыз етуде бізге көмектесетін азаматтық қоғам мен азат БАҚ-тар атқаратын маңызды рөлді баға­лаймыз.

7. Біздің жолымызда елеулі қатерлер мен сы­нақтар қалып отыр. Сенімсіздікті және қауіп­сіздік туралы түсініктердегі қайшылықтарды ең­серу қажет. Әскери-саяси, экономикалық-эко­логиялық және адами өлшемдер саласындағы біздің міндеттемелеріміз толық көлемде орын­да­луы тиіс. Адам құқығына, негізгі еркіндіктерге, демократия мен заң үстемдігіне кепілдік берілуі және құрметі арттырылуы қажет. Діни және наным еркіндігін орнықтыру жөніндегі және төзімсіздікпен және кемсітушілікпен күрес жөніндегі күш-жігерді өсіре түскен жөн. Эко­но­микалық-экологиялық сынақтардың біздің өңір­дің қауіпсіздігіне ықпал етуіне байланысты проб­лемаларды шешуде өзара тиімді ынты­мақ­тастық одан әрі дами түсуі қажет. Энерге­ти­калық қауіпсіздік проблемалары бойынша, со­ның ішінде біздің ынтымақтастығымыздың келісілген қағидаттары туралы  үнқаты­суы­мыз­ды жандандыру керек. ЕҚЫҰ өңірінде бар қақты­ғыс­тарды бейбіт құралдармен реттеу, келіссөз­дер жолымен, келісілген форматтар аясында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында, сондай-ақ Хельсинки Қорытынды актісінде бекітілген халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын толық құрметтеу жағдайында реттеу мақсатындағы күш-жігерді өсіре түсу керек. Жаңа дағдарыстардың пайда болуына жол беруге болмайды. Біз қандай да бір тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттарымен және қағидаттарымен немесе Хельсинки Қоры­тынды актісінің 10 қағидатымен сыйыспайтын күш қолдану немесе күш қолдану қоқан-ло­қы­сынан бас тартуға міндеттенеміз.

8. Қарапайым қару-жарақты бақылау режімдері және сенім мен қауіпсіздікті нығайту әс­кери саладағы тұрақтылықты, болжамдылықты және ашықтықты қамтамасыз етудің негізгі құралдары болып қалуда, оларды жаңарту және жаңғырту, оларға жаңа тыныс беру қажет. Біз қауіпсіздік саласындағы Ынтымақтастық жө­нін­дегі форумның жұмысын бағалаймыз және 1999 жылғы Вена құжатын жаңартуды мүдделілікпен күтудеміз. Біз ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы мемлекеттері үшін тұрақты да болжамды ахуал құруға Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы келісімнің қосқан үлесін бағалаймыз. Біз ЕҚҚКК толық мәнінде орындалмай отырға­нын және ЕҚҚКК бейімдеу туралы келісім (ЕҚҚККБ) күшіне кірмегенін атап өтеміз. Қа­лып­тасқан тығырық ахуалын еңсеру жөніндегі күш-жігердің жандануын атап өте отырып, біз қазіргі кезде 2011 жылғы келіссөздерге жол ашу­ға тиіс консультациялардың өтіп жатуына өз қолдауымызды білдіреміз.

9. Сонымен қатар қазіргі күрделі де өзара байланысты әлемде пайда болып жатқан лаң­кестік, ұйымдасқан қылмыс, жасырын көші-қон, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, кибер­қа­терлер, сондай-ақ жеңіл және ату қару­ларының заңсыз айналымы, есірткілер мен адам саудасы секілді трансұлттық қатерлерге қарсы тұ­рудағы мақсаттар мен іс-қимыл бірлігіне кө­бі­рек қол жеткізуге тиіспіз. Осындай қатерлер біз­дің өңірде немесе одан тыс жерлерде пайда болуы мүмкін.

10. Біз ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік көрші өңір­лердегі, әсіресе, Жерорта теңізі мен Азия өңірлеріндегі қауіпсіздікпен ажырағысыз бай­ланыста екенін мойындаймыз. Сондықтан бізге ынтымақтастық жөніндегі әріптестерімізбен өз­ара іс-қимыл деңгейін арттырған жөн. Атап айт­қанда, біз әрбір қатысушы мемлекеттің мүмкін­дік­тері мен ұлттық мүдделерін ескере отырып, тұрақты, тәуелсіз, өркендеуші және демо­кра­тия­лық Ауғанстанды құруға жәрдемдесу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ұжымдық күш-жігеріне тиімді үлес қосу қажеттігін атап көр­сетеміз.

11. Біз еуропалық қауіпсіздікті нығайтуға бағыт­талған бастамаларды құптаймыз. Корфу үдерісі белсенді етуге жәрдемдескен қауіпсіздік проблемалары бойынша біздің үнқатысуымыз өзімізге барлық үш өлшем бойынша біз бетпе-бет келіп отырған осы және басқа сынақтарға назарды күшейтуге көмектесті. Іс-қимыл уа­қыты жетті, сондықтан да біз осы сынақтарға қар­сы тұруда нақты да іске асарлық мақсат­тар­ды анықтауға тиіспіз. ЕҚЫҰ-ның біз үшін ортақ өңіріндегі барлық кеңістікте баршаға ортақ, ынтымақтастық пен бөлінбес қауіпсіздікке негізделген қоғамдық идеяны толық мәнінде жүзеге асыру үшін табанды түрде бірлесе жұ­мыс істемекпіз. Бұл қауіпсіздік қоғамдастығы ХХІ ғасыр сынақтарына жауап іздеуге бағыт­талған болуы тиіс және барлық үш өлшемде ЕҚЫҰ аясында ортақ нормаларды, қағидаттар мен міндеттемелерді біздің толық сақтауымызға негізделуі тиіс. Ол шектеу сызықтарынан, жанжалдардан, ықпал ету салалары мен түрлі қауіп­сіздік деңгейі бар аймақтардан ада бүкіл еуро­атлантикалық және еуразиялық өңірдегі барлық қатысушы мемлекеттерді біріктіруі тиіс. Біз мемлекеттеріміз арасындағы және олар мүшеле­рі болып табылатын тиісті ұйымдар мен институттар арасындағы ынтымақтастық теңдік, әріп­тестік өзара іс-қимыл, кең өкілділік және ашық­тық қағидаттарына құрылуы үшін жұмыс істейтін боламыз. Өзіміздің сан алуандылығымыздан күш алатын біздер ЕҚЫҰ аясында және басқа тұрпатта іс-қимыл жасай отырып әлсіремейтін табандылықтың және бірлескен күш-жігердің арқасында осынау өзекті мақсатқа қол жеткізу ниетіне берікпіз.

12. Осы мақсатта біз келесі Іс басындағы төр­ағаға қатысушы мемлекеттер ұсынған, со­ның ішінде Корфу үдерісі аясында және Аста­на­дағы жоғары деңгейдегі Кездесуге әзірлік ба­рысында ұсынылған идеялар мен ұсыныстарды ескере отырып, қазіргі бар тұрпаттар аясындағы бұдан былайғы қадамдарды жүзеге асыру үде­рісін ұйымдастыруды тапсырамыз және қазақ­стандық Төрағалықта жасалған әзірленімдер негізінде нақты іс-қимыл жоспарларын жасауға болашақ Іс басындағы төрағаларға көмек көр­сету үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге міндеттенеміз. Қол жеткізілген прогресс ЕҚЫҰ-ның Министрлер кеңесінің келесі кездесуінде қа­ралатын болады, ол 2011 жылғы 6-7 желтоқсанда Вильнюсте өтеді.

13. Қазақстанға біздің кездесуімізді өткізгені үшін, сондай-ақ бұл ел 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың сан алуан қиын міндетін атқарған күш-жігері мен энтузиазмы үшін өзіміздің терең ризашылығымызды білдіреміз. Біз Ұйымда 2011 жылы Литваның, 2012 жылы Ирландияның және 2013 жылы Украинаның төраға болуын құт­тықтаймыз.

ЕҚЫҰ-ның құжаттары ағылшын тілінде бекітілетіндіктен, басқа жұмыс тілдеріне, соның ішінде орыс тіліне де, аудармасы бейресми аударма саналады. Қазақша нұсқасы орыс тіліне бейресми аудармадан тәржімаланды.

«Егемен Қазақстан» газеті, 15 Желтоқсан 2010 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button