Басты жаңалықтар

Партиялық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр

 

Бүгін Nur Otan партиясы облыстық филиалының кезекті ХХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партияның облыстық филиалының және бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері айтылды.
Конференцияны ашып жүргізген облыс әкімі, Nur Otan партиясының облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин партияның Жарғысына сәйкес облыстық филиалдың сайланбалы органдары Саяси кеңестің, Саяси кеңес Бюросының және бақылау-тексеру комиссиясының өкілеттігінің мерзімі аяқталғанын жеткізді.

Екі жыл ішінде жүйелі жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өткен облыс әкімі:
— Nur Otan – нақты істер мен игі бастамалардың партиясы. Осы уақытқа дейін еліміздің көптеген тұрғындары бас партияның қолдауын сезініп келеді. Партия қоғамдық қабылдаулар арқылы облыс тұрғындарының өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырмай, нақты көмектер көрсетуде. Біздің басты міндетіміз – партиямыздың беделін көтеріп, ел азаматтарымен үнемі кері байланыс орнатып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын бақылау, — деді.
Айта кету керек, 2019-2020 жылдары партияның қоғамдық қабылдауларына 18 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Екі жылда оң шешілген мәселелердің үлесі 63 пайыз болса, биылғы жылдың 3 айындағы көрсеткіш — 65 пайыз. Мәслихат депутаттарымен, мемлекеттік органдардың басшыларымен, филиал төрағаларымен, заңгерлермен және медиаторлармен 3 мыңнан астам қабылдау өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қабылданған.
Есепті кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов партиялық жобаларға кеңірек тоқталды.
Оның айтуынша ардагерлер, мүгедектер, жастар, балалар, аналар және бизнес проблемаларын жүйелі шешуге бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» атты 5 партиялық жоба бойынша тиімді жұмыс жүргізілген. Жобаларды жүзеге асырудағы басты ресурс бастауыш партия ұйымдары болды. Олар сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас, адамдармен кері байланыс жасап, мәселелерін шешуге көмек көрсетілді.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында есепті кезеңде 234 іс-шара өткен. Бүгінгі таңда облысымызда 4157 тыл еңбеккерінің ішіндегі көмекке мұқтаж және жалғызбастылары есепке алынып, олардың әрқайсысына «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері бекітілген. Осы жоба аясында биыл қарияларды белсенді қоғамдық, зияткерлік, шығармашылық қызметке тарту үшін қаламызда екі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылады. Жыл соңына дейін 500-ден астам адамға қызмет көрсету жоспарлануда.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша Жол картасы әзірленіп, ата-аналардың белсенді еңбек етуі үшін жағдай жасалған. Екі жылда көпбалалы, аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайдағы 2402 әйел «Еңбек» бағдарламасы негізінде кәсіптік біліммен қамтылып, 480-і өз бизнесін ашқан. Ал оқудан өткен 545 әйел үйден өз бизнесін жүргізуде.
«Мектепке жол» республикалық акциясының арқасында партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдары және партия депутаттарының күшімен 2 мыңнан астам оқушы қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Пандемия кезінде «Біз біргеміз» акциясы бойынша 50 мың теңгеден 34 329 адамға 1 млрд 716 млн 450 мың теңге атаулы көмек берілген.
Облыста «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы да белсенді іске асырылып келеді. Екі жылда ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмысқа орналастыру бойынша 127 бос орындар жәрмеңкесі өтіп, 6242 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ерекше қажеттілігі бар жандардың ішінде жұмысқа орналастырылғандардың үлесі 30 пайызды құраған.
Ербол Данағұлов есепті кезең ішінде «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасы тиімді жүзеге асқанын атап өтті. Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты жаңа бағдарлама бекітіліп, оны іске асыру үшін жол карталары әзірленді. Сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылауды қамтамасыз ету үшін 12 өңірлік қоғамдық кеңес құрылған. Олар жергілікті атқарушы органдар үшін, сондай-ақ болашақта партияның сайлауалды бағдарламаларына енгізу үшін ұсынымдар әзірлеуі тиіс.
— Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осынау мерейтой аясында өңірде әлі де ауқымды шаралар атқарылатын болады, — деді Ербол Данағұлов.
Конференция соңында партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button