Жаңалықтар

Досжан ишан бағына  150 түп жеміс ағашы егілді

Былтыр Шұбарқұдықтан үш шақырым жердегі Досжан ишан бағын қайта қалпына келтіру жұмысы қолға алынып, 282 түп тал мен жеміс ағаштары егілген болатын.

Өткен аптада ишан бағына 150 түп жеміс ағашы егілді. Оның ішінде жабайы алма мен өзге де жеміс ағаштары бар. Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаеваның айтуынша, бұл жолы ағаштарды биыл мектеп бітіретін түлектер еккен, яғни солардың  аллеясы аталады.

Алдағы уақытта тағы екі жүз түп жеміс ағашын егуді жоспарлап отырмыз. Былтыр егілген ағаштардың басым бөлігі бой түзеп, көктеп тұр. Ишан бағының басында талдарды күтіп, баптайтын адамдар бар. Биылғы түлектер де өздері еккен талдарды суарып,  қараймыз деп отыр. Жастардың ишан ата бағын жандандыруға деген ниеттері қуантады. Сондай-ақ отбасымен келіп, бес-алты түп тал егіп жатқандар бар. Жалпы, халықтың ишан бағын қайта қалпына келтіруге деген құлшынысы зор, — дейді Нұрлыгүл Көшекбаева.

Еліміздің батыс өңірінде ислам дінін таратуға өлшеусіз үлес қосқан Досжан ишан Шұбарқұдықтан үш шақырым жердегі Шилі өзенінің бойынан он гектар жерге бау-бақша егіп, жерді баптап, халықты отырықшылыққа үндеген.

Кейін ишан еккен  жеміс-жидек үлкен баққа айналады. Алайда  хазірет көз жұмған соң, ағаштар қурап, күтім көрмейді. Уақыт өте келе бақтың тек орны ғана қалады. Былтыр осы бақты қайта гүлдендіру қолға алынған болатын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button