Ауыл

Қанайдың қуанышы — тұщы су

Облыста алғаш рет кешенді блок модуль арқылы ауылға ауызсу келді Бұдан былай тұщы су тұтынатын қанайлықтардың қуанышында шек жоқ.

Соңғы кезде шалғай да шағын ауылдарды ауызсумен қамтудың жаңа үлгісі шықты. Халық саны өте аз болғандықтан ауыз су құбырын тарту тиімсіз, әрі көп қаражатты керек етеді. Сондықтан облыс аумағы ауызсумен толық қамтылды десек те, таза суды тұтына алмай отырған ауылдар бар. Ал кейбір ауылдардың жерасты суы ащы. Сол себепті кешенді блок модулі арқылы ауызсуды бір жерден тұшытып береді. Солардың бірі — Қобда ауданы Жарық ауылдық селолық округіне қарасты Қанай елді мекені.

Кезінде 100-ге тарта үйі болған ауылда қазір небәрі 18-ақ түтін қалыпты. Ауылдағы бастауыш мектеп бұдан 5 жыл бұрын жабылған. Округ әкімі Ерлан Иманғазиннің айтуынша, тұрғын саны 100-ден сәл асады. Ал мектеп жасындағы оқушылар он саусаққа да жетпейді екен. Ауылдағы 9 оқушы 7 шақырым жердегі Ақырап ауылына барып оқиды. Балаларды таситын мектептің арнайы «ГАЗель» автокөлігі бар.

— Бұған дейін ауызсуды көрші ауылдардан қысы-жазы тасып келдік. Ауылдың құдығы өте ащы. Тек малды суаруға жарайды. Ауылға тұщы су келіп қуанып жатырмыз. Ащы суымыз арнайы сүзгілерден өткеннен кейін дәмі білінбей қалды. Кәдімгі таза су. Бұған өте риза болдық. Әкімдерге алғысымызды айтамыз, — дейді ауыл тұрғындары.

Жерден келген ащы су арнайы екі-үш сүзгіден өтеді. Қондырғылар Кореядан шыққан. Сапалы, көп бұзыла бермейді екен.

Қанайлықтардың қуанышын бөліскен Қобда ауданының әкімі Болат Құлов осындай әдіспен Қызылжар, Қоғалы, Ақсай ауылдары жыл аяғына дейін қамтамасыз етілетінін айтты.

Аудан орталығынан 50-60 шақырым жердегі Қанай ауылы ұзын жолдың үстінде. Көтерме тасжолы тегіс, жолаушылар қатынастан қиындық көрмейді.

Ауылдан шыққан азаматтар белсенді. Туған жеріне әркез жаны ашып, демеушілік танытады. Ауыл іргесіндегі қорымды қоршап қойған. Тұрғындар су алатын жерге тал егіп,  ол жерді қоршауды өз мойындарына алды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button