Денсаулық

Екпе — сақтық негізі

Ырғыз ауданында коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 адам тіркелді.  Оның ішінде 7 адамнан ауру белгілері анықталса, 5-еуі — симптомсыз.

Қазір ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ауру ошақтарына уақтылы дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, науқастар және байланыста болғандар оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. ПТР-тесттің қорытындысы бойынша оң нәтиже анықталған 12 науқастың алтауы инфекциялық стационарда ем алуда. Бір науқас емін аяқтап, үйге шыққан, қазір медициналық бақылауда. Ал симптомсыз 5 науқас және анықталған науқастармен байланыста болған 48 адам қазір үй карантинінде оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Жолдыбайдың айтуынша, бүгінге дейін ауданда коронавирус жұқтырған барлығы 65 адам тіркелген.

Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап ауданда Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак «Спутник V» вакцинасы егіле бастады. Алғаш болып алдыңғы шепте коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге салынды. Жалпы Ырғыз ауданы бойынша 16 наурыз-29 сәуір аралығында «Спутник V» вакцинасының 1-компонентін 860 адам алды. Оның ішінде медицина қызметкерлері — 145, педагогтар — 268, учаскелік полицейлер — 5, студенттер — 7, ішкі істер және төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері — 50, мемлекеттік қызметкерлер — 53,  басқа топтар — 332. Ал екпенің 2-компонентін алғандар саны — 279. Оның ішінде медицина қызметкерлері — 120, педагогтар — 68, учаскелік полицейлер — 3, ішкі істер және төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері — 24, мемлекеттік қызметкерлер – 9,  басқа топтар — 55, — дейді Т.Жолдыбай.

Айта кету керек, бүгінгі күні ауданда індеттің алдын алу мақсатында сақтық шаралары қатаң жүргізілуде.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button