Тарих

Доңызтаудың перзенті еді…

Сонау соғыс жылдарында балаң қалпында еңбекпен елге пайдасын тигізген, сөйтіп жүріп жетіліп, кейін білім алып, білім-ағарту саласында, ауыл шаруашылығында, партия қызметінде азамат болып қалыптасқан құрметті де еліне сыйлы аға Түрікпенше Әбенов қазіргі Байғанин ауданының Доңызтау өңіріндегі «Тасқабақ» ұжымшарында 1932 жылы 1 мамырда дүниеге келген.

Ол қырқыншы жылдары сол Доңызтаудан 200 шақырым жердегі Жарқамыс ауылына өгіз арбамен немесе жаяу қатынап оқып, өз ауылынан жалғыз өзі он жылдық орта мектепті бітіреді. Мектептен соң Ақтөбедегі педагогика училищесін 1950 жылы аяқтап, Доңызтау өңіріндегі «Осипенко» ұжымшарының бастауыш мектебінде қызмет етеді.

Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында 1951-1955 жылдары білім алып, оны үздік дипломмен бітіріп шығады.

Қазақтың белгілі лирик ақыны Сағи Жиенбаевпен Сыр бойындағы бұрын астана болған Қызылорда қаласында бірге оқып, жатақханада бір бөлмеде тұрған. Сағи Жиенбаевтың 50 жасқа толған тойын 1984 жылы туған жері Оймауытта өтуін ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтеді. Сол салтанатты тойға қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов пен кеше ғана дүниеден өткен композитор Ескендір Хасанғалиев та қатысқан.

Ол жоғарғы оқу орны қабырғасынан-ақ қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. Сол кездің өзінде облыстық партия комитеті жанындағы «Білім» қоғамында лектор болып қызмет етіп, аудандарға шығып, лекция оқиды. Институтты үздік дипломмен бітірген оған үш қызмет ұсынылады. Оның біріншісі — аспирантураға жолдама (ол кезде аспирантураға жолдама алу — маңдайыңа жарқырап жұлдыз біткенмен бірдей болған), екіншісі — Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге мұғалім болу, үшіншісі — Қостанай облысының Жетіқара қаласындағы қазақ орта мектеп-интернатының директорлық қызметі. Дегенмен оның таңдауы туған ауылы болды. Өйткені оның алдында еліне барып, жұмыс жасап, әкесі мен ағасын бағу міндеті тұрған еді. Анасы өзі оқып жүргенде 1951 жылы қайтыс болған және де туған ағасы бірінші топтағы мүгедек болатын.

Түрікпенше Әбенов — өткен ғасырдың елуінші жылдары Доңызтау өңірінен шыққан жоғарғы білімді тұңғыш азамат еді.

Бастапқыда Жаңажол орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып біраз қызмет жасап, содан соң Жамбыл атындағы ұжымшардың комсомол ұйымының хатшылығы тізгінін ұстады.

1962 жылы Жаңажол орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Әрине, өмір болғаннан соң алдыңда қиындықтар мен кедергілер де кездеседі. Сол кездегі облыстың оқу бөлімінің меңгерушісінің жасаған сынақ-кедергісінен сүрінбей өтті. Оның алғашқысы — жоғарғы білімді маман кадрлар жетіспейді деген шешіммен Жаңажол он жылдық мектебін жауып, сегіз жылдық мектепке айналдыру жөніндегі бұйрығына қарсы шығып, онжылдық мектептің жабылуына жол бермей, аман алып қалды. Екіншісі, Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектептің жанындағы интернатта оқып жатқан он шақты баланы сонау облыс орталығынан 500 км қашықтықта жатқан Оймауыт ауылына жіберген еді. Әрине, бұл сынақтан да сүрінбей, абыроймен өтті. Өзі тікелей басшылыққа барып, ол оқушыларды интернатқа орналастырып, жақсы оқу-тәрбие алуына жағдай жасады. Кейіннен ол оқушылар мектепті жақсы оқып бітіріп, әртүрлі жоғарғы білімді мамандық иелері атанды. Атап айтар болсақ: Б.Кемешов — Байғанин ауданының әкімі болса, Д.Елеуова — облыстық әкімшілікте бөлім меңгерушісі болып қызмет жасады.

Өзінің тынбай еңбек етуі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Жаңажол орта мектебін аудан бойынша оқу-тәрбие және де материалдық-техникалық жабдықтау, оқу кабинеттері бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Аудан бойынша алғашқы рет мектеп директорларының кеңесі мен оқу-тәрбие ісі жөнінде тәжірибе алмастыруы Жаңажол орта мектебінде өтті.

Тағы бір енгізген жаңалығы — Жаңажол орта мектебінің жанынан малшылардың балалары жататын интернат пен кешкілік орта мектеп ашуға ықпал етуі. Ол мектептен соғыс кезінде және де басқа себептермен оқи алмаған көптеген ауыл адамдары оқып, орта білімі туралы аттестат алды. Солардың ішінде сол кездегі «Жамбыл» ұжымшарының басқармасы болған Ленин орденді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Сұлтан Аманғосов та бар еді. Жаңадан ашылған Жаңажол орта мектебінің оқу-тәрбие ісі мен материалдық-техникалық базасын нығайтты. Жоғарғы білімді маман кадрлармен толықтырды.

Алдынан өткен шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз Түрікпенше Әбеновтің еңбегі зор. Оның шәкірттері туралы да ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы Қажығали Мұқамбетқалиев, ғылым докторлары Сайын Садықов, Иса Тәжединов, Амантай Қарақов, Кенжеғали Кенжебаев, аудан ауқымында басшылық қызметте болған белгілі азаматтар Бердіхан Кемешов, Бақберген Қарақов, Бақтығали Сандыбаев, Жаңбырбай Тәтеров, ұстаз Данағали Кенжебаев, дәрігер Жақсылық Қасымов, журналист Меңдіхан Әділханов және тағы да басқа оның тәлімін алған түлектер ол кісіні ешқашан ұмытқан емес.

Үлгілі ұстаз осындай еңбектері үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісіне ие болды.

Көзі ашық, көкірегі ояу Түрікпенше Әбеновтің ерекше бір атап өтерлік ерен еңбегі — «Оймауыт» кеңшарында 1966 жылдан бастап, ширек ғасырдай уақыт бойы партия ұйымының хатшысы болып үзбестей абыроймен қызмет етуі.

Ол білімі де, білігі де бай, әділдігіне ақылы сай, сауаттылығы мен жауаптылығы бірдей, төрт құбыласы тең дарынды да қарымды ұйымдастырушы екенін бірден танытты.

Азаматтық ар-ожданын қашан да асқақ ұстап, әділдікті ту еткен, адалдықтан танбайтын ол «Оймауыт» кеңшарының партия ұйымын жиырма алты жыл басқарғанда партиялық үрдісінен, баяғы төрт аяғы тең жорға жүрісінен бір жазған жоқ.

«Оймауыт» кеңшары бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық жарыстар жеңімпазы болып, Қызыл Туларды жеңіп алды. Кеңшар Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл табыстарда жігерлі, іскер партия қызметкері Түрікпенше Әбеновтің үлесі айрықша болған еді. Ол ауыл шаруашылығын дамытуға, өндірістік жоспарларды жүйелі орындауға сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды.

Ол өмірлік серігі Нәзирамен бес бала тәрбиелеп өсірді. Олар жоғарғы білім алып, еңбек етіп, әке тағылымын ақтаған перзенттер болып өсті.

Биыл өмір жолы өнеге, еңбегі қоғамда лайықты бағаланған, қауымға құрметті, ақкөңіл, ардақты да аяулы азамат Түрікпенше Әбеновтің өмірден өткеніне он жыл болыпты. Оның жарқын бейнесі әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Тағылым-тәлімі мәңгі ұмытылмайды.

Ерболат НАЗАРҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button