Спорт

Шапшаң голдар шаршатып тұр

Премьер-Лига

2-3 мамыр күндері 9-турдың кездесулері өтті. Бұл турда жанкүйерлерді ойландырып тастаған нәтижелер болмай қалған жоқ.

Ең сенсациялық нәтиже Шымкентте тіркелді. Бұған дейін жеңіске жетіп көрмеген, сол себепті де турнир кестесінің ең соңғы орнында келе жатқан «Тұран» сырт алаңда ел чемпионаты екпінділерінің бірі болып есептелетін «Ордабасы» командасын жеңді (1:0).

Өз алаңында «Қызылжар СК» командасының «Қайратпен» тең ойнауы да елең еткізерлік жаңалық болды (1:1).

«Қайсарды» 1:0 есебімен ұтып жатқан «Шахтер» өз футболшысының автоголы кесірінен тең есепті қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Екінші орында келе жатқан «Тараз» «Тобылдан» ойсырай ұтылып (0:3), бір саты төмендеді.

«Астананың» қатарынан алтыншы рет жеңіске жетуі заңдылық ретінде қабылданса, «Атыраудың» қатарынан үшінші рет ұтысқа ие болуы мұнайшылардың мерейін көтеріп тастады.

Украиндық шабуылшы Николай Ковталюк соққан үш гол (хет-трик) «Ақжайыққа» жеңіс әперді.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды өз алаңымызда өткізіп, «Астананы» қабылдады.

Алдымен айта кетеріміз, чемпионат басталғалы өз қақпамызға осы жолы 5-ші кездесуде шапшаң гол өткізіп алдық.

Алаң иелері ретінде ортаға кәдімгідей ойнақтап шыққан жерлестеріміз 9-минутта үстеріне біреу мұздай су құйып жібергендей күй кешті. Және алғашқы голдың соғылуы бұрыннан әбден таныс классикалық үлгіні қайталады да қойды. Бұл үлгінің көрінісі шамамен мынадай. Алаңның орта маңында жүрген футболшы оң немесе сол қанатпен ілгері қарай екпіндей жүгірген әріптесіне пас тастайды, ол допты қақшып алып, әуелі сол күйі ілгері, сосын кідіріп сәл кері қозғалады да, допты қақпаға төніп қалған үшінші футболшының аяғына салып береді. Сөйтіп, үшінші футболшыға аяғына оралған допты он метрдей жерден қақпаға қарата теуіп жіберу міндеті ғана қалады. Гол соғылады. Және қарсыластарының осындай әрекеттеріне қарсы қорғаушылар еш шара қолданбайды, доп соңынан жүгіріп те жарытпайды, шабуылшыларға аса бір бөгет жасауға да талпынып қарық қылмайды, аңырып қарап қалады. Өткен турда жерлестеріміздің «Таразбен» кездесуінде де осылай болған. Онда гол 11-минутта соғылып еді, бұл жолы 9-минутта Вараздат Ароян арқылы Тигран Барсегянға, одан өзіне келген пас арқылы Марин Томасов командасын ілгері шығарды — 1:0.

Бірінші тайм аяқталмай тұрып одан әрі сенімді ойнау үшін астаналық футболшылар біздің қақпамызға екінші голды да соқты. Қонақтар бір-біріне пас тастау барысында Ароян арқылы алдына келе қалған допты Валерий Чуперка сәл ыңғайына келтіріп алды да, жиырма-жиырма бес метрдей жерден қарсы алдындағы қақпаға қарай жер бауырлата тепті — 2:0.

Расын айтсақ, голға айналған екі соққының да аса құйтырқылығы жоқ, кәдімгі қатардағы соққылар болатын. Әсіресе, екінші гол қағылез қақпашы қақшып түсуге болатындай соққы еді.

Осы екінші гол ақтөбелік футболшылардың қорғанысы қандай дәрежеде екенін анық аңғартып өтті. Тіпті 33-минут шамасында  Жасұр Нарзиқұлов қақпаны тастап жүгіріп, біздің қорғаушыларымыздан оңай сытылып шыққан астаналық екі футболшыны жалғыз өзі тоқтатты, тағы бір голдан құтқарды.

Ал шабуылға келсек, ақтөбеліктер бұл тарапта да екі тайм бойы еш шеберлік көрсете алмады. Рас, шабуылды голға айналдырарлықтай бірер мүмкіндіктер болды, бірақ футболшыларымыз қақпа алдында абдырай қимылдап, нысананы дәл көздей алмады. Оның есесіне Жасұр қақпамызды тағы да кемі екі голдан аман сақтап қалды. Жалпы «Астана», әсіресе, екінші таймда есеппен қимылдап, допты бақылаудан шығармады. Қонақтар қақпаға соққы жасаудан да, соның ішінде допты қақпаға тура бағыттаудан да жерлестерімізден бір есе, екі есе жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сол себепті де олардың жеңісіне дау айтудың мүмкіндігі жоқ.

Осылайша «Ақтөбе» өз алаңымызда екінші рет жеңіліске ұшырады. Ал «Астана» көшбасылық тұғырын одан әрі мығым бекіте түсті.

«Егер ойынның бірінші бөлігін 1-2 доп айырмашылығымен ұтылудан бастасаң, одан әрі ұпай жинаудан немесе турнир кестесінің жоғары жағына жылжудан үміт күту қиын», — деп бастады ойыннан кейінгі сұхбатын «Ақтөбенің» бас бапкері Алексей Бага. Ол сондай-ақ жерлестеріміз төрт кездесуде бір ғана гол соққанын, ал қарсыластардың біздің айып алаңымызға тастаған пастары оп-оңай голға айнала салатынын айта келіп, командадағы қазіргі ахуалды салқын ақыл таразысынан өткізу керектігін әңгімеледі.

«Ақтөбе»-«Астана» — 0:2

Гол авторлары: Марин Томасов, 9-минут (0:1); Валерий Чуперка, 27-минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: әділхан Таңжарықов, 24-минут («Ақтөбе»), Тигран Барсегян, 74-минут («Астана»).

2 мамыр 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Михал Йерабек, Артурас Жулпа, Әділхан Таңжарықов, Армен Манучарян, Тонго Думбия, Антон Шурыгин (Виталий Волков, 62-минут), Рифат Нурмугамет (Максим Федин, 70-минут), Дидар Жалмұқан (Боян Дубайич, 62-минут), Максим Самородов (Демият Сламбеков, 83-минут), Игорь Сергеев.

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3 доп;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 3;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 9 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 3 рет тең түсті, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 9. Доп айырмашылығы — 12:17.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Тұран» — 0:1

Гол авторы: Темірлан Әміров, 30-минут (0:1).

79-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Бағдат Қайыров алаңнан қуылды.

3 мамыр 2021 жыл. Шымкент қаласы, «БИИК» спорт кешені. Көрерменсіз өткізілді.

«Қызылжар СК»-«Қайрат» — 1:1

Гол авторы: Денис Поляков, 28-минут (0:1); Әлібек Қасым, 78-минут (1:1.

3 мамыр 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 1500 адам.

«Шахтер»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Виталий Балашов, 7-минут (1:0); Евгений Павлов, автогол, 81-минут (1:1).

3 мамыр 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана-Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Тобыл»-«Тараз» — 3:0

Гол авторлары: Неманья Николич, 30-минут (1:0); Неманья Николич, 42-минут (2:0); Руслан Валиуллин, 82-минут (3:0).

2 мамыр 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 300 адам.

«Ақжайық»-«Жетісу»  — 3:2

Гол авторлары: Николай Ковталюк 23-минут (1:0); Александр Кислицын, 42-минут (1:1); Николай Ковталюк, 51-минут (2:1); Адам Адахаджиев, 73-минут (2:2); Николай Ковталюк, 86-минут (3:2).

3 мамыр 2021 жылОрал, «Ақжайық» стадионыКөрерменсіз өткізілді.

«Атырау»-«Каспий» — 2:1

Гол авторлары: Брайан Сильва, 17-минут (1:0); Алекс Бруно, 19-минут (2:0); Давид Караев, пенальти, 41-минут (2:1).

2 мамыр 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

*  *   *

9-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 23 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 18 ұпай;
  3. «Тараз» (Тараз) — 17 ұпай;
  4. «Қайрат» (Алматы) — 16 ұпай.
  5. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 14 ұпай;
  6. «Ордабасы» (Шымкент) — 13 ұпай;
  7. «Каспий» (Ақтау) — 12 ұпай;
  8. «Ақжайық» (Орал) — 12 ұпай;
  9. «Атырау» (Атырау) — 11 ұпай.

10.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 9 ұпай;

  1. «Шахтер» (Қарағанды) — 7 ұпай;
  2. «Қайсар» (Қызылорда) — 6 ұпай;
  3. «Тұран» (Түркістан) — 6 ұпай;
  4. «Жетісу» (Талдықорған) — 1 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 8 кездесуден өткізді.

*   *   *

10-тур кездесулері:

8 мамыр, сенбі

«Қайсар» — «Ақжайық»

«Қайрат» — «Шахтер»

«Тараз» — «Астана»

«Каспий» — «Ордабасы»

9 мамыр, жексенбі

«Тобыл» — «Атырау»

«ЖЕТІСУ» — «АҚТӨБЕ»

«Тұран» — «Қызылжар СК»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button