Рухани жаңғыру

Дара тұлғаның есімі ұлықталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, академик, ҚР Халық артисі, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі жанындағы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Салтанатты шараға даңқты тұлғаның шәкірті, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаев, мәдениет саласының басшылары мен филармония ұжымдарының көркемдік жетекшілері қатысып, ғалым туралы естеліктер айтты.

Әлем таныған әйгілі композитор, өнертану ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Жұбанов 1906 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында туған.

Ол алғаш 1934 жылы 11 адамнан құрылған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты.

— Ахмет Жұбановтың салып кеткен дара жолы өнер жолында дұрыс бағыт-бағдар берді. Ол — өзінің шығармашылық, композиторлық, ағартушылық қырымен танылған, кәсіби музыканың бастауында тұрған дара тұлға. Өздеріңіз білетіндей, атақты Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушы. Мен өзімді осы ғалымнан тәлім-тәрбие, өмірге жолдама алғаныма өте бақыттымын деп есептеймін, — дейді Ахмет Жұбановтың шәкірті Қайырғали Қожанбаев.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жұбановтар әуені» халықаралық фестивалін ұйымдастыру биыл пандемияға байланысты күз айларына жоспарланып отыр.

— Бүгін Ақтөбеде ғана емес, республика көлемінде Ахмет Жұбановтың 115 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Барша қазақстандықтар Ахаңды мақтан тұтады. Себебі қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби музыкант артына өшпестей із қалдырды. Бүгінде облыстық филармонияда 18 жылдан бері Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптары оркестрі жұмыс істейді. Олар қазір шетел сахналарында өнер көрсетіп жүр. Биыл індетке байланысты Ахмет Жұбановтың мерейтойына арналған көптеген шаралар кейінге шегеріліп отыр, — дейді ол.

Сондай-ақ бұл күні Ахмет Жұбановтың әйгілі «Қарлығаш» әні Ресей, Белоруссия, Хакасия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, басқа да әлем музыканттарының орындауында  шырқалған онлайн концерт өтті. Сонымен қатар хор жанры бойынша әлемнің өнер шеберлері бірігіп, Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін орындады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button