Спорт

Үшінші жеңіліс және үзілмеген үміт

Премьер-Лига

28-29 сәуір күндері 8-турдың кездесулері өтті. Әрине, жанкүйерлерге ең әуелі кестенің жоғары жағында тұратын командалардың ойын нәтижесі қызықты.

Ақтауда «Тобылдың» ойын кестесінің екінші бөлігінде келе жатқан «Каспий» командасынан ұтылуы (1:2) ерекше елең еткізген оқиға болды. Чемпионат басталғалы бірінші рет ұтылған қостанайлықтар бұдан соң 4-орынға сырғып түссе, «Каспий» 7-орынға жоғарылады.

Қызылордада «Қызылжар СК» командасының жергілікті «Қайсарды» жеңуі (2:1) де атап өтерлік жай болды.

«Шахтер» сырт алаңда «Жетісуды» талдықорғандық футболшының автоголы арқасында жеңді (1:0).

Қалған кездесулерде, негізінен, жанкүйерлер болжағандай нәтижелер тіркелді.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды Тараз қаласында өткізді.

Бұл ойында да біздің қақпамызға әдеттегідей шапшаң гол соғылды. Рас, әуелі «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына шүйілді. Одан соң бұны тараздықтар қайталады. Екі шабуыл да нәтиже бермеді. Дегенмен қайыра күшке мінген алаң иелері 11-минутта дегендеріне жетіп тынды. Орта тұстан тараздық футболшы ілгері жақта жүрген әріптесіне пас тастады, ол кері қайырылып, допты үшінші футболшыға жіберді, ал үшінші футболшы, яғни Бауыржан Байтана ойланбастан соққы жасады, гол — 1:0.

Бір өкініштісі, осы үш сәтте де біздің футболшылар алаң иелеріне жанталаса бөгет жасауға тырыспай қойды. Әйтпесе сол үш сәтте де көз байлап тастайтындай еш сиқырлы қимылдар болған жоқ, алаң иелері жай ғана пас алмасты. Біздің футболшылар әрлі-берлі зырқыраған допқа дұрыстап ұмтылмады да.

Бұдан соң да жерлестеріміздің кестесі келіспей қойды. Шабуыл өнбеді. Ал қорғанысқа келсек, әлгі гол соғылғаннан кейін 5 минут өтпей жатып Эрвейн Мукам біздің қақпаға оң қанаттан ентелей төнген тараздық футболшыны шалып құлатты да, пенальти белгіленді. Он бір метрлік нүктеге келген Педро Эуженио қателескен жоқ — 2:0.

Әрине, жерлестеріміз еш әрекет жасамады деуге болмайды. Екі-үш рет сәтті шабуылдар ұйымдастырып, «Тараздың» қақпасына шүйілудей-ақ шүйілді, бірақ футболшыларымыз бірде абдырап қалды, бірде соққыны дәл бағыттай алмады, әйтеуір, бармақ тістеумен болды. Сөйтіп жүргенде тараздық жас футболшы Дінмұхаммед Қараман 55-минутта біздің төрт бірдей қорғаушымызды сыпыра алдап өтіп, қақпашымызға және сан соқтырды — 3:0.

Тек 76-минутта ғана ақтөбелік шабуылшы Игорь Сергеев «Тараз» қақпасы алдындағы қарбалас сәтті тиімді пайдаланып, гол соқты — 3:1.

Бірақ қарымта гол санын бұдан әрі көбейтудің еш мүмкіндігі болмады.

Сөйтіп, «Ақтөбе» командасы осымен қатарынан үш рет ұтылды.

Рас, футболда әрқилы себептермен орын алатын сәтсіз ойындар тізбегі болмай қалмайтыны белгілі. Чемпионаттың бастапқы кезеңінде аса құлшыныспен ойнаған футболшыларымыз, кім білген, сондай кезеңге тап келіп қалған шығар. Алда жерлестеріміз әлі-ақ шабысты түзейді деп үміттенеміз.

Ойын соңынан өткізілген баспасөз сұхбатында ақтөбелік бас бапкер Алексей Бага ойыншылардың позициялық ым-жымы әлі де үйлеспей жатқанын, бұл жолы, бәлкім, старттық құрам дұрыс таңдалмағанын айтып, өз қателігін мойнына алды.

«Тараз»-«Ақтөбе» — 3:1

Гол авторлары: Бауыржан Байтана, 11-минут (1:0);  Педро Эуженио, пенальти, 16-минут (2:0); Дінмұхаммед Қараман, 55-минут (3:0); Игорь Сергеев, 76-минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Фейт Обилор, 50-минут; Абзал Таубай, 56-минут («Тараз») — Артурас Жулпа, 15-минут; Юрий Перцух, 52-минут; Әділхан Таңжарықов, 82-минут; Антон Шурыгин, 84-минут («Ақтөбе»).

24 сәуір 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 1000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Әлішер Әжімов (Демият Сламбеков, 46-минут), Рустам Темірхан, Артурас Жулпа, Әділхан Таңжарықов, Тонго Думбия (Антон Шурыгин, 75-минут), Юрий Перцух, Рифат Нурмугамет (Олег Чернышов, 75-минут), Дидар Жалмұқан (Максим Самородов, 60-минут), Эрвейн Мукам (Игорь Сергеев, 52-минут), Боян Дубайич.

Бас бапкер — Алексей Бага.

*   *   *

Бұдан бұрынғы 7-турда Оралда «Ақжайықпен» өткен кездесуде 5 футболшысы ескерту қағазын алғаны үшін «Ақтөбе» командасына Бақылау-тәртіптік комитетінің тәртіптік регламенті бойынша 291 700 теңге (100 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды. Ал өрескел тәртіп бұзып, алаңнан қуылған Михал Йеарбекті бір кездесуден шеттету ұйғарылды.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 3 доп;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 8 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 3 рет тең түсті, 3 рет ұтылды.  Ұпай саны — 9. Доп айырмашылығы — 12:15.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тұран»-«Атырау» — 1:2

Гол авторлары: Дмитрий Гузь, 2-минут (0:1); Олжас Керіжманов, 45+3 минут (1:1);  Жиан Мартинс, пенальти, 78-минут (1:2).

28 сәуір 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан-Арена» стадионы.

«Қайсар»-«Қызылжар СК» — 1:2

Гол авторлары: Арман Кеңесов, 32-минут (1:0); Әлібек Қасым, пенальти, 38-минут (1:1); Данило Алмейда, 51-минут (1:2).

29 сәуір 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион.

«Жетісу»-«Шахтер» — 0:1

Гол авторы: Рафкат Аслан, автогол, 34-минут (0:1).

29 сәуір 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы.

«Қайрат»-«Ордабасы» — 3:0

Гол авторлары: Адеринсола Эсеола, 61-минут (1:0); Штрели Мамба, 89-минут (2:0); Хосе Канте, 90+4 минут (3:0).

25-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Вагнер Лав алаңнан қуылды.

29 сәуір 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Каспий»-«Тобыл» — 2:1

Гол авторлары: Давид Караев, 31-минут (1:0); Никола Цуцкич, 72-минут (2:0); Оралхан Өміртаев, 90+5 минут (2:1).

28 сәуір 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Астана»-«Ақжайық» — 1:0

Гол авторы: Тигран Барсегян, 6-минут (1:0).

28 сәуір 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

8-турдан соң алғашқы төрттікте 20-15 ұпайдан жинаған төмендегі төрт команда келеді:

«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 20; «Тараз» (Тараз) — 17; «Қайрат» (Алматы) — 15; «Тобыл» (Қостанай) — 15 ұпай.

Одан соңғы үштікте, яғни 5-7 орындарда 13-12 ұпайдан жинаған командалар келе жатыр:

«Қызылжар СК» (Петропавл) — 13; «Ордабасы» (Шымкент) — 13; «Каспий» (Ақтау) — 12 ұпай.

9-6 ұпайдан жинаған төрт команда 8-11 орындарға жайғасты:

«Ақжайық» (Орал) — 9; «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 9; «Атырау» (Атырау) — 8; («Шахтер» (Қарағанды) — 6 ұпай.

Төмендегі командалар соңғы үш орында — 12-14 орындарда тұр:

«Қайсар» (Қызылорда) — 5; «Тұран» (Түркістан) — 3; «Жетісу» (Талдықорған) —1 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді. Ал «Тұран» бірде-бір жеңіске ие болған жоқ.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 7 кездесуден өткізді.

*   *   *

9-тур кездесулері:

2 мамыр, жексенбі

«Атырау» — «Каспий

«АҚТӨБЕ» — «АСТАНА»

«Тобыл» — «Тараз»

3 мамыр, дүйсенбі

«Қызылжар СК» — «Қайрат»

«Ордабасы» — «Тұран»

«Ақжайық» — «Жетісу»

«Шахтер» — «Қайсар»

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button