Білім

Кітап әлеміне құштарлық

Қазіргі таңда балалардың көпшілігінің көңілі компьютерлік ойындарға бейім тұратындығына қарамастан, кітап әлеміне құштарлықты жоққа шығаруға болмайды.

Әдеби кітапты оқу арқылы әсерлі сезімге, ерекше көңіл күйге, эстетикалық сұлулыққа бөлену, танымдық, энциклопедиялық білімге ие болу — баға жетпес рухани қазынаны игеру.

Кітап оқу — үлкен мәдениет пен интеллектуалдық жетістіктің негізі. Кітап баланың білімін молайтады, көп үлгі-өнеге мен тәрбие береді. Сондай-ақ ой-өрістің кеңеюіне, тереңнен ойлауға үйрете отырып, сөйлеу қабілетін, есте сақтауды, қиял көкжиегін дамытады.

Бұл ретте балғындардың ертегі оқуының маңызы зор. Онда баланы рухани азықтандыратын барлық элементтер бар. Ол баланы сөйлеуге, ойлауға, сезінуге, қиялдай білуге үйретеді. Ертегілер арқылы бала бойында адамдық қасиеттер дәнін егу мақсатын жүзеге асыруға болады.

Біз кітап арқылы бастауыш сыныптың өзінде-ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз. Оқушы мұғалімнің басшылығымен оқыған кітабының мазмұнын шама-шарқынша тиянақты  айтып беруге дағдыланады. Осындай дағдыларды меңгере келе, өз бетінше кітапты  таңдауға, іріктеп оқи білуге бағыт алады.

«Бар білімнің қайнар көзі — кітапхана!» —  деп Елбасымыз атап айтты. Балалармен тәрбие жұмысын жүргізуде кітапхананың орны бөлек, ол ерекше маңызды рөл атқарады. Бала кезде оқыған кітап көңілге тез ұялап қалады, адам санасында бүкіл өмір бойына өзінің ізін қалдырады.

Кітап оқуды насихаттау үшін жоғары деңгейде кітапханалық сабақтар, кездесулер, ауызша насихаттау, балаларға арналған түрлі журналдар, сайыстар, ертеңгіліктер ұйымдастырып, оқырмандар сусындайтындай, ой-пікір туғызатындай  етіп өткізу маңызды. Кітап оқитын бала бүгін — табысты оқушы, ал ертең — қалыптасқан, кемеліне келген жан-жақты әмбебап азамат! Ата-ананың балаға сыйлай алатын тамаша сыйы — олардың кітап оқуға деген мәдениетін арттыру болып табылады.

Елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Оның мақсаты —  халықтың тілін дәріптейтін  ұлтжанды ұрпақ өсіруге бағытталып отыр. Менің қазіргі таңдауымдағы сыныбымның оқушылары қазақ ертегілерімен бірге тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын оқуға ден қоюда. Сондай-ақ жерлес ақынымыз Ертай Ашықбаевтың бүлдіршіндерге арналған өлеңдері, журналист Әмір Оралбайдың «Әлия» деректі повесі оқырмандардың қызығушылығын тудыруда.

Бастауыш сынып оқушылары үшін рухани құндылықтарға, оқуға деген  қызығушылықты ояту мақсатында тәрбие сағатының алғашқы 15-20 минуттарында, үзілістер арасында ертегілерді оқу ұйымдастырылып отырады. Ертегі мазмұнын сахналап қою, ақындардың өлеңдерін бейнероликтерге түсіру, кейбір эпизодтардан рөлдік ойындар ойнату — бұлардың барлығы қазақ ертегілерін, ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен таныстыруда көп көмегін тигізеді.

Оқушы бойында Отанға, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу сезімін қалыптастыруда әдебиеттің көмегіне сүйену шын мәнінде ықпалды күш екенін ұмытпауымыз абзал.

 Ару ТҮМЕНБАЕВА,

№61 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button