БілімРухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру»: саналы тәрбие және сапалы білім

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңіріміздегі білім саласында біраз жұмыстар атқарылды. Облысымызда «Бақытты бала» жобасы іске асты. 8 бағыт бойынша жүзеге асқан ауқымды жоба барысында көп шаруа тындырылды.  Облыс мектептерінде 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайт құру бағдарламалары бойынша білім беретін 23 ІТ класс ашылды. Біздің облыста мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың ерекше механизмі қалыптасты. Ақтөбеде алғаш рет сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген,  ойлау қабілеті бұзылған балалар үшін «Нектар» арнайы балабақшасы бой көтерді. Сондай-ақ Қазақстан түгілі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері еңсе тіктеді. 81 жетім бала баспаналы болды.

Біз облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасармен аталған бағдарлама аясындағы жұмыстардың қорытындылары туралы сөйлескен едік.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы  төрт кіші бағдарлама — «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» бағыттарына  бөлінеді. Осы орайда «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру барысында көптеген игі іс тындырылды. Болашақтың іргетасының мықты болуы жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруге байланысты. Бағдарлама негізінде барлық білім беру мекемелерінде 3 бағыт бойынша «Өлкетану», «Отаным — тағдырым» және «Саналы азамат» жобалары іске асты, — дейді бөлім басшысы.

Бағдарлама аясында облысымызда «Бақытты бала» бірегей жобасы

жүзеге асырылды.  Бұл  мақсаттағы жұмыстар 8 бағыт бойынша қолға алынған болатын. Бірінші бағыт — балалардың IT әлемі. Басты мақсат — мектептер мен балабақшаларды интерактивті құралдармен жабдықтау. Екінші бағыт — сандық сауаттылық-мүмкіндіктер қалыптамасы. Үшінші бағыт — кедергісіз білім. Мақсат — мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау. Төртінші бағыт — салауатты болашақ. Бесінші бағыттың атауы — «Жарқын балалық шақ». Алтыншы бағыт — қосымша білім беруді дамыту. Жетінші бағыт — «Жақсылық жасауға асығыңыз» деп аталады.  Мақсат — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Сегізінші бағыт — «Мектеп-Отбасы-Қоғам» атты бірлестіктің жұмысын жандандыруды мақсат етті. Сондай-ақ бұл бағыт балаларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың ерекше механизмі

Облыс мектептерінде 23 ІТ класс ашылды. Оның 8-і Ақтөбе қаласында, 14-і аудандарда пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңір мектептері 24 3D принтер,  27  робототехникасы және  28 ультрақысқафокусты проектормен  жабдықталды. Біздің өңірде алғаш рет ойлау қабілеті бұзылған, Дауна синдромымен ауыратын, тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған балалар үшін «Нектар» арнайы (түзету) балабақшасы ашылды.

Сондай-ақ елімізде баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері бой көтерді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалар тынығады. Облыстағы 34 мектепте пандус салынды. Облыстағы  ерекше білімді қажет ететін барлық балалар және инклюзивті білім беру енгізілген білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен қамтылды. №2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ашылды, — дейді басқарма қызметкері.

Жоба аясында барлығы 177 спорт-ойын алаңы іске қосылыпты (көпфункционалды 46 спорт алаңы, 52 воркаут, 52 ойын алаңы,  27 хоккей корты).

Кәсіпкерлердің көмегімен ашылған 4 бірдей ірі жоба — ФИФА-ның халықаралық стандарттарына сай келетін, Қазақстанда баламасы жоқ соңғы үлгідегі футбол-жаттықтыру кешені, батут орталығы, еліміздің өзге 

өңірлерінде теңдесі жоқ, ашық аспан астындағы «Юрта парк» отбасылық демалыс саябағы және аквапарк та балаларға жасалған үлкен тарту, — дейді Асхат Ізбасар.

«Бұлақ көрсең, көзін аш»

Оның айтуынша, Ақтөбеде алғаш рет «KIDS СINEMA WORLD» балалар киносының фестиваль-байқауы ұйымдастырылды. Фестивальға арнайы шақырылған «Нысана» театрының директоры, актер Әбунасыр Серіков, актер Жан Байжанбаев, режиссер Марат Телеуов, Асқар Бисембин,  вайнер Нағима Ахметова қазылық етті. 5 бағыт бойынша өткізілген шараға 95 бала қатысуға өтінім білдірген болатын. Олардың 31-і жүлдегер атанды.

Өнерімен ешбір жерде танылмаған, танытуға мүмкіндігі де болмаған талантты балаларды үлкен сахнаға шығаруды мақсат еткен «Бақытты балалық шақ» фестивалі өтті. «Бақытты балалық шақ» фестивалі — облыстың  әр ауыл-аймағынан дарынды балаларды іздестіріп, бәйгеге қосқан ауқымды жоба. Шараға 3100 бала қатысуға ниет білдірді, оның алтауы — білім алуға ерекше қажеттілігі бар балалар. Жас ақтөбеліктердің өнерін белгілі өнер майталмандары бастаған қазылар алқасы тамашалап, үздіктерді іріктеді. Бұрын сахнада көрінбей жүрген жаңа таланттарды табуға ден қойылып, финалға 562 бала өтті, — дейді бөлім басшысы.

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 983 баланың есепшоттары  79 млн теңгеге толықтырылды. 81 жетім балаға пәтер кілті табысталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазхром» трансұлттық компаниясының демеушілігімен Ақтөбе қаласында Шығармашылық академиясы бой көтерді. Шығармашылық академиясын ашудағы басты мақсат — балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, болашақ мамандықтарына бағыт-бағдар беру. Мұнда балалардың ғылыми және шығармашыл қабілеттерін шыңдауға бағытталған 8 факультет 82 түрлі үйірме жұмыс істейді.

Айта кету керек, Шығармашылық академиясы 2018 жылғы мамыр айынан бастап Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтар Федерациясының мүшесі.

Оқулықтың жүгі

Облысымызда тарих, география, қазақ әдебиеті, музыка пәндері кіріктірілген Ақтөбенің тарихымен, географиясымен танысуға болатын «Өлкетану» оқулығы жарық көрді. «Өлкетану» оқулығы қазақ және орыс мектептеріндегі 5, 6, 7-сыныптарға арналған, тақырыптар 20 сағатты қамтиды. Оқулықта «Ой серпін, «Ой қазық», «Ой қазына», «Біліп жүр» атты айдарлар бар. Ондағы тапсырмалар қазіргі білім беру бағдарламасына сәйкес жеке, жұптық және топтық жұмыстармен қамтылған.

Бағдарлама аясында «Экоlife-Aqtobe» жобасы қолға алынды. Бұл жоба соңғы үлгідегі технологияларды, әртүрлі жұмыс түрлерін пайдалану арқылы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Жобаны іске асыруға 1-4 сынып оқушылары тартылады. Шара барысында тұрғылықты жердің экологиялық мәселелерін талдау, судың, ауаның, топырақтың ластану деңгейін қадағалайтын мекемелермен байланыс, экологиялық акциялар, сенбіліктер ұйымдастыру, табиғатты қорғау бойынша жұмыс жүргізіледі, — дейді Асхат Ізбасар.

Ақтөбеде «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты оқушылар арасында жас өнертапқыштардың облыстық байқауы өткізілді.

Сондай-ақ «КазРоботикс» федерациясының филиалы, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Робо-Көкпар»  және «Садақ ату» бойынша облыстық ашық чемпионаттар ұйымдастырылды.  Сайыстың мақсаты — оқушылар арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырумен қатар, робототехникалық бағытты насихаттау.

P.S.

Биыл еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шараларды өткізу формасы онлайн форматқа ауысты.

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясындағы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін ықпалы зор. «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық челленджі аясында «Едіге батыр» жырын мектеп оқушылары арасында жатқа айту байқауы өткізілді. Шараға  595 оқушы қатысты.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button