Денсаулық

Жүкті әйелдер қымбат тексеру түрінен тегін өтеді

МӘМС жүйесі бойынша жүкті әйелдер сақтандырылған азаматтардың қатарына кіреді. Сондықтан қымбат диагностикалық зерттеулер мен тегін медициналық көмектің толық пакетін алуға құқылы.

Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жүкті әйелдерге 300 мыңнан астам биохимиялық скрининг, 522 мың УДЗ, 4617 инвазивті пренатальды диагностика, оның ішінде молекулалық цитогенетикалық зерттеулер жасалған. Генетиктердің кеңесін 83 мың әйел алған.

Жүкті әйелдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық қызмет алу үшін жүктіліктің он екі аптасына дейін өзі тіркелген емханаға  есепке тұруға міндетті.

Сондай-ақ МӘМС туралы Заңның 26-бабына сәйкес жұмыс істемейтін жүкті әйелдер де жарна төлеуден босатылады. Бұндай жеңілдік әйел жүктілік бойынша есепке тұрғаннан кейін беріледі.

Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  ҚР кодексінің 81-бабында көрсетілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button