Денсаулық

Балаларға  қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қымбат тұратын медициналық қызметтерді тегін алуға болады. Алайда көпшілік жүйенің мүмкіндігін пайдалана бермейді. Мәселен, МӘМС пакеті арқылы балаларға көрсетілетін тегін қызметтің түрі көп. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтен осы мәселе төңірегінде сұрадық.

— Ата-ана баласы үшін медициналық сақтандыру жарнасын төлей ме?

— Жоқ. 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдетілген санатқа жатады. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сондықтан медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек балаларға толық көлемде қолжетімді.

Стоматологиялық қызмет көрсетушілердің  тізімін қордың сайтынан көруге болады. https://fms.kz/kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/.

— Балаларға арналған стоматологиялық қызметтер МӘМС пакетіне кіре ме? Қандай қызметтерді тегін алуға болады?

— 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетіледі. Ал медициналық сақтандыру бойынша стоматологиялық қызметтер пакетіне кіретін қызметті атап айтар болсам, олар — тісті жансыздандыру және жұлу, пломба салу, абсцесстерді ашу, пульпит, периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру, еріндер мен тілдердің пластикасы, рентгенография, ортодонтиялық қызметтер, жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы). Бұл қызметтерді  МӘМС пакеті арқылы тегін алуға болады.

Стоматологиялық көмек алу үшін  емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгінуге болады. Бірақ стоматологиялық қызмет көрсететін клиника сақтандыру қорының  әлеуеттік жеткізушісі, яғни қормен келісім жасаған болуы керек.

— Қандай жағдайда  балалар құрғақ сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі?

— Бір жасқа дейінгі балаларға құрғақ сүтті тіркелген жеріндегі емхана береді. Сүт қандай кезде тегін беріледі? Егер ата-ана нәрестені асырап алса, анасы АИТВ инфекциясының немесе туберкулездің қауіпті түрімен ауыратын болса, жіті психикалық, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларының, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулардың, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерімен ауырса, сүт тегін беріледі. Сондай-ақ балада туа біткен лактаза жеткіліксіздігі, галактоземия, фенилкетонурия, «үйеңкі шәрбаты» ауруы болса, анасы цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және есірткі дәрілік препараттарды қабылдаса, сүтті тегін алады. Әйел бірнеше баланы дүниеге әкелсе, емшек сүтінің жетіспеушілігі болса, күндіз оқу орнында оқитын болса, стационарда емделіп жатса, сүт тегін беріледі.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесімен толығырақ мына бұйрықтан танысуға болады: Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қаңтардағы № ҚР ДСМ-1/2020 бұйрығы.

— Созылмалы ауруы бар балалар оңалту шараларынан тегін өте ала ма?

— Созылмалы ауруы бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты түрде медициналық оңалтудан өте алады. Емхана дәрігерлері бұндай сырқатқа шалдыққан балаларда ауру асқынбас үшін динамикалық бақылау жасайды.

Пациенттің сырқатына  байланысты емхана мамандары жолдама береді. Осы жолдама негізінде емханаларда немесе күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында, үйдегі стационарларда оңалту емі жүргізіледі.

2020 жылы науқас балаларға  58 мың оңалту емі жүргізілген. Ем негізінен созылмалы сырқаты бар балаларға тағайындалған.

— Баланы спорттық секцияларға жазатын кезде ЭКГ жасалып, жүрекке  ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Осы қызметтерді тегін өтуге бола ма?

— Әрине. Ол үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің немесе педиатрдың қабылдауына жазылу керек. Дәрігер кардиологқа жолдама береді.

— Балалар дәрігерін қандай жағдайда үйге шақыруға болады?

— Бес жасқа дейінгі балалар қандай да бір ауруға шалдықса немесе денсаулығы нашарласа, учаскелік дәрігер үйге келіп қызмет көрсетеді. Ал бес жастан асқан балаларға дәрігер баланың жағдайына байланысты барады. Егер жағдайы алаңдатарлық  болса, алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманы, орта медицина қызметкері үйіне барып қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша және медициналық қызметтің сапасына қатысты қандай да бір өтініш, арызды Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBot телеграм-бот және 1406 байланыс орталығы арқылы жолдауға болады.

Жеке клиникаларда жоспарлы егуді тегін алуға бола ма? Ол үшін не істеу керек?

Ел Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес инфекциялық ауруларға, мәселен, туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококты инфекция, қызылша, қызамық және паротитке (свинка) қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда тегін жүргізіледі.

Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі жасына сәйкес Ұлттық егу күнтізбесімен белгіленген.

— Туа біткен жүрек аномалиясы диагнозы қойылған балаға медициналық көмек тегін жүргізіле ме?

Жүрегінде туа біткен ақауы бар балаларға медициналық көмек диагностикалау мен емдеудің барлық кезеңдерінде тегін көрсетіледі.

— Баланы балабақшаға немесе мектепке апаратын кезде медициналық анықтаманы  сатып алу керек пе?

— Сатып алудың қажеті жоқ. Балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін медициналық анықтаманы тіркелген жері бойынша емханадан сұратуға болады. Анықтамаға баланың физиологиялық параметрлері, аллергиялық реакциялар, созылмалы және бұрын инфекциялық аурумен ауырғаны, алынған екпелер, профилактикалық тексерулердің және зертханалық талдаулардың нәтижелері және тағы басқа да денсаулығына қатысты ақпараттар енгізіледі. Бала балабақшаға қабылданғаннан кейін медициналық картаны  балабақшаның медицина қызметкері толтырады.

— Балаларға профилактикалық тексерулерді қаншалықты жиі өткізуі керек?

— Бала туғаннан бастап кәмелеттік жасқа дейін жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуі керек. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында тексереді.

Профилактикалық тексерулердің жиілігі мен кезеңділігі Қазақстан Республикасы министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button