Денсаулық

Ақтөбе әлі де «қызыл аймақта»: сақтанайық!

Брифинг

Облыста 25 сәуірде бір тәулікте КВИ-мен ауырған 125 жағдай тіркелді. Бұл туралы Ақтөбе коммуникация қызметінде өткен «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» онлайн брифинг барысында айтылды.  Шараға қатысқан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы толық ақпарат берді.

Бір күнде тіркелген 125 адамның 83-інде ауру симптомдары байқалған, оның ішінде Ақтөбе қаласында — 66, Қобда ауданында — 3, Алға ауданында — 5, Мәртөк ауданында — 4,  Ырғыз ауданында — 1, Ойыл ауданында — 1 және  Темір ауданында 3 адам тіркелген. 42 адамда ауру белгілері байқалмаған (Ақтөбе қаласы — 24, Алға ауданы — 5, Қобда ауданы — 1, Мұғалжар ауданы — 7, Темір ауданы — 3, Шалқар ауданы — 2).

М.Сербаевтың айтуынша, пандемия басталғалы облыста КВИ-мен ауырған 8708 жағдай тіркелген, оның ішінде 61,7%-ында (5376 адам) ауру белгілері байқалса, 38,2%-ында (3332 адам)  байқалмаған.

— Жалпы  тіркелген  8708  науқастың 2,1%-ы (187/0) сырттан әкелген, 17,7%-ы (1548/34) — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 80%-ы (6973/91) —  жергілікті жағдайлар, оның ішінде 24,6%-ы (1716/16)  профилактикалық мақсатта тексерілген кезде анықталған. 25 тәулікте 125 адам инфекция жұқтырғаны анықталды, бұл науқастармен қарым-қатынаста болған 403 адам оқшауланды. Аурудың тәуліктік өсу қарқыны — 1,5 пайыз. Ауруды көбіне 30-35 жастағы азаматтар жұқтыратыны анықталып отыр (285 жағдай). 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру жұқтырған 180 жағдай тіркелді.  Балалар арасында да ауру көрсеткіші, өкінішке қарай, көбейіп отыр. Соңғы төрт аптадағы эпидемиологиялық жағдайды сараптасақ, аурушаңдық деңгейі өсіп отыр. 29 наурыз-4 сәуірде 587 жағдай тіркелген болса, 5-11-сәуірде 980 жағдай, соңғы аптада (21-25 сәуір аралығында) 1018 жағдай тіркеліп, аурушаңдық деңгейі 1,3 есеге артып отыр, — деді ол.

Басқарма өкілі берген дерек бойынша, соңғы аптада Хромтау, Мәртөк, Қобда аудандарында 4 адамда вирус анықталмаған өкпе қабынуы тіркелген. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыста КВИ-мен ауырған 5474 адам тіркелген, оның 439-ы — 18 жасқа дейінгі балалар.

— Соның ішінде 216 бала — офлайн, 223 бала онлайн форматта оқитындар. Соңғы тәулікте инфекция жұқтырған тағы 7 оқушы, 5 мұғалім, 1 медициналық қызметкер тіркелді. Барлығы 2375 инфекция ошағы бақылауда тұр. Оның ішінде 1960 үй, 412 ұйымдастырылған ұжымдық ұйым мен 34 медициналық ұйым бар.  Үй карантиніндегі 5571 адам дәрігерлердің бақылауында, — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, облыста пандемия басталғалы қауіпті инфекция жұқтырған 8708 адамның 1500-і өкпе қабынуымен ауырған. Бүгінге дейін 6410 (73,6 пайызы) адам ауруынан айығып шыққан. Жыл басынан бері 84 адам қайтыс болған.

— Бүгінде ковид жұқтырған 83 баланың жетеуі емханада, қалғаны үй жағдайында ем алып жатыр. Жалпы алғанда инфекциялық стационарларда 750 адам ем алып жатыр. Оны 519-ы — Ақтөбе қаласында, 231 адам аудандарда. Жан сақтау бөлімінде 50 науқас ем алып жатыр (оның ішінде қалада — 42, ауданда — 8). 7 адам жасанды өкпе желдеткішіне, 26 адам  инвавизті жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. 16 адам карантиндік стационарда, 4685 адам үй карантинінде бақылауда. Облыста инфекциялық стационарларда 1325 кереует бар. Оның 139-ы — жан сақтау бөліміндегі кереуеттер. Жалпы, кереует жүктемесі — 56,5 пайыз, жан сақтау бөліміндегі кереует жүктемесі — 36 пайыз. Резервте 2278 кереует бар. Қазіргі уақытта тест арқылы ауруды анықтайтын 11 зертхана жұмыс жасап отыр, мұнда күн сайын 5500 зерттеу жүргізіледі, — деді басқарма басшысы.

Қазіргі кезде аудандардағы инфекциялық стационарларда ем алып жатқандардың жағдайы  тұрақты. Қобда ауданында  42 адам емделіп отыр, Хромтау ауданында —  35, Қарғалы ауданында — 29, Мәртөк ауданында — 19, Алға ауданында — 19, Темір ауданында —25 адам, қалған аудандарда әрқайсысында екі адамнан тоғыз адамға дейін ем алып жатыр.

Р.Исаевтың айтуынша, ақпан айынан бастап өңірге ресейлік «Спутник V» вакцинасының 80200 дозасы әкелінген. Бүгінде облыста 38 397 адам вакцина алған.

— Өткен демалыс күндері өңірге ресейлік вакцинаның тағы 14 800 дозасы (бірінші компоненті), қазақстандық «QazVac» вакцинасының 2000 дозасы әкелінді. 30 сәуір күні  қытайлық «Hayat-Vax» вакцинасының 22 мың дозасы әкелінеді. Қытайлық вакцинаны алдымен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына қарасты мекемелер қызметкерлері салдырады, — деді ол.

Мамандар бұл инфекцияның балалар арасында да өршіп отырғанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар арасында да ковид жұқтырғандар тіркелген. Өткен тәуліктің өзінде балабақша жасындағы 4 баладан инфекция анықталған.

— Мұндай жағдайда тек науқас анықталған топты ғана карнтинге жабамыз. Қалған топтар балабақшаға бара береді. Себебі кейбір ата-аналардың балаларды үйде қарауға мүмкіндігі болмауы мүмкін, сондықтан бұған да түсіністікпен қарау керек, — деді М.Сербаев.

Облыста коронавирус инфекциясын екінші қайтара жұқтырған дерек тіркелмеген.

— Ковид жұқтырып, жазылып шыққан азаматтар кемінде алты ай бойы реабилитациядан өтіп, барынша күтініп, ем алуы тиіс. 4-6 айдан кейін ғана вакцина алуына болады, — деді Р.Исаев.

Басқарма басшылары Ақтөбе бұрынғыдай «қызыл аймақта» екенін естен шығармай,  аурушаңдық деңгейі күн сайын өсіп отырғандығын, сондықтан барлық санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін ескертті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button