Жастар

Грант ұтып, кәсіп ашты

Жыл сайын облыста мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие немесе грант алып, кәсіпкерлікке ден қоюшылардың саны артып келеді. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша бүгінде өңірде Шалқар және Мұғалжар аудандары көш бастап тұр. Осы орайда екі ауданда өз кәсібін жүргізіп отырған жастармен тілдескен едік…

Ақтотының тігін цехы

Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденованың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында жастар тарапынан жеке кәсіп ашуға ниет танытқандар көп болыпты. Атап айтсақ, ауданда 100-ден астам жас өздерінің кәсіпкерлік жобаларын ұсынып, нәтижесінде 17 жоба (құрамында 60 жас) жеңімпаз атанған. Олар мемлекет тарапынан барлығы 16 950 000 теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болып, өз кәсіптерін ашқан.

— 2019-2020 жылдары «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша ауданда 75 жас білім алып, оның 25-і грант жеңіп алған болатын. Олардың әрқайсысы 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қазір бизнестерін дамытып отыр. Сондай-ақ Волонтерлер жылында  Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасының қолдауымен «Экоорталық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер конкурсына 20-дан астам жас қатысып, оның алтауы грант иегері атанды. Қазір олар жастар орталығында жұмыссыздар ретінде тіркелген 12 жасты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар жалпы мөлшері 9 755 000 теңге грант алды, — дейді Ж.Әбденова.

Ауданда «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша 1 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алғандардың бірі — Ақтоты Жантілеуова. Ол бүгінде аудан орталығынан тігін цехын ашып, еңбек етуде.

— Бұл жобаға қатысқан соң менің жеке кәсіп ашуға деген қызығушылығым артты. Содан тігін цехын және дүкен ашуға бел байладым. Алдымен ұтып алған 1 миллион теңге грантыма тігін машинасын сатып алып, үйден тапсырыс қабылдадым. Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасының қолдауымен тағы 2 миллион теңге грант алып, оған ою оятын станок сатып алдым. Сондай-ақ былтыр Алматы қаласына барып, арнайы тігін курсын аяқтап келдім. Жас кәсіпкер ретінде өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар аудандық филиалынан арнайы грант ұтып алдым. Ол — шамамен 530 мың теңге. Оған мақта түтетін аппарат сатып алып, нәтижесінде тігін цехымды толықтай құрал-жабдықпен қамтыдым. Қазір цех қарқынды жұмыс жасап жатыр. Мұнда ұлттық нақыштағы құрақ көрпелерді, жастықтарды, қыз жасауын, сәбиге арналған көрпелерді, бесік құралдарын, қоржындар, шымылдық және ұлттық киімдер тігеміз. Ал дайын өнімдерімізді «Жібек жолы» аталатын дүкенімізге қойып, сатамыз. Тұрғындардан тапсырысты әлеуметтік желілер арқылы және дүкенде тұрып қабылдаймыз, — дейді Ақтоты.

Жас кәсіпкер бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы — 60 мың теңге.

Ақтоты бүгінде ұлттық нақыштағы, оюлы және құрақ көрпелерге, сондай-ақ қыз жасауына сұраныс жоғары екенін айтады. Оған дәлел — бүгінде Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ облыстың барлық аудандарынан тапсырыс берушілер көп.

— Қазақтың шаңырағы үшін оюлы көрпелердің орны бөлек. Сол себепті де мұндай көрпеге сұраныс көп. Сонымен қатар қыз жасауына да тапсырыс берушілер жыл санап артып келеді. Көрпелердің бағасы оның матасына, ою-өрнегі мен көлеміне байланысты. Мәселен, қыз жасауын алсақ, оның жалпы бағасы 250 мың теңге тұрады. Ал сәбиге арналған бесік жасауының орташа бағасы — 15 мың теңге.

Қазір матаның да, мақтаның да бағасы қымбат. Әзірге материалдарды Ақтөбе қаласынан арнайы барып әкелеміз. Болашақта мақтаны еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкелуді жоспарлап отырмыз, — дейді Ақтоты.

Жас кәсіпкер алдағы уақытта тігін цехын кеңейтіп, кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Облыс орталығынан тағы бір тігін цехын ашуды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Ақтотының негізгі мамандығы — теміржолшы. Кішкентайынан анасынан тігін тігуді үйренген ол осылайша тігіншілік өнерді терең меңгеріп алды.

Ақтоты отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.

Ем алушылардың көңілінен шығуда

Шалқарлық Болған Ешмағанбетова тұрғындарға массаж, хиджама, сүлік салу сияқты емдік қызметтер көрсетеді. Алғаш рет «Zhas Project» жобасы аясында 1 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, массажшы мамандығын меңгерген ол бүгінде өз ісін ашып, еңбек етуде.

Болған қазір Шалқар қаласында жергілікті кәсіпкер Айбану Қожабаеваның «Tuz-em» тұзды ем орталығынан кабинет жалға алып, тұрғындарға емдік қызметтер көрсетуде. Күніне кем дегенде 5-6 адамды қабылдайды. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар.

Менің массажшы мамандығын меңгеруге деген қызығушылығым «Zhas Project» жобасынан басталды. Осы жобаға қатысушы жастардың қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарының ақыл-кеңесімен осы бағыт бойынша өз кәсібімді ашуға бел байладым. Содан жобаға қатысып, грант ұтып, Ақтөбе қаласындағы «Бала-Массаж» орталығында екі ай бойы оқу курсынан өттім. Содан сертификат алып, аудан орталығына келіп, кабинет аштым. Былтыр желтоқсан айында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының арнайы грантын жеңіп алдым. Оған кабинетіме қажетті жабдықтар сатып алдым. Қазір аудан тұрғындарына массаж, хиджама жасап, сүлік саламын. Биылғы жылы келушілердің саны артуда. Ересектер де, балалар да риза. Шағым айтып келгендер болған жоқ. Өз ісімді ерекше жақсы көремін, — дейді Болған.

Оның айтуынша, карантин кезінде тұрғындар арасында массаж, хиджама жасатуға келушілердің қатары көбейген. Себебі массаж остеохондроз, скалиоз, протрузия, омыртқааралық жарық, қан қысымының көтерілуі не төмендеуі, бас ауруы сияқты аурулардың алдын алады. Бұл дерттің барлығы да иммунитеттің төмендеуінен болады. Сондықтан медицинада ересек адамдар үш айда бір курс (10 күн) массаж алып, денсаулығына қарауы керек. Сондай-ақ массаждың балалар денсаулығына пайдасы мол.

— Қазіргі таңда адам ағзасы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Ағзаны тазарту үшін артық қанды алдыру керек. Хиджама процедурасы қан айналымын жақсартып, артық қаннан арылтады. Хиджама – ежелгі дәстүрлі медицинаның бір түрі. Бұл емнің мақсаты —  адам ағзасындағы ет пен терінің арасындағы арам қанды шығару. Аталған процедура аурудың түрі мен диагнозына байланысты жасалады. Оны жасағанда адам денесіндегі арнайы нүктелерді дәл тауып, жасау керек. Сонда ғана дұрыс ем болады. Соңғы жылдары хиджама әдісі жоғары сұранысқа ие. Оған адамның аурушаң, иммунитетінің төмен болуы, тамақтануы мен экологияның да әсері бар. Қазір әлемде жүрек-қан тамырлары аурулары күрт көбейген. Ғалымдар қан алып емдеудің инфаркт болу қаупін төмендететінін дәлелдеп отыр. Ал сүліктің пайдасына келсек, ол қан ұюдың алдын алады, ісіктерді қайтарады, лимфалық және күретамырлық ағымды жақсартады. Әрбір адам 2-3 жыл сайын сүлік салдырып тұруы керек. Мұның да адам ағзасына пайдасы бар, — дейді ол.

Болған алдағы уақытта массажшы мамандығы бойынша жоғары білім алып, қазір үлкен сұранысқа ие тай массажын үйренгісі келеді. Сондай-ақ емдеу орталығын ашуды  армандайды.

Қазір біздің аудандағы «Tuz-em» орталығын жұрттың көбі біледі. Бұл жерге келіп ем алушылар көп. Осы тұрғыда маған көмек көрсетіп, қолдау білдірген Айбану Қожабаеваға, Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденоваға алғысым шексіз. Сондай-ақ маған үнемі қолдау көрсетіп отыратын отбасыма, жолдасымның ата-анасына ерекше ризашылығымды айтамын.

Мен ата-анамнан ерте айырылдым. Отбасымызда алты қызбыз. Кенжесі — мен. Қазір барлығының өз отбастары бар. Өмірдің көп қиындығын көрсек те, бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүрміз. Қазіргі қол жеткізген жетістігім үшін маған жанашырлық танытқан барлық жандарға ризамын, — дейді ол.

Шалқарлықтардың алғысына бөленіп жүрген Болған Ешмағанбетованың алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп.

«Жанымның нұры» — жаңа жоба

Пандемия кезінде аудандарда мұқтаж отбасылар мен балаларға көмек көрсетіп, қолдау білдірген еріктілер аз емес. Солардың бірі — мұғалжарлық жас Әсемгүл Қауымбаева. Ол  «Birgemiz: Saýlyq» ұлттық жобасына қатысып, грант ұтып алған.

Нәтижесінде ауданда «Жанымның нұры» қайырымдылық жобасын жүзеге асырып, тұрғындар мен мектеп оқушыларына тегін бетперде таратты.

«Birgemiz: Saýlyq» жобасы аясында 300 мың теңге грант ұтып алған Әсемгүл алған қаражатына тігін машиналары мен қажетті маталар сатып алыпты. Одан кейін аудандағы тігіншілік курсын оқыған, сондай-ақ тігіншілікке қызығушылығы бар ерікті жастарды жинап, жүздеген дана бетперде тіккен. Кейін Қандыағаш қаласындағы №2, №3, №4 мектептің директорлары мен әлеуметтік педагогтерімен келіссөз жүргізіп, аз қамтылған, мұқтаж отбасынан шыққан балаларға тегін 100 дана бетперде үлестірген.

Осы жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп, қол ұшын берген еріктілерге ерекше алғыс айтқым келеді. Атап айтсам, олардың қатарында Табиға Қауымбаева, Жазира Елемес, Гүлзина Имашова, Сандуғаш Сейілхан, Мәдина Өтегенова, Айым Ерғали, Ақмарал Қауымбаева, Ержігіт Сейілхан, Айдана Иманқұлова, Елдос Көңілтаев, Жұлдыз Тұрсынбаевалар бар. Сондай-ақ «Жанымның нұры» жобасының алғашқы серіктестерінің бірі, ауданымыздың жас кәсіпкері Гүлбану Аманжоловаға да ерекше ризашылығымды білдіремін. Гүлбану жоба аясында мұқтаж жандарға тегін 100 дана медициналық бетперде таратты, — дейді ол.

Қайырымдылық жобасын сәтті жүзеге асырған Әсемгүл осылайша көптің батасын алып, алғысына бөленді. Оның айтуынша, мектепте балалардың денсаулығы үнемі басты назарда болуы керек. Себебі жас ұрпақ — еліміздің болашағы.

Айта кету керек, Әсемгүл алдағы уақытта да осындай игі жобаларды жүзеге асырмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button