Спорт

Сырт алаң ұпай сыйламады

Премьер-Лига

23-24 сәуір күндері 7-турдың кездесулері өтті. Жанкүйерлер бұл турдағы бірнеше кездесудің нәтижесін таңырқай қабылдады.

Бұл турдың ең бір ерекше оқиғасы, әрине, «Атыраудың» күтпеген тұстан көрініп, «Қайратты» жеңуі болды (1:0). «Қайрат» чемпионат басталғалы бірінші рет ұтылса, «Атырау» алғашқы жеңісіне ие болды. Алматылықтар бірден 5-орынға сырғып түсті.

«Каспийдің» Ақтауда бұған дейін екінші орында келе жатқан «Тараздан» басым түсуі де (1:0) селт еткізер оқиға болды. Бұған қосарымыз, «Тараз» да биыл бірінші рет ұтылды.

«Ордабасының» Шымкентте «Қайсардан» 1:2 есебімен ұтылып жатып, екінші таймда жүйдемелете үш гол соғуы (4:2) команданың өз бәсін қалай түсірмеуі керектігінің көрнекі мысалы тәрізді болды.

Ал «Астана» мен «Тобылдың» кезекті жеңістері күткен есеп ретінде қабылданса, «Қызылжар СК» командасының жеңісі көп дәріптеле бермейтін клубтың биыл шынымен де биік мақсатқа қол созғанын аңғартты.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды Орал қаласында өткізді.

«Ақжайық» командасынан 0:1 есебімен жеңілді. Және бұл жеңіліс әлдеқандай «әттеген-аймен» ақталуға келмейтін күдіксіз жеңіліс болды. Алаң иелері ақтөбеліктердің қателігін сәтті пайдаланып, шапшаң гол соқты да, одан әрі қорғанысты берік ұстады. Ал «Ақтөбе» оралдықтарды қателестіре алмады, мығым қорғанысты бұзған сәттері болғанымен, қақпашыны қапы қалдырудың ретін таппай қойды.

Ал былайша қарасаңыз, жерлестеріміздің көрсеткіштері жоғары деңгейде болды-ақ. Алаң иелері біздің қақпаға қарата 10 соққы жасаса, «Ақтөбе» 14 соққы жасады. Қақпаға дәл бағытталған соққылар жөнінде де жерлестеріміз алда: оралдықтар 4 соққы жасаса, ақтөбеліктер 7 соққы жасады. Ойынның 67 пайызында доп біздің жерлестеріміздің аяғында жүрді. Оралдық команда 2 бұрыштама орындаса, ақтөбеліктер бұл мүмкіндікті 8 рет пайдаланды. Тіпті… Енді тәртіп бұзу жөнінен озып кеткеніміз мақұл болмады. «Ақжайықтың» еншісінде 1 «сары қағаз» болса, біздің команда «сары қағаздың» санын одан әлдеқайда асырып жіберді — 5. Бұған қосымша бір ойыншымыз «қызыл қағазға» ие болып, алаңды мерзімінен бұрын тастап шықты.

Міне, кездесудің жалпы көрінісі осындай.

Неге екенін кім білсін, «Ақтөбе» әуелі өз қақпасына гол соқтырып алып жүр. «Каспий», «Атырау», «Ордабасы», «Қызылжар СК» командаларымен ойындарда солай болып, жағдай кейін түзелген. Ал өткен турда «Шахтермен» және осы турда «Ақжайықпен» кездесулерде бұлай болмады. Жерлестеріміз өз қақпасына екеуінде де шапшаң гол өткізіп алды, сөйтіп қатарынан екі рет жеңілді.

Бұл жолы гол кездейсоқ соғылды деуге болады. Айып алаңының сыртынан әуелете жасалған пас біздің қақпаның дәл алдында жүрген оралдық қос футболшының алдына ыңғайлы түсе қойды да, Иван Антипов шалт соққы жасады. Қос футболшыны бақылаусыз жіберіп, қамсыз жүрген біздің қорғаушылар аңырып тұрып қалды, ал қақпашы еш қайла жасай алмайтыны және түсінікті — 1:0.

Бұдан соң алаң иелері қорғаныста қателеспеуге тырысты. Сол себепті де ақтөбеліктердің шабуылдары нәтижесіз аяқталумен болды. Оның үстіне оралдықтардың қарымта шабуылдары да аса еркінсуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп жүргенде қонақтар қорғанысынан саңылау тауып, біздің қақпаға тура тартқан оралдық футболшыны және бір гол соғудан Михал Йерабак өрескел тәртіп бұзу арқылы ғана тоқтатуға мәжбүр болды және дереу алаңнан қуылды.

Осылайша мығым қорғаныстың арқасында «Ақжайық» үш ұпайға ие болды. Бұл ретте «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Литовченконың  өз командасының кемі жарты жүгін көтергенін атап өткен жөн.

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Иван Антипов, 12-минут (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Эльдар Абдрахманов, 65-минут («Ақжайық») — Рифат Нурмугамет, 21-минут; Дидар Жалмұқан, 34-минут; Лаша Тотадзе, 54-минут; Армен Манучарян, 66-минут; Әлішер Әжімов, 85-минут («Ақтөбе»).

78-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Михал Йерабек («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

24 сәуір 2021 жыл. Орал қаласы, «Ақжайық» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Әлішер Әжімов, Михал Йерабек, Лаша Тотадзе, Армен Манучарян, Тонго Думбия (Еркебұлан Нұрғалиев 51-минут), Юрий Перцух, Дидар Жалмұқан (Игорь Сергеев, 67-минут), Рифат Нурмугамет, Максим Федин (Эрвейн Мукам, 51-минут), Боян Дубайич (Максим Самородов, 81-минут).

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 2 доп;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 7 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 3 рет тең түсті, 2 рет ұтылды.  Ұпай саны — 9. Доп айырмашылығы — 11:12.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»«Астана» 0:1

Гол авторы: Валерий Чуперка, 19-минут (0:1).

23 сәуір 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана-Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Тобыл»-«Тұран» — 5:0

Гол авторлары: Неманья Николич, 8-минут (1:0); Азат Нұрғалиев, 44-минут (2:0); Неманья Николич, 63-минут (3:0); Дмитрий Мирошниченко, 76-минут (4:0); Жаслан Жұмашев, 84-минут (5:0).

23 сәуір 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена». 600 көрермен.

«Қызылжар СК»-«Жетісу» — 3:0

Гол авторлары: Валерий Каршакевич, 20-минут (1:0); Әлібек Қасым, 44-минут (2:0); Данило Алмейда, 80-минут (3:0).

24 сәуір 2021 жылы. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 1800 адам.

«Ордабасы»-«Қайсар» — 4:2

Гол  авторлары: Жоао Пауло, 21-минут (1:0); Каролис Лаукжемис, 25-минут (1:1); Каролис Лаукжемис, 36-минут (1:2); Тимур Досмағамбетов, 61-минут (2:2); Жоао Пауло, 63-минут (3:2); Рубен Бриджидо, 88-минут (4:2).

24 сәуір 2021 жыл. Шымкент қаласы, «БИИК» спорт кешені. Көрерменсіз өткізілді.

«Атырау»«Қайрат» 1:0

Гол авторы: Жаслан Қайыркенов, 47-минут (1:0).

23 сәуір 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Каспий»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Уаджди Сали, пенальти, 30-минут (1:0).

23 сәуір 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

7-турдан соң алғашқы алтылықта 17-10 ұпайдан жинаған төмендегі алты команда келеді: «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 17; «Тобыл» (Қостанай) — 15; «Тараз» (Тараз) — 14; «Ордабасы» (Шымкент) — 13; «Қайрат» (Алматы) — 12; «Қызылжар» (Петропавл) — 10.

Одан соңғы бестікте, яғни 7-11 орындарда 9-5 ұпайдан жинаған командалар келе жатыр: «Каспий» (Ақтау) — 9; «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 9; «Ақжайық» (Орал) — 9; «Қайсар» (Қызылорда) — 5; «Атырау» (Атырау) — 5 ұпай.

Төмендегі командалар соңғы үш орынға — 12-14 орындарға жайғасты: «Шахтер» (Қарағанды) — 3; «Тұран» (Түркістан) — 3; «Жетісу» (Талдықорған) — 1 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» мен «Тобыл» еш ұтылыссыз ойнап келеді. Ал «Тұран» бірде-бір жеңіске ие болған жоқ.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Ордабасы» мен «Қызылжар СК» командалары әзірге 6 кездесуден өткізді.

*   *   *

8-тур кездесулері:

28 сәуір, сәрсенбі

«ТАРАЗ» — «АҚТӨБЕ»

«Астана» — «Ақжайық»

«Каспий» — «Тобыл»

«Тұран» — «Атырау»

29 сәуір, бейсенбі

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Жетісу» — «Шахтер»

«Қайсар» — «Қызылжар СК»

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button