Басты жаңалықтарСпорт

Олар Токио Олимпиадасына қатысады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Токиода өтетін ХХХІІ Олимпиада ойындарына қатысатын лицензия иегерлері — халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виталий Худяков, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Нұрислам Санаев, еркін күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Юсуп Батырмырзаевпен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.

Облыс басшысы кездесуге келген спортшылардың еңбектерін атап өтіп, Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі қазірдің өзінде спортшылардың өздері үшін де, олардың жаттықтырушылары үшін де үлкен жетістік екенін атап өтті.

«Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сіздер әлемдік деңгейдегі спорттық шараға қатысасыздар. Олимпиада ойындарында сіздер тек біздің облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның атынан шығасыздар. Токиодан олимпиадалық медальдармен ораласыздар деп сенемін», — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық спортшыларға дайындық кезінде көмек көрсетілгенін және барлық қажетті жәрдем берілетінін айтты.

Палуан Нұрислам Санаев облыс басшысына олимпиадашылар атынан алғысын білдірді.

«Сізбен кездесу біз үшін керемет ұмтылыс береді. Ел бізге үлкен үміт артады, біз оларды ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз», — деп атап өтті ол.

«Сіздердің арттарыңызда, өкінішке қарай, пандемияға байланысты жарыс кезінде жандарыңызда болып, қолдай алмайтын мыңдаған жанкүйер бар. Олардың қолдауынсыз тек өздеріңізге ғана сенуге мәжбүр боласыздар. Сондықтан ойындарға барынша дайындалу керек. Сіздердің абыроймен өнер көрсетіп, марапаттармен оралуларыңызға тілектеспін», — деді облыс басшысы кездесу соңында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button