Денсаулық

Отандық «QazVac» вакцинасы шықты

Брифинг

22 сәуір күні Қазақстанда жасалған «QazVac» вакцинасы шығарылды. Коронавирусқа қарсы аталған екпе өңірімізге алдағы аптадан бастап жеткізіле бастайды.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев баяндады.

Өкінішке қарай, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал әлі де мәз емес. Облыста соңғы бір тәуліктің ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 226 жағдай тіркелді. Оның 155-інде ауру белгілері байқалса, қалған 71-і — симптомсыз.

— Бүгінде аурушаңдықтың өсу деңгейі — 2,8 пайызды құрап отыр. Биыл наурыз айында қауіпті індетпен ауырған 1054 адам тіркелсе, 1 сәуірден осы күнге дейін 2957 жағдай тіркелді. Осы ретте 22 сәуір күні жаңа Қаулы шыққанын білесіздер. Бұл Қаулыда карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Адам көп жиналатын конференциялар, форумдар мен көрмелер өткізуге, отбасылық іс-шаралар, ұжымдық ауызашарлар ұйымдастыруға, басқа спорттық шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда үй карантиніне 5608  адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Сондай-ақ облыс бойынша мобильді мониторингтік топ өкілдерінің рейдтік шаралары да жалғасуда. Бүгінде анықталған құқықбұзушылықтар үшін 36 миллионнан астам теңге көлемінде 264  айыппұл салынған. Сондай-ақ Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 35 тексеру жүргізіліп, қорытындысында 35 объектіге айыппұл салынған.

— Соңғы тәулікте 11 адам пневмония бойынша тіркелді. Жалпы, пандемия басталғалы 1555 адамға пневмония диагнозы қойылған. Облыс бойынша 83 бала КВИ-мен ауырған. Бүгінде 705 адам инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр. Оның 780-і Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшесінде 51 науқас емделуде, 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Карантиндік стационарларға 22 адам жатқызылды. Қазіргі таңда барлық кереует саны — 3603. Сондай-ақ 2278 резервтік кереует бар. Ақтөбеде коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхана жұмыс істеп тұр, — деді Рүстем Исаев.

Биыл ақпан айынан бастап облысқа «Спутник V» вакцинасының 45 400 дозасы келген. Бүгінде барлығы 37278 адам егілді. Сондай-ақ брифинг барысында Рүстем Исаев 22 сәуір күні отандық «QazVac» вакцинасы шыққанын хабарлады.

— Бұл, әрине, біз үшін қуанышты жаңалық. Вирусқа қарсы екпе Жамбыл облысы Қордай ауданындағы зертхана базасында жасалған. Енді қазақстандықтар осы вакцинаны салдыруды бастайды, — деді ол.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button