Басты жаңалықтарЭкономика

«Ashyq» жобасы: 22 бизнес нысаны іске қосылды

Облыста «Ashyq» жобасына қатысуға 30-ға жуық кәсіпкерлік  субъектісі ниет білдірген,  олардың жиырма екісіне QR-код сәтті берілді.

Айта кетейік, «Ashyq» мобильді қосымшасын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген болатын. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайын қосымшаны бизнес субъектілері үшін шектеусіз карантинде жұмыс істеуге мүмкіндік беру мақсатында пилоттық режимде пайдаланып жатыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова 26 сәуірден бастап «Ashyq» пилоттық жобасы өз жұмысын аяқтап, республиканың барлық өңірлерінде қолданысқа енгізілетінін айтты.

Бүгінгі таңда қызметтің жаңа түрлерін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүріп жатыр. 14 сәуірден бастап «Ashyq» қосымшасына кинотеатрлар мен қоғамдық тамақтану объектілері (банкет залдарын, асхана, фаст-фуд және стрит-фуд сияқты объектілерді қоспағанда), театрлар, филармониялар және ерікті қатысушылар қатысу мүмкіндігін алса,  21 сәуірден бастап жобаға облысаралық және қалалық жүйесіз (туристік) тасымалдар, бильярд клубтары мен концерт залдары қосылатын болады. Ал 5 мамырдан бастап жобаға «жасыл» аймақтағы караоке мен банкет залдары қосылатын болады, — деді Сұлупан Шынтасова.

Қазіргі уақытта «Ashyq» жобасы бойынша тестілік режимде Ақтөбе облысында 22 бизнес нысаны іске қосылды. Облыс орталығында алғашқы болып «Ashyq» жобасы бойынша алғашқы QR-кодты Life Style фитнес-орталығы алған болатын.

Орталыққа кірген кезде, сондай-ақ ресепшенде қосымша туралы ақпарат пен нұсқаулық орналастырылған, сканерлеу үшін QR-код ұсынылады. Мұнда әрбір келушіге ақпарат беріліп, қосымшаны жүктеп алуға, тіркеуден өтуге және QR-кодты сканерлеуге көмек көрсетіледі. Бұл процестер 2-3 минуттан аспайды. Келушілер App Store және Play Market-тен «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі бойынша тіркеліп, ЖСН енгізіп, мекемеге кірер кезде мекеменің QR-кодын сканерлеу керек. Келушіде смартфон болмаған жағдайда немесе  мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қандай да бір қиындықтар туындаса, мекеме қызметкеріне қосымша рөл беріледі, оның көмегімен ол келушінің ЖСН енгізу арқылы кіруін тіркей алады. Келушілер QR-кодын сканерлеу арқылы өзінің мәртебесін анықтай алады. Яғни оның вирус тасымалдаушысы болып табылатындығын немесе табылмайтындығын анықтауға мүмкіндік береді.

— «Ashyq» жобасына қатысушы кәсіпкерлер infokazakhstan.kz сайты арқылы QR -код алу үшін өтінім береді. Ал кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану объектілері мен қосымша білім беру ұйымдары салалық қауымдастық арқылы өтінім береді. QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Жобаның талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жеке кабинетте бір апта бойы оқуға және тестілік режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін код пайда болады. Барлық сұрақтар мен ұсыныстар бойынша кәсіп иелері өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады, — дейді Сұлупан Шынтасова.

Жаңашылдықты енгізуді жеңілдету үшін Telegram мессенджерінде @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі іске қосылғанын да айта кеткен жөн.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес-қоғамдастықпен жұмыс жүргізілуде және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі жасақталып жатыр.

«Ashyq» қосымшасына қатысты барлық сұрақтар бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады. Анықтама телефондары:+7/7132/744-607, 744-608, 744-602, 744-611.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button