Ауыл

«Болашақтың» құты — сиырдың сүті

Мал ұстап, оны көбейтіп бағудан бөлек өнімін келістіріп ұқсату бар. 

Сиыр ұстағанымен ауылдың өзінде бұзауын жиі жамыратып жіберетін келіндер көбейді.

Әрине, таңсәріден тұрып күн сайын сиырдың желініне жабысу қазіргі заманда жалықтырып жіберетін тірлік саналды. Бірақ бәрі бірдей жалығып кетпейді, әрине. Сауын сиырдың сүтіне шыбын қонғызбай қаймағын айырып, май шайқап, ұйытқысы үзілмейтін үйлер бар.

Сөздің шынын айтсақ, сүт өнімдерін дайындау бейнетінен осы күнгілердің көбі қашады. Сондықтан ауылда тұрып сүтті сатып алу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан.

Еселі еңбек екі сиырдан басталды

Ал аудандарда сүт, ет өнімдерін өңдейтін алаңдарды қайтсек көбейтеміз деп жергілікті әкімдер шапқылап жүр. Алайда тұтынушының аздығынан ба, машақаты көп пе, бұл кәсіпке ешкім ұмтыла қоймайды.

Дегенмен бар нәсібін содан айырып отырған «Болашақ» шаруа қожалығына арнайы барып, сиыр сауып, сүт сату, оның өнімдерін жарату қандай пайда мен шығын әкелетінін байқап көрдік.

Буриндер отбасы бүгінде 40-қа тарта сиыр сауады.

Олар бұл кәсіппен 10 жыл бұрын айналыса бастаған. Алғашында олардың екі-ақ сиыры болған. Соның сүті де бастапқыда әжептәуір кіріс көзіне айналған.

Ақтөбе қаласының Мәскеу шағын ауданында тұратын олар бірауыздан жұмылып сүт фермасын ашуды бастапты. Сол үшін қаланың іргесіндегі Сазды ауылынан жер телімін алған. «Болашақ» шаруа қожалығын құрады. Сүт алу үшін алдымен сиырдың санын көбейту керек. Жыл сайын бұзаулағанымен аз ғана сиырдың төлі өсіп-өніп болғанша көп жыл кетеді. Сондықтан Қобыланды Бурин тәуекелге басып, 26 миллион теңге несие алады. Алғашында Қостанай облысынан бұзаулар әкеледі. Оларды бір жыл бағып төлдетеді. Сол кездегі жұмыс пен уақытқа шыдамдылық танытады. Шағын сүт өнімдерін өңдейтін алаңды ашқанша сабырлылықты серік етеді.

Көп ұзамай, 2012 жылдан бастап сиыр сауып, сүтін сатып, алғашқы пайдасын көре бастайды.

Жыл сайын тәжірибе жинаған олар қазір сиырды заманауи үлгіде, арнайы аппараттармен сауады. Шаруашылықтың басына қора-жайлар салып, кейін үй көтеріп алды. Қазір ол жерге бара қалсаңыз, қайнаған еңбекті көресіз. Өйткені Қобыланды бұл іске отбасын түгел жұмылдырған. Әке бастаған істі балалары дамытып, қазіргі уақытқа ыңғайлы етіп жалғастыруда. Ұлдары Ерназар мен Ерсайын Ақтөбе қаласында тұрғанымен, таң атпастан шаруашылықтың басынан табылады. Олар қара жұмыстан қашпайды. Малды жайғайтын жұмысшы да, тракторшы да өздері. Тек сиыр саууға 5 адамды жұмысқа алған. Оларға күніне 6 мың теңгеге дейін төлейді. Сиырлар күн сайын екі рет сауылып, 400 литр сүт алады. Оны сепараторға салып тартады. Қаймағын арнайы қалбырларға салып, мұздатқышқа жинайды. Мұнан басқа құрт, сүзбе, ірімшік, айран дайындап, сатылымға шығарады.

Қазіргі таңда шаруашылықтың басшысы — Ерсайын Бурин. Қобыланды шаруаның тізгінін қос ұлына ұстатқан. Өзі қысы-жазы сол қожалықтың басында ақылшы әрі бақылаушы.

Сүттен дайындалған өнімдерді Ақтөбе қаласындағы үйге апарады. Тұтынушылар сол жерден алып кетеді. Ол үшін бірер күн тапсырыс бересіз. Арнайы WhatsАpp желісі арқылы тұтынушылар тобына тіркеліп, керекті тағамның мөлшерін сол жерге жазады.

Ерсайынның айтуынша, сары май дайындауға үлгермейді екен. Себебі қаймаққа сұраныс өте көп. Күніне он шақты адам тапсырыс беріп жатады.

Ерсайын әр ісін инстаграм парақшасына салып отырады. Бұл клиенттер үшін өздері тұтынатын өнімдер жайлы толық ақпарат алуға қолайлы. Әрі тәжірибесі мен жоспарларын бөліседі.

Қалай болғанда да, тұтынушысын тез таппаса, сүтті ұзақ ұстап тұра алмайды. Сондықтан да кәсіптің бұл түрі қарбаласқа толы. Мұндайға үйренген Ерсайын табыс оңай жолмен келмейтінін айтады. Көп бейнеттенсең, сонша пайда көресің.

Бір қуанарлығы, «Болашақ» шаруа қожалығы сиыр сауып қана қоймай, кәсіптің бірнеше бағытын тауыпты.

Жылқы ұстайды. Қазы мен тауығы азайған емес.

Оған қоса жылыжай салып алған. Қияр мен қызанақтан өзге де көкөністерді де отырғызбақ.

Жасыл желекті жайқалтып…

Ізденімпаз Ерсайын шаруашылықты көркейтуді қолға алған. Малымен қоса, тал өсіруді бастапты. Шаруашылықтың айналасынан желектер бой көтеріп, өсіп келеді.

Алғаш келгенде ескі жазғы үйден басқа ештеңе болған жоқ. Кейін құрылыстар жүрді. Үй салдық.  Ауылдың сыртында болғандықтан қыста қар басып қалатын. Сол қарды ұстау үшін тал ектік. Қазір тамыр алып кетті. Одан басқа жеміс ағаштарын, жас теректерді отырғызамын. Бұл да қосымша табыс. Жергілікті әкімшілік, балабақшалар, мектептер  жас талдарды сатып алып, ауласына отырғызады. Ақтөбе қаласындағы мекемелерден де тапсырыс түседі. Бұдан былай талдарды көбейте беремін. Оның саясын өзіміз де көрмекпіз. Қыста ық, жазда көлеңке. Әрі талы бар жер әдемі боп көрінеді, — дейді «Болашақ» шаруа қожалығының басшысы Ерсайын Бурин.

Шаруа қожалығындағы үйінің қасын баққа айналдырған ол балаларына ойын алаңын жасап беріпті. Алдағы уақытта бассейн салмақ.

Шаруа қожалығының қыз-қыз қайнаған тіршілігі бұрынғы кеңес заманындағы сиыр фермасын еске түсіреді. Оған қоса жылыжай, жайқалған бақ…

Ерсайынның ертеңгі мақсаттары

Бірнеше шаруаның қыбын тауып жүрген 35 жастағы Ерсайынның ойы идеяға толы. Оның ойы — қалаға сүтті мұздатқышы бар көлікпен апару. Күнде таңертең көп қабатты үйлердің ауласына барса, тұрғындар да бұған үйреніседі. Алайда оның да реті бар. Күнде бір ауданға бара беруге болмайды. Әр күн сайын қаланың басқа жерлеріне ауысып отыру керек. Өйткені бір апарған жеріңе сүтті ертесіне қайта апарсаң өтпейді. Тұтынушылар сүт пен оның өнімін бірнеше күн пайдаланады. Сондықтан қаланың кез келген жеріне бара беретін жылжымалы сүт өнімдерінің дүкені болғаны тиімді. Бірақ оған біраз қаражат керек. Ерсайын мұны басты мақсаттарының біріне қойып отыр.

Еңбекқор азаматтың тағы бір көздегені —  мал тезегінен метан газын алмақ. Бұрын тәжірибе жасап көріпті. Ол үшін бес тонналық бөшкеге сиырдың тезегін салып отырады. Аузы жабық бөшкеде малдың қиы метан газын бөледі екен. Соны арнайы сорғыш қондырғылар арқылы қажетке жаратуға болады. Жалпы, өңірімізде мұндай жолмен газ алып, пайдалану тәжірибеде бар. Ерсайын сол биогазы арқылы жылыжайды жылытпақ. Өзінің айтуынша, олай жасауға әбден болады. Алайда бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Дегенмен бұл істі аяқсыз қалдырмаймын деп отыр. Әзірге бұл шаруа кезегін күте тұрмақ. Одан басқа да жоспарлары көп-ақ. Демек, «Болашақтың» болашағы әлі алда. Себебі бейнет көп демей, отбасының отанасынан бастап қызы, келіндері осы шаруаның басы-қасында жүр. Ал ері бастап, әйелі қостаған істің қай кезде де берекесі болатыны айдан анық. Сиыр сауып, сыбағасын ағарғаннан айырып отырған отбасылық кәсіптің қайнар көзі бірлікте жатыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button